Basty bet

Ата жолын жалғастырған азамат

Кеңес Одағы тұсында, одан кейінгі тәуелсіздік жылдарында ауданның дамып, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлерінің бірі, өзбек ұлтының өкілі Шәкіржан Мамаджановты аудан халқы жақсы таниды десек, артық айтпаймыз. Оның бір себебін айтсақ, Шәкіржан ағаның бабасы Мамаджан Маткаримов ауданға белгілі азамат болған екен. Мамаджан ата әйгілі «Түркісіб» теміржолының Жуалы ауданының аумағынан өтетін бөлігін салуға басшылық жасаған кісілердің бірі болған. Теміржолдың салынуына жергілікті халықты ұйымдастырған екен. Шәкіржанның өз әкесі Хаджи Мамаджановтың да негізгі мамандығы теміржолшы болған. Ол өмірінің елеулі бөлігін теміржол саласына арнаған.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, шаруа отбасында туып-өскен Шәкіржан аға да жастайынан еңбекке жақын болып өсті. Үлкен отбасының отағасы болған Хаджи Мамаджанұлы аудандағы теміржол бекетінде станция бастығы, одан кейін билет кассасында аға кассир болып істесе, отанасы Мұхлиса апай аудан мекемелерінде әртүрлі жұмыстар істеген екен. Осындай еңбекқор жанұяда тәрбиеленген Шәкіржанның да еңбекқор болуы заңды құбылыс сияқты.
-Менің бабам Мамаджан Маткаримовты аудандағы үлкен кісілердің көбісі таниды. Бабам 1917 жылы Әулиеата өңірінен (қазіргі Тараз қаласының маңынан) осында біржолата көшіп келген екен. Мұнда келуінің бірден бір себебі болған нәрсе, Жуалының табиғаты, жұпар ауасының, топырағының қасиеттілігі. Бабам жас кезінде Әулиеатадан шыққан керуенмен бірге қазіргі Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына мал айдайтын болған. Сонда керуен Жуалы жерімен өткенде, бабам Жуалының жері мен суына қызығып, осы жерге қоныс аударуды ұйғарған екен. Міне, біздің әулетіміз содан бері қасиетті Жуалы жерін құтты қоныс етіп келеді.
Бір айта кетерлігі, бабам Мамаджан ақсақал ауыл-аймаққа белгілі, беделді кісі болған. Теміржол құрылысының салынуының басында болған кісі. Жұмысшылардың өз үйіне әкеліп жатқызған. Бір қызығы, даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз Бауыржан Момышұлы жастау кезінде аудан орталығында райкомда жұмыс істеген тұста менің бабамның үйінде жүрген екен. Біз оны әрқашан айтып жүреміз әрі десе мақтан тұтамыз. Бұған жергілікті жерден шыққан жазушылар Амангелді Ормантай, Талғат Айтбайұлының кітаптарында деректер жеткілікті,- дейді 72 жастағы еңбек ардагері Шәкіржан Хаджиұлы.
Шәкіржан аға аудан орталығында орта білім алған соң, автомектепті жүргізуші мамандығы бойынша бітіреді. 1966 жылы №8 автобазаға жүргізуші болып жұмысқа қабылданады. Келер жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын Түркіменстанның Казанжик қаласында өтейді. 1969 жылы аудандағы автобус паркінде жұмысын қайта жалғастырады. Онда Жамбыл, Қаратау, Жаңатас қалалары бағытына, одан бөлек, ауданға қарасты ауылдарға автобустарды жүргізіп, жолаушы тасымалының сапалы атқаруылуына өз үлесін қосады.
