Basty bet
Үміткерлер депутаттармен кездесті
12 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл саяси науқанға қазірден бастап қызу дайындық жұмыстары басталған. Жамбыл облысы атынан аталған додаға түсетін үміткерлер қазірден сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алды.
Солардың бірі, ұзақ жылдар бойы өңірімізде көптеген жауапты қызметтерді атқарған, есімі елге белгілі азамат Бекболат Орынбеков өткен жұмада аудандық «Достық» мәдениет үйінде мәслихат депутаттарымен кездесті.
Кездесуді аталған үміткердің аудандағы сенімді өкілі Естемес Аманбеков жүргізді. Сөз алған Бекболат Серікбайұлы өзінің сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжей түсіндіріп өтті. Онда қазіргі таңда әлемдік проблемаға айналған «Covid-19» пандемиясына қарсы күрес шаралары да сөз болды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер өз бағдарламасында денсаулық сақтау саласын дамыту, білім саласын жетілдіру, озық экономика, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, сайлаушылар алдындағы жауапкершілік салалары бойынша жұмыс атқаратынын жеткізді. Сондай-ақ, өңірдегі өзге де мәселелерді де назардан тыс қалдырмай, кезең-кезеңімен тоқталды.
Кездесуде аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков «Бүгінгі күні білім саласындағы өзгерістер яғни, халықаралық стандартқа еліктеушіліктің салдарынан білім сапасының төмендеп кеткенін аңғарып отырмыз. Біздің өзіміздің менталитетіміз, тұрмыс тіршілік түйсігіміз бар. Соның негізінде әрекет етуіміз керек. Қазіргі техника мен технологияның қарыштап дамығаны белгілі. Бұл да бізге керек. Алайда, оны да өзіміздің жағдайымызға қарай, білім жүйесіне енгізе білген жөн болар. Себебі, еліміздің әр аймағының, елді мекенінің, әр мектептің өзіндік контигенттік ерекшелігі бар. Соны ескергеніміз дұрыс» дей келіп білім саласына өзгерістер керектігін жеткізді.
Ал, аудандық мәслихаттың депутаты Сейітхан Жұмашев «Денсаулық сақтау саласында мәселе көп. Өмір болған соң, қателік пен кемшіліктің орын алуы заңды шығар. Адамның денсаулығы мен амандығы ең маңызды дүние екенін білеміз. Сондықтан денсаулық саласындағы реформаны өзгерту керек. Себебі, ондағы қателіктер бүгінгі күні көрініс тапты. Жедел жәрдемнің орталықтандырылғаны дұрыс емес деп білемін. Әр ауданның өз жедел жәрдемі болуы керек. Оларға жауапты адам болуы тиіс. Фельдшерлер оқытылып тұруы қажет» деп денсаулық саласындағы кемшіліктерді көтеріп, оған өзгерістер енгізу керектігін ұсынды.
Басқосуда Бекболат Серікбайұлы аудандық мәслихат депутаттарының ұсыныстары мен тілектерін ескере отырып, сұрақтарына жауап берді. Осылайша, үміткердің сайлауалды бағдарламасымен танысқан аудандық мәслихат депуттары үміткерге сәттілік тіледі.
* * *
Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттар ауданға келіп, депуттармен кездесу өткізуде. Жақында аудандық «Достық» мәдениет үйінде аталған депутаттыққа кандидат Руслан Көккөзов осындай басқосуды ұйымдастырды.
Руслан Сүйерқұлұлы Шу өңірінің тумасы. Еңбек жолын «Локомотивті депосында» қарапайым жұмысшы қызметінен бастаған. Жалпы 31 еңбек өтілі бар Р.Сүйерқұлұлы түрлі қызметтерде айбыройлы жұмыс істеген. Бүгінгі күні ол «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқаруда. Халық алдындағы адал қызметі үшін «Құрметті энергетик». Қазақстан Электр энергетикалық Қауымдастығы» атағымен марапатталған.
-Мен қасиетті Жамбыл жерінде туып-өстім. Туған өлкемнің тарихын да, халқымның басынан өткен қиын-қыстау кезеңдерді жақсы білемін.
Менің мақсатым – еліміздің, әр тұрғынының өмір сүру деңгейін жақсарту. Бүгінгідей күрделі кезеңде осындай зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен табылу кім-кімге де сын болатынын жақсы сеземін. Мен таңдаушылардың сенімін иемденіп, депутат деген мәртебелі мандатқа қол жеткізсем, Жамбыл облысындағы өзекті мәселелердің шешімдерін табуға жұмыс жасайтын боламын, – деп депуататтарға өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»