Basty bet
Мекеме басшыларымен кездесті
№1 мектеп-гимназияның базасында аудан әкімі Нарбай Ергебеков білім беру мекемелерінің басшыларымен жиын өткізді.
Жиынға аудандық прокуратура, полиция бөлімінің өкілдері, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, колледж және мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері қатысты. Жиынды аудан әкімі Н.Ергебеков ашты.
-Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың 2019 жылғы 13 наурыздағы №70 өкімімен бекітілген аудан әкімдерінің жұмыс алгоритіміне сәйкес білім саласының өкілдерімен кездесіп отырмын. Бүгінгі жиналыстың мақсаты – аудандағы білім саласы бойынша атқарылған жұмыстарды тыңдап, орын алып жатқан кемшіліктерді талқылау. Сондай-ақ, білім мекемелері басшыларының жұмысты әрі қарай тиімді жүргізу бойынша ұсыныстарын тыңдау,- деп аудан әкімі сөз кезегін білім саласында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасау үшін білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжановқа берді. Бөлім басшысы білім беру саласындағы негізгі көрсеткіштер жөнінде кеңінен баяндама жасады.
– Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін орындау бойынша білім сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде,- деді Мәжит Мамытұлы. – Бөлімге қарасты жалпы 72 білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру және мектептен тыс ұйымдар қызмет етеді. Оның ішінде жалпы орта білім беретін мектептер саны 40-ты құрайды, яғни, (27 орта, екі мектеп-гимназия, бір мектеп-лицей, үш негізгі, жеті бастауыш мектеп), 26 мемлекеттік балабақша, бір шағын орталық, төрт мектептен тыс мекеме ( №1, №2, №4 Балалар өнер мектептері, «Аула клубы»), бір психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және бес жеке меншік балабақша. 2018-2019 оқу жылында 40 мектепте 11130 бала білім алуда. Аудан мектептерінде 1719 мұғалім жұмыс атқарады, оның 1625 (95 %) жоғары білімді, 94 (5%) арнаулы орта.
Сонымен қатар, Мәжит Мамытұлы аудан мектептерінің барлығы компьютерленіп, интернет желісіне қосылғанын, балалар ыстық тамақпен қамтылғанын, оқушыларды тасымалдау жолға қойылғанын және білім беру мекемелерінде туындап отырған мәселелерге де тоқталды.
Келесі кезекте аудан прокурорының орынбасары Болат Қалыбаев сөз алып, білім саласына байланысты өз ұсынысын жеткізді.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев қорытындылады.
Айгүл аманқұл.
Cуреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»