Basty bet

Қоғамдық тәртіп- басты назарда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен коронавирустық пандемияның таралуы мен өршуінің алдын алу мақсатында еліміздің бүкіл аумағында жарияланған төтенше жағдай режімі 2020 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы төтенше жағдай режім талаптарын бұзғаны үшін жазаны барынша күшейтуді тапсырды.

Облыстың бас санитариялық дәрігерінің №14 қаулысымен өңірде кешкі сағат 20.00-де барлық дүкендер мен дәріханалардың жұмысы тоқтатылып, адамдар мен көліктердің қозғалысына шектеу енгізілгені белгілі. Осы ретте аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері төтенше жағдай режімін бұзуды анықтау жұмыстарын жалғастыруда.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаевтың айтуынша, бүгінде аудан аумағында құрылған екі санитариялық бекетте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында төрт қызмет автокөлігі мен 12 полиция қызметкері бекітілген. Сонымен қатар, адамдар көп шоғырланатын «Халық банкі» АҚ және «Қазпочта» АҚ аудандық бөлімшелерінің ғимараттарында азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында алты полиция қызметкері бөлінген. Ал түнгі мезгілде ауданда төтенше жағдай режімін екі қызметтік патруль қадағалауда.
– ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 476-бабында төтенше жағдай режімін бұзу 10 АЕК дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамау түрінде әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатыны көрсетілген. Ауданда төтенше жағдай режімі енгізілгелі бері төтенше жағдай режімін бұзған 16 тұлға аудандық соттың шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 14 адамға әкімшілік айыппұл салынса, екі азамат әкімшілік қамауға алынған.
Аудандық полиция бөлімі аудан тұрғындарын қолданылып жатқан шараларға түсіністікпен қарауды сұрайды. Осы іс-шаралардың барлығы инфекцияны таратпаудың алдын алу мақсатында өткізіледі. Қауіпсіздік шараларын сақтауды, жеке қорғаныс құралдарын (медициналық бетперделер мен медициналық қолғаптар) киіп жүруді, аса қажет болмаса далаға шықпауды сұраймыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз,- дейді АПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаев.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close