Basty bet

Ұлы Жеңіс күні – мәңгілік ел жадында

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Бұл күн – қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қара ниет жауға төтеп берген табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі.
Мереке күні таңертеңнен аудан басшылары мен тыл және еңбек ардагерлері, мекеме басшылары мен қызметкерлері, жалпы аудан тұрғындары орталық алаң маңындағы «Мәңгілік алау» монументінің алдына жиналды. Алаңда дыбыс күшейткіштен соғыс, Жеңіс, Отан, туған ел тақырыбында әндер шырқалып тұрды. Жиналған көпшілік монумент алдында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Мерекеге орай гүл қою рәсімдері Жібек жолы бойындағы Бауыржан Момышұлының ескерткіші мен Қайрат ауылындағы Батырдың мемориалдық музейіндегі бюст алдында да өтті.
Көп ұзамай орталық алаңда аудан өнерпаздарының дайындаған «Біз Жеңістің ұрпағымыз!» атты мәдени іс-шара басталды.
«Достық» мәдениет үйі мен ауылдық мәдениет ошақтарының бір топ мамандары «Жеңіс күні» атты театрландырылған көрініс қойды.
Тарих төрінен орын алатын ұлы мерекемен ардагерлер мен аудан тұрғындарын құттықтау үшін сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Биылғы жылы біз бейбітшіліктің 74-і көктемін қарсы алып отырмыз. Ұлы Отан соғысы туралы сөз қозғала қалса, ұлы ерлік рухын бойына сіңірген майдангерлер мен тылда қажырлықпен еңбек еткен тыл ардагерлерінің жанқиярлық ерлігі мен еңселі елдік рухы, қайтпас қайсарлығы еске түседі. Ұлы Жеңіс бүгінгі тәуелсіз бейбіт өмірге, өскелең ұрпақтың аман-есен өсіп-өнуіне жол ашып берді. Ардагерлер қашанда біздің алтын қорымыз,- дей келіп Нарбай Әбілқасымұлы Ұлы Жеңіске үлес қосқан қазақстандықтар, оның ішінде жуалылықтардың ерен еңбегі жайлы айта келіп, еліміздегі бейбіт заманның баянды болуын, әрбір шаңырақтың шаттыққа толуына тілектестігін білдірді.
Кезек ән мен биге берілді. «Қызғалдақ» ән-би ансамблі мен Жаңабевтар отбасылық ансамблінің мүшелері Б.Әбделиев, Б.Жұматаев, М.Свамбаева, С.Мейіржанқызы, М.Мықтыбеков, А.Сәбит, Т.Сағымбеков, Н.Ахмет, Н.Жаңабаев, т.б «Қазақстан», «Под небом Парижа», «У солдата выходной», «Ауылға барамын», «Синие лебеди», «Шурави», «Қазақ елі» әндерін орындап, «Катюша» және қазақ биін биледі. Эстрадалық ансамбльдің сүйемелдеуімен өнер мектебінің ұстаздары «Маки-маки», «Уходим» әндерін шырқады.
Сонымен бірге мәдениет үйінің алдында әскери палатка құрылып, онда ардагерлерге арналып дәстүрлі меркелік дастарқан жайылды.

Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close