Basty bet
Береке басы – бірлікте
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдай режіміне байланысты мәлімдеме жасап, төтенше жағдайдың уақытын 11 мамырға дейін ұзартты. Бүгінгі Президенттің мәлімдемесі дер кезінде жарияланып отыр. Себебі, елімізде індетті жұқтырғандар саны күннен-күнге көбейіп бара жатқанынан хабардармыз.
Еліміздегі төтенше жағдай барлығымызға оңай түспей отырғаны баршамызға белгілі. Кейбір азаматтар жұмыссыз қалып, табысынан айырылды, жоспарлары өзгерді. Алайда ең бастысы мемлекет үшін халқының амандығы мен денінің саулығы. Бұл ретте, Мемлекет басшысы дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, соның салдарынан індет жаппай таралмады. Елімізде қатаң карантин режімі енгізіліп, шектеу шаралары қолға алынды. Қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатып, мекемелердің басым бөлігі қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Қоғамдық орындарда сақтық шаралары қолға алынып, дезинфекциялар жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы қазіргідей қиын кезеңдерде мемлекет халықпен әрдайым бірге екенін танытып отыр.
Мемлекет басшысы бүгінгі мәлімдемесінде осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды, төтенше жағдай қалпындағы ахуалды егжей-тегжейлі жеткізді. Сонымен қатар, алдағы өзгерістермен де бөлісті. Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқтығын, келесі айда табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлеміндегі көмек берілетінін, мұқтаж отбасылар азық-түлік ала беретінін баса айтты. Оқшаулану кезінде ата-аналар кішкентай балаларымен үйде отырудың қиындығын ескере отырып, мемлекеттік комиссия әкімдіктермн бірлесіп, аулаларды, ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруы тиіс екенін жеткізді. Індетпен күрес шараларында жауапкершілік жүгін артып жүрген дәрігерлерге, халық қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген құқық қорғау органдарының өкілдеріне, әскери қызметкершілерге, мемлекеттік аппарат қызметкерлеріне, журналистерге, волонтерларға алғысын білдірді.
Жақында ғана қасиетті Рамазан айы келіп, шыдам мен төзіміміз, сабыр мен қанағатымыз артып отыр. Қасиетті Рамазан айымен биылғы жылы бірнеше мерекелермен тұспа-тұс келіп отыр. Оның ең алғашқысы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мерекені де жылдағыдай көпшілікпен атап өте алмаймыз. Алайда індетті осы бірлігіміздің, ынтымағымыздың арқасында еңсерсек, жақсы күндеріміз көп болатынына сенемін. Мемлекет басшысының өзі осы бірлігімізді ту етіп, қиын сәттерді еңсеретімізге сенім артып отыр.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мәлімдемесінде: «Бұл дағдарыс бірлігі бекем, елін сүйетін отаншыл жұрт екенімізді көрсетті. Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ. Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенемін! Халқымыз “Береке басы – бірлікте” дейді. Жұдырықтай жұмылсақ, кез келген қиындықты жеңеміз! Біз біргеміз!» деді.
Эсмира Мамедова,
Жуалы аудандық мәслихатының депутаты
«Мехрибан» этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі