Basty bet
Аудан басшысы онлайн-сұхбат берді
22 сәуір күні сағат 12.00-де аудан әкімі Нарбай Ергебеков «Жуалы ауданы әкімдігі» facebook әлеуметтік желісі арқылы онлайн-сұхбат өткізді. Аудан басшысының онлайн-сұхбат өткізудегі мақсаты – аудан тұрғындарын ауданда төтенше жағдайға байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру және халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап беру.
Сұхбат спикерлері аудан басшысымен бірге аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Дархан Нұралиев пен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Марат Искаков.
Спикерлер тұрғындарды аудандағы жалпы жағдаймен таныстырып өтті.
Тікелей эфирдің көрілімі 2600 болды. Тікелей эфир барысында 66 сауал қойылды. Көрермен тарапынан қойылған сұрақтар негізінен жұмысынан айырылған жандарға берілетін 42 500 теңге және тиісті санаттағы жандарға коммуналдық төлем үшін берілетін 15 000 теңге, дүкендердегі азық-түліктің бағасының тұрақсыздығы, антисептикалық құралдар мен медициналық бетперделердің бағасы, шаруалардың блок-бекеттерден өтуі жайында және «төтенше жағдай кезінде ауызашар мәселесі қалай болмақ? Мал базар қашан ашылады?» деген мағынадағы сұрақтар болды. Тақырыптан басқа ауыз су, газ, жол мәселелері туралы да сұрақтар қойылды. Аудан басшысы ол сұрақтарға да жауап беріп өтті.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы тікелей эфир уақытында жауап беріп үлгермеген сұрақтарға әлеуметтік парақшасында міндетті түрде жауап беретінін және аудан тұрғындарымен онлайн-сұхбат алдағы уақытта әр аптаның сәрсенбісінде өтетіндігі туралы да айтты.
«Жаңа өмір» – ақпарат