Basty bet

Газ бен ауыз судың төлемақысы онлайн жүргізіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған төтенше жағдайдың талаптарын қамтамасыз ету мақсатындағы шараларды жүзеге асыру міндеті бәріміз үшін маңызды. Өйткені, коронавирусқа байланысты ел аумағында, дәлірек айтқанда, аудандарда, ауылдық округтерде тұрғындардың бейсауат жүріп-тұруына, ауылдар арасындағы көлік қозғалысына, сонымен қатар, облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көліктердің қозғалысына уақытша шектеулер қойылғаны белгілі. Бұл ең алдымен аты жаман індеттен сау болуымыздың, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан шаралар.

Төтенше жағдай уақтысында тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсетіп жатқан мекемелердің жұмысшылары да қашықтықтан жұмыс жасап, қызмет көрсетуге көшірілгені белгілі. Біз ең алдымен аудандағы «Жуалы газ шаруашылығы» мекемесінің басшылығына хабарластық. Мекеменің инженері Айбек Сүлеймановтың айтуынша, «Жуалы газ шаруашылығы» мекемесі ауданда барлығы сегіз мыңнан астам абонентке қызмет көрсетіп отырған көрінеді.
-Біздің жұмысшылар негізінен, тұрғындарға газ жеткізу жұмысымен, эксплутация жұмыстарымен айналысады. Шектеу шараларына байланысты мекеме жұмысшылары қашықтықтан жұмыс істеуге толықтай көшірілді. Барлығы 21 қызметкер бес бағытқа бөлініп, жұмыс істеу үстінде. Күн сайын таңертең Whatsapp желісі арқылы тапсырмаларын алып, өздеріне тиесілі аумақтарда газ құбырларын, сонымен бірге, шкафтық газ қысымын реттеу пункттерінің жұмысын қадағалап отырады. Қазір слесарьлар бір-бірден жұмыс жасауда. Бұл да қауіпсіздік үшін жасалып отыр. Одан бөлек, апаттық-диспетчерлік газ қызметінде де бір-бірдін диспетчер, слесарь, көлік жүргізуші тәулік бойы жұмыс жасауда. Ел аумағында төтенше жағдай жарияланғалы бері абоненттерге газ жеткізу жұмыстарында ешқандай олқылықтар орын алған жоқ,- дейді Айбек Жақсыбайұлы.
Абоненттерге табиғи газды өткеру және төлем жүргізу жұмысының барысы туралы «ИЦ Тараз» ЖШС-на қарасты «Жуалы газ учаскесінің» операторы Элмира Шымыроваға хабарласқан едік. -Біздің мекеме аудан бойынша 8000 абонентке қызмет көрсетіп отыр. Шектеу шараларына байланысты төлем жүргізу үшін абоненттерге мекемеге келуге уақытша шектеу қойылды. Осыған қарамастан, абоненттер тұтынған газ үшін төлем жүргізулері керек. Төлемді онлайн жүргізуге болады. Атап айтқанда, «kaspi.kz» сайтынан, «Халық банкінің» аудандағы бөлімшесінің төлем терминалдары арқылы төлеуге мүмкіндіктер қарастырылған. Бұрын абоненттердің дені тұтынылған газға төлемақыны мекеменің кассасына келіп төлейтін. Қазір олай емес. Осы ретте шектеуге байланысты төлемақы жүргізу процесі баяу жүруде. Қарыздар көбейіп келеді. Төлемді онлайн жүргізу абоненттердің қауіпсіздігі үшін жасалуда,- дейді Элмира Кенжеқұлқызы.
Келесі кезекте Жуалы ауданы әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің «Жуалы-Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК «Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және су бұру» қызметі бойынша ауданның 13 елді мекендеріндегі 4944 тұтынушыға су жеткізіп беріп, барлығы 24077 адамды ауыз сумен тоқтаусыз қамтып отырғанын да айта кеткен жөн.
Мекеменің ресми мәліметінше, штаттық кестеге сай 64 адам, келісім-шартқа сай штаттық кестеден тыс төрт адам, келісімшартқа сай аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 11 адам жұмыс атқаруда.
-Елді мекендердегі жалпы ұзындығы 152,45 шақырымды құрайтын орталық ауыз су жүйесін күтіп-баптау, орын алған ақауларды қалпына келтіру, су тарту нысандарында істен шыққан жерасты суын тартатын су сорғыларын ауыстыру жұмыстары, сонымен бірге, аудан орталығындағы жалпы ұзындығы бес шақырымды құрайтын шайынды суларды алып кететін кәріз жүйелерінде бақылау, күтіп-баптау, құдықтарды шайынды, ағын сулардан тазарту жұмыстары тоқтаусыз атқарылуда.
Тұрғындар пайдаланған қызметтерге арнайы түбіртектерге онлайн режімде терминалдар арқылы, ұялы телефондағы қосымшаларға сай төлем төлей алады.
Бүгінгі таңда кәсіпорында арнайы жер қазатын екі дана жүк тиегіш-экскаватор, «МТЗ-82-1» тракторы, автопанипулятор-кран, АСС-машина, базасында САГ агрегатымен «Т-40» тракторы, жүк таситын «УАЗ» автокөлігі, қызметтік екі дана «НИВА» автокөлігі қызмет атқаруда.
Елімізде енгізілген Төтенше жағдайға байланысты кәсіпорын қызметкерлерінің денсаулығына зиян келмейтіндей өзін-өзі сақтау, жеке гигиеналық қорғану арнайы іс-шаралары атқарылуда,- дейді мекеме басшысы Қуанышбек Болысбаев.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close