Basty bet

Естен кетпес кездесу

Күнімбала Жаңабаева ауданымызға, облысымызға танымал Жаңабаевтар отбасылық халықтық ансамблінің жетекшісі. Жұбайы марқұм Жандарбек Жаңабаевтың бастамасымен құрылған отбасылық ансамбльдің бүгінде жеткен жетістіктері көп.

Отанасы Күнімбала Жаңабаева өнерлі ұрпақты тәрбиелеп отырған ардақты ана ғана емес, ұлттық өнеріміздің жанашыры.
Күнімбала Оразымбетқызы 24 желтоқсан – Кеңес Одағының Батыры, әскери жазушы, Халық Қаһарманы, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының туған күні, яғни 110 жылдық мерейтойы қарсаңында өзінің Баукеңмен болған кездесуінен алған әсері жайлы естелігімен бөліскен еді.
-1968 жылы 8-сыныпта оқимыз. Нақтырақ айтсам, қазіргі Қосбөлтек ауылындағы сегіз жылдық мектеп- интернатта жатып оқимыз.
Көктемгі каникул кезі. Наурыз айының 24 мен 30-ның аралығында сынып жетекшіміз Қадір Қартабаев ағайымыздың ұйымдастыруымен Алматыға экскурсияға баратын болдық. Бұл жаңалықты естіген біздің қуанышымызда шек жоқ. Не керек, тез жиналып, кешкісін автобусқа отырдық. Тынбай жүріп отырып, таңата Алматыға да жетіп бардық.
Қаланың шетіне қарай орналасқан бір мектеп-интернатына жайғастық.
Қадір ағамыз: “уақыт тығыз, тезірек жиналыңдар, қазір жерлесіміз батыр Бауыржан Момышұлымен кездесуге барамыз”,- деді.
Қайтадан тез жиналып, автобусқа отырдық. Сынып жетекшіміз бізді пысықтап, Бауыржан атамыз туралы қысқаша айтып, бізді тәртіпке, мәдениеттілікке шақырды.
Қаланың ортасында орналасқан “Қазақ кинофильміне” келіп түстік. Сыртын жасылмен бояған зәулім ғимараттың алдында қасында төрт-бес кісі бар үстіне қазақша шапан, басына бөрік, аяғына мәсі киген Бауыржан атамыз тұр. Ол кісі жайлы алдын ала оқыған, естіген әңгімелеріміздің әсерінен болар атамызды бірден таныдық. Бір жағы ол кісінің тұрысының өзі ерекше еді. Әрі арабша сөйлеп, бізді көре салып, жүзі нұрланып, бізге қарап шапанының алдын ашып, құшағын жайып, “Менің балаларым, менің бауырларым келе жатыр!” деді. Атаның осы сәті бізге қанатын жайған қыран құстай көрінді.
Біз бәріміз таласа жүгіріп, батыр атамыздың құшағына ендік. Ата осы арада барлығымызбен амандасып, жағдайымызды сұрап, ұлы Бақытжан ағамен бізді таныстырды.
Тура сол күні, сол сәтте Бауыржан атамыздың “Артымызда Москва, шегінуге жер жоқ!” деген киносының тұсаукесері болғалы жатыр екен. (Баукең де өзі алғаш көргелі отыр екен).
Бауыржан ата: “Менің киномның алғашқы көрермендері өзімнің бауырларым болды” деп қуанып, бізді кино залға кіргізді. Біз залдың алдыңғы жағына жайғастық. Ал, өзі он-он бес шақты кісімен сәл артқа отырды.
Кино басталды. Бауыржан атаның рөлінде әртіс Кәукен Кенжетаев ойнады. Кино барысында Бауыржан атамыз екі-үш жерінде “Кәукен, мына жерін дұрыс ойнамапсың” деп ескертулер жасап отырды.
Біздің қуанышымызда шек жоқ. Кино аяқталған соң бізді Бауыржан ата үйіне алып барды. Қателеспесем, Панфилов көшесі болатын. Үйі екінші қабатта. Баламыз ғой, ыңғайсызданып, ұялып тұрмыз.
Залға айналдыра көрпеше төсеп, дастарқан жайды. Бауыржан ата апамызға дастарқанды ал да, газет төсе деді. Біз бір-бірімізге қарап, түсінбей қалдық. Айналдыра өрік-мейіз, конфет, т.б шашып тастады. Тәтті сусынның түр-түрі қойылды. Ол кезде тәтті сусындар екі литрлік банкада болатын. Банкалардың аузын ашып қойды. Бізге ата: “осының барлығын ішіп-жеп шығасыңдар”,- деді.
Осы бір тамаша сәтте Бауыржан Момышұлы атамыз бізге туыстық, бауыр туралы әңгімелер айтты. Дастарқаннан тұрғалы жатқанда Бауыржан ата бәрімізді қайта отырғызып, газетті алып, қалған тәттілердің барлығын салып алуымызды бұйырды. Біз ұялсақ та газеттен ұяшық жасап, қалған тәттілерді салып алдық.
Осылайша, бала кездегі Батыр атамызбен болған кездесу бізге атаның түсі қатал болғанымен жүрегі жұмсақ, бауырмал, мейірімді жан екінін мәңгі жадымызда қалдырды. Шындығында бұл кездесу менің жадымда кеше ғана болғандай әлі күнге сақтаулы. Бүгінде Бауыржан атамен болған кездесуді балаларыма, немерелеріме мақтанышпен айтып беріп отырамын.
Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай жолдасым Жандарбек жуалылық ақын Сәбит Дүйсебаевтың “Бауыржанның батасы” атты термесіне әуен жазды және “Бауыржан туралы толғау” күйін қазақтың ұлттық аспаптар оркестерінің сүйемелдеуімен Тараз қаласындағы Баласағұн орталық концерт залында өткен отбасылық ансамбліміздің концертінде орындады.
Батыр атамен болған кездесуде барлығымыз естелік суретке түстік. Ол сурет мектепте өткен іс-шараларда көрмелерге қойылушы еді. Өкінішке орай сол суретті кейін жоғалтып алдым,- дейді Күнімбала Оразымбетқызы.
Зымырап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші! Батыр атамыздың 100 жылдығын кеше ғана атап өткен сияқты едік. Тағы он жыл өте шығыпты.
Баукеңнің аты қанша жыл өтсе де халықтың жадынан өшпейді. Себебі, ол – халық үшін, туған жер, туған ел үшін туған ұлы тұлға. Бүгінгі буын, келер ұрпақ Баукеңнің ерлігін, еңбегін білуі және ұмытпауы керек. Ол үшін барлығымыз атамыздың рухының және келер ұрпақтың алдында парыздармыз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close