Basty bet

Нақты тапсырмалар берілді

Аудандық әкімдікте аудандық Жедел штабтың отырысы өтті. Отырысты аудан әкімі, штаб төрағасы Нарбай Ергебеков жүргізді.

Күн тәртібіндегі мәселе – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәлімдемесіне байланысты туындаған мәселелерді пысықтау.
Яғни, мемлекеттік комиссия мен облыстық штаб отырысынан туындаған міндеттер бойынша аудандағы жағдайды қатаң бақылау және алдағы жоспарларды нақтылау.
-Алдағы уақытта ауданда автобөлшектер сататын дүкендер, көлік жуу орындары, тігін цехтары және әртүрлі заттар сататын жекелеген дүкендер тиісті сақтық шараларын сақтай отырып өз жұмыстарын бастайтын болады. Олар жұмысын бастамас бұрын алдын ала кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың сақтық шаралары туралы дайындықтары тексеріліп, тиісті жауапты мекеме басшылары тарапынан тоқтам жасалып, рұқсат беріледі.
Мамыр айындағы мерекелерді де үйде онлайн атап өтуге тура келеді. Алайда аудандағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға сый-құрметтер өз деңгейінде жасалады.
Сонымен бірге, кәсіп ашамын, кәсібін әрі қарай жолға қоямын деген азаматтарға үкімет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелер туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуіміз қажет.
Көктемгі дала жұмыстары өз деңгейінде жүруі тиіс.
Маңызды мәселелердің бірі – азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылау жұмыстары тұрақты әрі қатаң түрде жалғасын тапсын.
Сонымен бірге, халықтың сұрақтарына дер кезінде жауап берілуі тиіс. Және де мұқтаж азаматтарға коммуналдық төлем үшін берілетін 15 мың теңгеге қатысты жұмыстарды 1 мамырға дейін аяқтауымыз қажет. Сондай-ақ, бұл мәселе бойынша халыққа нақты, түсінікті түсіндірме жұмыстары жүргізілуі тиіс,- деді аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудандық штаб мүшелеріне өз саласы бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Перизат шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close