Basty bet

Ер есімі – ел есінде

Ұлы Отан соғысының ардагері Төлбасы Есмұрзаев 1922 жылы Кеңес ауылында дүниеге келген. Атам Есмұрза ауылда шопан болып, мал шаруашылығына ден қойған. Ал, әжем Әсем бала тәрбиесіндегі қарапайым жан болған. Осындай қарапайым отбасында тәрбиеленген әкем 1940 жылы ауылда кітапханашы болып жұмыс істеген. Жас буын ретінде ауылда енді еңбекке араласып жүрген уақытында суыт хабар келіп, сұрпал соғыс басталады. Ол кезде ауылдағы ер азаматтарды әскер қатарына алып, майданға аттанып жатады. Әкем де сондай азаматтардың қатарына қосылып, 1942 жылы Сайрам ауданынан майданға аттанады.

Майданда қатардағы атқыш-жауынгер болып, қан майдандағы соғысқа кіреді. Әкем Сергопольда үш ай шайқасқа қатысады. 140-шы танктер бригадасында, Ржев-Курск түбінде, Калинин майданында соғысады.
Майданда бірінші рет жараланғанда госпитальда 5 ай емделіп, әскер қатарына қайта қосылады. 1944 жылы иығынан ауыр жарақат алып, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралады.
Соғыстан кейін Кеңес колхозының қойын бағып, мал шаруашылығының дамуына үлесін қосады. Жеті жыл қой баққан әкем «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Одан кейін ауылда пошташы болып, кейіннен қаруыл болып жұмыс істейді. Жалпы көзі тірісінде 15 орден-медальмен марапатталған.
Бір өкініштісі, әкемнен сол кезде майдандандағы естеліктерін бала көңілмен сұрай алмаппыз. Әкем де сол бір қиын кезде есіне алғысы келмеді ме, бізге майдандағы ерліктері жайлы әңгімелеп бермепті. Алайда біз әкемнің сондай өзіндік мінез, болмысымен соғыстағы ерлігін мақтан етеміз. Майдангер әкемнің еліміздің бейбіт өмірі үшін соғысқанын ешқашан ұмытпаймыз. Себебі, ерлік те, ер де ешқашан ұмытылмайды. Оның артынан ерген ұрпақтары бар да есімі мәңгі жадымызда сақталады.
Майдангер әкем 2010 жылы 89 жасында о дүниелік болды. Әкемнен төрт қыз, бір ұл тараған. Алайда Алланың қалауымен ұлы ерте қайтыс болды. Бауырымыздың түтінін өшірмей, әкем келіні Сапаркүлдің қолында тұрды. Әкемнен тараған ұл-қыздарынан 21 немере, 56 шөбере өсіп-өніп отырған жайы бар.

Сағаткүл Есмұрзаева.
Көлбастау ауылы

Таңдаулы материалдар

Close