Basty bet
«Моцарелламен» ерекшеленген зауыт
Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – елімізде, жалпы әлемде маңызды мәселелердің бірі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да жан-жақты айтылған.
Азық-түлік, оның ішінде сүт тағамдарының орны мүлде бөлек.
Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін Жуалының сүті де, еті де, дәмі, сапасы жағынан қай жерде болмасын жоғары сұранысқа ие.
Ауданымыздағы ірі сыр зауыттардың бірі – «З.Мешелова» сыр зауыты. Зауыттың жұмыс істеп келе жатқанына биыл 10 жыл. Оның ішінде алты жыл шағын ғимаратта жұмыс істесе, төрт жылдан бері жаңадан заманауи үлгіде салынған ғимаратта жұмыс жүргізуде. Яғни, жеке кәсіпкер Орынбасар Мешелов Бауыржан Момышұлы ауылының шетінен жер алып, жаңадан заманауи үлгіде зауыт тұрғызып, 2016 жылы іске қосқан.
Бұл зауыттың басқа зауыттардан ерекшелігі сол, «Моцарелла» сырын өндіруінде. Кәсіпорын өндірген бұл сыр еліміздің барлық аймағында сатылуда.
Сыр зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігі, жұмыс процесі жайлы зауыттың іргетасын қалаған Мешеловтар отбасының отағасы Орынбасар Сағымбекұлы әңгімелеп берді.
-Жұмыс таңертең сағат жетіде басталады. Алдымен сүт тасымалдаушылардың әкелген сүтін зертханадан өткіземіз. Онда сүттің құнарлылығы, қышқылдылығы тексеріледі. Талапқа сай болса, арнайы ыдысқа құйылған сүт құбырлар арқылы тоңазытқышқа жіберіліп, сонда жиналады. Одан соң сүт арнайы пастерлеу аппаратына құйылып, 90 градуста пастерленеді. Әрі қарай ваннаға құйылып, сүт ірітіледі. Ірітілген сүт арнайы формаға салынып тығыздалады. Дайын болған сыр екі күн тұзды суда тұрады. Тұзды судан алынған сырларды жұмысшылар арнайы материалдармен орап, мұздатылған қоймаға жинайды.
Сыр дайындайтын бұл құрылғылардың барлығы Болгариядан алынған. Соңғы үлгідегі аппараттар. Жұмыстың барлығы компьютерлендірілген. Өнімдер аппараттарда өзінің уақыты, сапасы жеткенше тұрады. Мәселен, сүт толық піспесе келесі аппарат қабылдамайды. Сондықтан бізде сапасыз өнім болмайды. Егер сапасыз болса, ол ірімшік ісініп, тез бұзылды. Сапасыз өнімді өндіру де тиімсіз.
Бізде сырдың бес-алты түрі шығарылады. Олардың әрқайсысының дайындалу технологиясы әртүрлі. Оның ішінде біздің зауытты ерекшелендіріп тұрған «Моцарелла» сырын жасайтын құрылғы Италиядан шыққан. Сырдан басқа сары май, қаймақ, ірімшік, т.б 15 түрлі өнім өндіреміз.
Айран, тағы бір-екі түрлі сыр өндіретін екінші цех дайындап қойып едік. Төтенше жағдайға байланысты іске қоса алмай отырмыз. Себебі, кейбір керекті заттарды шетелден алдыруымыз қажет.
Бұл бизнесіміз отбасылық кәсіп. Жұмысты жүргізу де оңай емес. Төзімділік, тынымсыз еңбек керек. Отбасымызбен жұмылып еңбек етіп жатырмыз. Ұлдарым Қуаныш, Әкежан, келінім Жаңылсын жұмыстың басы-қасында жүрсе, үйде жұбайым Зағира мен кіші келінім Майра екеуі біздің алаңсыз жұмыс істеуімізге жағдай жасап отыр.
Кәсіпорында 23 жұмысшымыз бар. Оның төртеуі оператор болса, сегізі әртүрлі жұмыстарды істейді. Яғни, әрқайсысының қоймасы, күнделікті істейтін жұмыстары бар. Айлық жалақылары 85 мың мен 120 мың теңгенің аралығында.
Өндірген өнімдеріміз жоғары сұранысқа ие. Өткеру мәселесінде ешқандай қиындықтар жоқ. Өнімдеріміз еліміздің бірнеше аймағына тарайды. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Тараз өңірлерінде сұраныс жоғары. Тіпті «Моцарелла» сырын шығарып үлгермейміз.
Өнімімізді аудан тұрғындары да тұтынсын деген мақсатпен аудан орталығында да шағын дүкеніміз бар. Өнімдеріміз сонда қойылады. Бағасы да қолжетімді.
Халықтан сүттің литрін орта есеппен 110 теңгеден қабылдаймыз. Зертханада сүттің құнары тексеріледі. Егер сүт өзінің базисінен жоғары болса, оның бағасы басқаша есептеледі. Жалпы біз халықтың сүтінің ақысы, жұмысшыларымыздың еңбекақысын уақтылы төлеп отырамыз.
Ең бастысы, ел-жұртымыз аман болсын! Елдің ішінде біз де халыққа қызмет етіп жүре берейік!- дейді Орынбасар Сағымбекұлы.
Кәсіпорында үш жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Ерғали Бейсалиев та өзінің жұмысы туралы пікірімен бөлісті.
-Менің бұл зауытта жұмыс істеп жатқаныма үш жылдай болды. Жұмысым сүтті пастерлейтін құрылғының жұмысын қадағалау. Яғни, оператормын. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Айлығым 100 мыңның үстінде. Жалақымызды уақтылы алып отырамыз. Жұмысыма ризамын.
Қазіргі таңда күніне 18-19 тонна сүт қабылдап жатырмыз. Алда мамыр-маусым айларында 25-26 тоннаға дейін сүт қабылдаймыз деген жоспарымыз бар. Зауыттың осынша тонна сүтті өңдеуге мүмкіндігі жетеді,- дейді кәсіпорынның операторы.
Адал еңбек асыл мұратыңа жеткізеді. Жұмысы да жеңіл емес. Барлығы бар болған күннің өзінде оның көзін тауып, дұрыс ұйымдастыра алмасаң, жұмыс жүрмейді. Ол үшін адамға еңбекқорлық, төзімділікпен қатар адамдармен тіл табыса білу, талап ете білу, биік адамгершілік, іскерлік қасиет, ұйымдастырушылық қабілет те керек. Сондықтан кәсібін жүргізіп, ел экономикасының дамуына, халықты сапалы, әрі пайдалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып отырған Мешеловтар отбасының кәсібіне табыс пен сәттілік тілейміз!
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