Basty bet

Мен бүгін атамды ойлап толғанамын…

Райыс Дүйсебайұлының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі зор

20 миллионға жуық адамның өмірін жалмап, әлемнің жартысын қиратқан екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биылғы жылы 75 жыл толып отыр. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай майдангер атамыз туралы ой тербегіміз келеді. Сол сұрапыл соғыс ардагерлерінің қатарында Райыс Дүйсебайұлының есімі бүгінде өзінің туған кіші Отаны Жуалы ауданындағы Ынтымақ ауылындағы мемориалдық ескерткіште, Тараз қаласындағы «Ерлік» аталатын мемориалдық ескерткіште тасқа қашалған алтын әріптермен арай шашып тұр.
Райыс Дүйсебайұлы екі бірдей соғыстың ардагері болған кісі еді. Оның біріншісі – ақ гвардияшылардың соңғы бандалық күштерін талқандаған Азамат соғысының аяққы кезі; екіншісі – Ұлы Отан соғысы. «Қызыл Жұлдыз», «Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орден-медальдарымен, «Панфиловшы-гвардияшылар ардагері» төсбелгісі, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 және 40 жыл!» мерекелік медальдары, «Еңбек ардагері» төсбелгісі, «ДОСАФ үздігіне берілетін Сталин грамотасы», т.б. наградалары бар.