-Білімімді көтеру мақсатында Шымкент облысындағы техникумды техник-механик мамандығы бойынша бітірдім. Одан кейін өзім жұмыс істейтін автобус паркінде гараж меңгерушісі, сонымен қатар, партия қатарына қабылданып, мекемедегі партия ұйымының хатшылығында ұйымдастырушы болып жұмыс істедім. Иә, ол кезде жұмыстың сапасына көп мән берілетін. Автобус паркінде 30 жылдан аса жұмыс істеген кезімде суретім еңбек озаттарының Құрмет тақтасында тұратын. 30 жылдық еңбек өтілімнің тең жартысында басшылық лауазымдарда болдым. Мекемеде көп кісілермен тіл табысып, ұйымшылдықпен жұмыс жасадық. Көзі тірі әріптестеріммен әлі күнге дейін сыйласып тұрамыз. Содан Кеңес Одағы ыдыраған тұста көп қиыншылықтар болғаны белгілі. Оны біз ел болып еңсере білдік. 1998 жылы аудандық электр желілерін тарату мекемесіне жұмысқа ауысып, онда механик, жүргізуші болып жұмыс жасап, осы мекемеден зейнет демалысына шықтым,- дейді Шәкіржан аға.
Хаджи мен Мұхлиса Мамаджановтар сегіз бала тәрбиелеген отбасы болған. Қазіргі таңда оның алтауы тірі. Барлығы да өз мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр. Шәкіржан бұл отбасының екінші ұлы. Жергілікті қазақ халқының ортасында туып-өскен Шәкіржан аға кейде әзілдеп: «Мен де қазақпын» деп қояды. Бұлай деп айтуға оның қазақ тілін жетік білетінінің де әсері бар сияқты. Шәкіржанның Құдай қосқан жары, марқұм Рабиға Самұратова қазақ қызы болған. Ағаның айтуынша, Рабиға апай Қостанай облысы қазіргі Жітіқара ауданының тумасы екен. Екеуі отбасын құрып, Фархат, Фахриддин есімді азаматтарды тәрбиелеп, өсірді. Қазіргі таңда бұл отбасының екі ұлы да Алматы қаласында ІТ саласында жемісті еңбек етіп жүр. Шәкіржан ағаның кіші ұлы Фахридин мен келіні Жаннаның отбасында Данелия есімді немересі желкілдеп өсіп келеді. Бұл да болса көңілге медеу, дәтке қуат.
Жалпы Мамаджановтар әулеті жергілікті қазақтармен сыйласып, жақын араласқан. Оны бізбен әңгімелесу барысында Шәкіржан аға таратып айтып берді.
– Әлі есімде. Біздің бұрынғы үйіміз аудан орталығындағы қазіргі базар тұрған аймақта болатын. Біз Бейсенбек Сафиновтар және Мамыралы Күзембаевтардың әулетімен көрші тұрдық. Ұлы Отан соғысының ардагері Бейсенбек атаның әйелі Зебі апамыз да өзбек ұлтының өкілі болатын. Бейсенбек атаның әкесі Сопын ақсақалды да көрдік. Өніп-өскен үлкен әулет болатын. Қазір де ұл-қыздары өркен жайып отыр. Міне, қазақ пен өзбек ұлттарының арасындағы достық пен сыйластықтың тамыры тереңде жатыр. Екі халықтың жақын араласуы тіпті, бір-бірлерінен қыз алысып, қыз берісу дәстүріне жалғасты. Дархан пейілді қазақ халқы бізге бауыр. Біз бөлінген емеспіз. Елде қалыптасып отырған мынадай қиын жағдайда бірлігіміздің бұдан да арта түсетініне сенімдімін,- дейді Шәкең ағынан жарылып.
Міне, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен сыйластықтың орнауына сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбек ардагері Шәкіржан Мамаджановтың азаматтық келбеті осындай. Ардагер азаматтың бірқатар мерекелік медальдармен, Құрмет грамоталары мен Алғысхаттармен марапатталғанын да айта кеткен жөн. Бұл да оның ауданға сіңірген еңбегіне жасалған құрмет. Ата-баба жолын жалғастырған азамат біздің кейіпкеріміз Шәкеңдей-ақ болар…
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close