Basty bet

ҚазҰУ – мүмкіндіктер мекені

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – әлемдік аренада Қазақстанды лайықты танытатын елдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Соңғы жылдары көптеген халықаралық ұйымдар университетке жоғары рейтинг берді. Атап айтқанда, «Academic Ranking of World Universities-European Standard» («ARES») беделді еуропалық рейтингінің зерттеу деректері бойынша «АА» көрсеткіші берілді, нәтижесінде университет еуропалық университеттердің қатарында тұр және қазақстандық жоғары оқу орындарының бір бөлігінен әлдеқайда алда келеді.

QS тәуелсіз бағалау нәтижесі бойынша ҚазҰУ Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның үздік 20 жоғары оқу орнының қатарына кіреді. 2019 жылы ҚазҰУ түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша QS рейтингісінде 207-ші орын алды. Университет жұмыс берушілермен өзара жақсы іскерлік қарым-қатынаста, соның арқасында ЖОО-ның көптеген түлектері елдегі және одан тыс жерлердегі үздік компанияларға табысты жұмысқа орналасуда.
ҚазҰУ-дың білім беру инновациялары республика және жалпы аймақтың білім беру жүйесінің даму трендтерін анықтайды. Университет түлектері еліміздің интеллектуалдық және басқару элитасын толықтырып, ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, сонымен қатар, Қазақстанның алдағы жылдарға дамуын айқындайтын негізгі посттарда қызмет жасауда.
Мұндай нәтижелерге қол жеткізу ҚазҰУ-дың ерекшелігімен байланысты, яғни университеттің білім алушыларының кәсіби өсуіне ғана емес, оның адамгершілік тәрбиесіне де үлкен көңіл бөлу болып табылады.
Жалпы оқу орны туралы айтатын болсақ, университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ, 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 47 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Университет қабырғасында 25 мыңнан астам білімгер мен магистрант білім алуда және олардың әрқайсысы ең ірі 418 халықаралық жоғарғы оқу орнымен орнатылған ынтымақтастық аясында мұхит пен ел асып, шет елдерге шыға алады.
Сондай-ақ, ҚазҰУ – мемлекеттік білім беру тапсырысының (оқуға арналған гранттардың) саны бойынша көшбасшы. Университетте мемлекеттік білім гранттарына қосымша жыл сайын ректордың гранттары беріледі. Сонымен қатар, ҚазҰУ-да ақылы оқу жеңілдіктері мен жеңілдіктерінің икемді жүйесі бар.
Ғұлама ойшыл «Әлемнің екінші ұстазы» атанған әл-Фарабидің биыл 1150 жылдығы ресми түрде бастау алды. ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өнер адамдарымен кездесіп, ғұлама ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы аясында өтетін іс-шаралардың басталғанын мәлімдеген болатын. Осыған орай университетте ТМД, алыс-жақын шетел және еліміздің 10-11 сынып оқушылары арасында халықаралық әл-Фараби» олимпиадасы өтті. Дәстүрлі «Фараби әлемі» атты халықаралық конференциясы өткізілді. 29 қаңтардан бастап факультеттерде дөңгелек үстел, іс-шаралар ұйымдастырылды.
Білім – еркіндіктің алтын қақпасын ашудың кілті. Осы тұрғыда ҚазҰУ-да сапалы білім алуға және өз ісінің шебері болуға бірегей мүмкіндік берілген.

Айжан Асилова,
экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Балнұр Ақылтай,
Экономика және бизнес жоғары мектебінің 4 курс студенті.
Әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университеті

Таңдаулы материалдар

Close