Атамыз Райыс Дүйсебайұлы Дүйсебев 1906 жылы қазіргі Жуалы ауданына қарасты Ынтымақ деп аталатын ауылда туған. Әкесі Дүйсебай сол кездегі «бай Жұман» атанып кеткен Жұман деген дәулетті кісінің баласы екен. Жұман тұтас бір әулеттің ұйытқысы, асыраушысы, қамқоры болған. Жарлы-жақыбай ағайынға қолы ашық, қайырымы мол, жылқылы бай екен. Дүйсебайдың өзі балуан күресінде жауырыны жерге тимеген жігіт ағасы шағында көкпар додасында аты мертігіп, өзі қайтыс боп кетеді. Анасы Дәнен әжей де сүйекті, ірі кісі болса керек. Шаруаны дөңгелетіп ұстап, балаларды жеткізеді. Ұлы Райысты біраз жылдар Билікөлдегі төркіні, ағасы Жүніс молданың қолына беріп, сауаттандырады. Жүніс жарықтық парасатты, данагөй, білімді, мейір-шапағатты кісі болса керек. Райысты ол кездерде Қаратаудың батыс беткейіндегі қойнауларда отыратын анасына жіберіп тұрады екен. Оқуға қайта асығатын Райыс 1921-22 жылдары нағашысына кетіп бара жатып, қасқыр қуғынына түсіп қалады. 15-16 дағы бозбаланың мінгені атасының жарамды жүйріктерінің бірі болса керек, тау ішінде соңына түскен қасқырға жеткізбей шабады. Қолда қару жоқ. Райыс үзеңгінің біреуін шешіп алып, ат құйрығына жармасып үлгерген қасқырды қарақұстан соғып, қайта ұзайды. Осында-осындай оқиғалардың ортасында жүріп, ер жеткен Райыс 23 жасында 1929 жылы әскерге алынады.
Ол кездегі тарихты еске түсірсек, Райыстың әскерге алынуы түсініктірек болады. 1917 жылы орнаған Кеңес өкіметі 1918-1922 жылдарда кескілескен Азамат соғысына душар болып, жеңгенімен, жау қалдықтары зиянкесітігін жалғастыра береді. Солардың бірі қолбасшы Колчак әскерінің қаруланған қалдықтары Шығыс Сібірде Маньчжурия жоталарында, Қытаймен шекаралас аудандарда, Красноярск өлкесінде ары-бері өтіп жүріп ұстатпай, Сібірдегі шаруашылықтарға шабуылдап, маза бермейді. Оларды жоюға жіберген әскер қыратты жерде атпен жүруге шорқақ болып, ештеңе істей алмайды. Содан 1929 жылы атқа мықты отыратын қазақ жастарынан Бірінші Қазақ кавалериялық полкі құрылып, Сібірге аттандырылады, Ол кезде Жуалы жері Оңтүстік Қазақстанға, Түскістан-Сырдария губерниясына қараған. Райыс ата Сайрамға шақырылып, сол кавалерия полкі құрамында Сібірге кете барады. Жау жұрнақтарымен айқас үш жылға созылып, 1932 жылы полк жеңіспен Алматыға оралады.
Кейінде еске алып, Райыс ата ол үш жылдық шайқастардың ауыр болғанын айтып отыратын. Әдісқой, кәнігі жау өлген-тірілгеніне қарамай қарсылық көрсетіп бағады. Кілең ат құлағында ойнайтын қазақ жігіттері ат шабысында озық болғанмен, қылыштасуды бірте-бірте меңгереді. Алғашқы жылы көп жігіттер жау қылышынан мерт болады. Бұйрықтың аты – бұйрық, жауды толық жою керек. Жан қысылғанда бәрін де үйренуге болады екен. Қазақ сарбаздары тіптен аттың басын қоя беріп, қос қылышпен қылыштасуды да меңгерді. Атты тақыммен басқара білетін қазақ жігіттері қос қылышпен жау додаларын жарып талқандап, әдіс басымдығына жетеді.
Абыройлы жеңіспен оралған полк елге келген соң да таратылмай, 1932-33 жылдары Алматыда тұрады. Бұл елдегі етек алған ашаршылықтың шегіне жеткен кезі еді. Полк сарбаздары күн сайын көшелерді аштан құлап өлгендерден тазарту жұмысына жегіледі. Осы тұста Райыс қазіргі Алматы педагогикалық университетінде, ол кезде 2 жылдық мұғалімдер даярлайтын рабфакта оқитын Нәбия Нығметқызы есімді арумен танысып, әскерден босаған соң, қыз ақылымен рабфакта оқып алып, екеуі үйленіп, содан соң қол ұстасып елге қайтады.
Бұл 1934-ші жыл еді. Ол кезде мұғалімдік өте беделді, өте қадірлі қызмет. Қол ұстасқан жас мұғалімдер алдымен Жуалыдағы Қошқарата өңірінде мектепте сабақ береді. Одан соң Шәуілдірге ауыстырылады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, Райыс ата дайындықтан өткен әскери адам ретінде бірден майданға алынып, 1941 жылғы Мәскеуді қорғаған генерал Панфилов дивизиясына қарайтын полк құрамында соғысқа кіреді. Мәскеу түбіне 1941 жылдың қарашасында Талғар полкі келіп, көрші болады. Талғар полкі құрамында Бауыржан Момышұлы басқарған батальон болды. Таудан-тастан беті қайтпай келе жатқан фашистер Мәскеуге апаратын күре жол Волоколамскіде қазақстандықтардан және қырғызстандықтардан құралған тосқауылдан өте алмай, беті қайтқаны белгілі.
Байырғы әскери кадр ретінде, қару-жарақтарды меңгерген тәжірибелі сарбаз ретінде, сондай-ақ, бойы биік, алып күшті, қайратты жауынгер ретінде Райыс ата Мәскеу түбіндегі шайқастар қарсаңында полк барлаушысы болады. Жаудың амал-әрекет бағыттарын біліп келу, «тіл» алып келу сияқты аса жауапты тапсырмаларда жүріп, шыңдалады.
Содан жауды түре қуып, соңына түсіп, Смоленск майданында Старая Русь, Соколовск қалаларын азат етіп, Руза елді мекеніндегі ұрыста Райыс ауыр жараланады. Бұл 1942 жылдың қаңтары болатын. Госпитальде біраз ес жиып емделіп, гангрена болған бір аяқты кесіп тастауға шешім болған күні соғыстарда шыңдалған, рухы мойымайтын, полк барлаушысы болып, жағдайды тез аңғарып, дұрыс шешім қабылдауға үйренген сарбаз Райыс өте ауыр жаралыларды күн сайын түскі бесінде алып кететін машинаның жүргізушісіне өзіне тиесілі махорканы беріп, жаралылардың астында жасырынып жатып, келесі госпитальға қашып жетеді. Онда аяғын кеспей, тылға, елге қайтару керек деген шешім алып, 1942 жылы көктемде Жуалыға оралады.
Бір аяқты мойынға асып, балдаққа сүйеніп, жалғыз аяқпен секектеп жүріп, ер адамсыз қалған шаруашылықтың басқару жұмыстарында, ал жары Нәбия есепші болып, «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен тыл еңбегіне араласады. Жауды жеңіп, соғыс бітіп, ерлер елге орала бастап, Райыс пен Нәбия енді ұстаздық жұмысын жалғасырып, ол кезде Бурное деп аталатын елді мекендегі қазақ мектебінде мұғалім болады. 1947 жылы Талапты ауылындағы жетіжылдық мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып ауыстырылып, онда екеуі 1952 жылға дейін бала оқытады: Райыс ата тарих пен география, Нәбия әжей қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді. Содан 1952 жылы туған ауылы Ынтымаққа қоныс аударып, туған жердегі қазір Шақпақата деп аталатын ауылдағы (Кременевка) орта мектепте құрметті зейнетке шыққанша ұстаздықпен айналысады.
Райыс ата мен Нәбия әжей аудандағы алғашқы қазақ мұғалімдері болды. Ұстаздық мәртебеге, азаматтық ар-ұжданға кір келтірмей өмір сүрген атамыз 1992 жылы, әжей 2008 жылы ер жеткізіп ел қатарына қосқан ұрпақтарының алдында, немере-шөберелерінің қолдарынан май жалап, еліне сыйлы күйде қадір-қасиетімен ақтық сапарға аттанды.
Қадірлі атамыздың домбыра шертіп, гармонь тартып әдемі жағымды дауыс қосып ән салатын, жан баласына сен жамансың деп айтып, бет жыртыспайтын көркем мінезімен тарихшылық-шежірешілік әңгімелерімен ұрпақтар есінде мәңгі өнеге болып сақталады.
Майдангердің ұлдары
және немере-шөберелері

Таңдаулы материалдар

Close