Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, олардың өмір сүру жасын ұзарту, тұрмыс сапасын жақсартуға да көптеп көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Ол үшін әрине, инфрақұрылымдық жобаларды тиімді жүзеге асырып, оның ішінде, ауызсу мәселесіне бірінші кезекте көңіл бөлінуі тиіс.
Мысалы, Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бөлімінде: «Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауызсуға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымдарына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет. Алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауызсумен және су жеткізумен қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді. Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек» деген мәселе айтылды.
Ал «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауда да бұл мәселе басты мәселелердің бірі ретінде айтылды. «Жалпы, ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет»,- деген нақты тапсырма берілді.
Су – тіршілік нәрі. Оны барлығымыз жақсы білеміз. Бұл бағытта қасиетті Жуалы ауданында алыс ауылдардағы ауылдардың тұрғындарына ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүйелі атқарылуда. Мысалы, 2021 жылы Боралдай және Қошқарата ауылдық округтеріне қарасты Көлтоған, Ертай, Қошқарата ауылдарына қазынадан қомақты қаражат бөлініп, ауызсу құбыры тартылса, биыл да таулы өңірге қарасты бірнеше ауылға ауызсу құбырын тарту жұмыстары жоспарланған. Бүгінде ол жоспарлы жұмыстар жоба бойынша жүзеге асу үстінде.
Атап айтар болсақ, ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округінің Қоңыртөбе ауылына таза ауызсу құбырларын кіргізу жұмыстары жақында сәтті басталды. Бастау көзі тереңде жатқан таза артезиан ұңғымасынан алынатын мөлдір су құбыр арқылы 2022 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жергілікті тұрғындарға пайдалануға берілмек.
Бүгінде атап көрсетілген жоспардың алғашқы жұмыстары орындалып, Қоңыртөбе ауылының Малдыбай Құттыбаев, Әбдәлім Құттыбаев, Бақытбек Баратұлы көшелеріне магистральды ауызсу құбырларын тарту, оның ішінде, көше бойларына тереңдігі 1 метр 70 сантиметр болатын терең траншея қазылып, пластик құбырлар тасталды. Ал ендігі кезекте құбыр тарту жұмыстары ауылдың ортаңғы бөлігіндегі Ғани Досаев көшесінде жалғасуда.
Ауызсу құбырын тарту жұмыстарына жауапты болып танылған мердігер мекеменің жұмысшылары өз істеріне ұқыптылықпен қарап, құбыр тарту жұмыстарын жедел әрі сапалы атқаруда. Атап айтқанда, бас мердігер мекеме қызылордалық «Жаңарту» ЖШС ауызсу құрылысының жобасына жауапты болса, ал ауызсудың магистральды құбырларын тарту жұмыстарын Шымкент қаласынан келген қосалқы мердігер мекеменің жұмысшылары атқарып жатыр.
Қоңыртөбе ауылындағы ауызсу құбырының құрылысына республикалық бюджеттен 266 миллион теңге қарастырылып, бөлінген. Қазіргі таңда аталған жоспарына сәйкес, кварталішілік ауызсу құбырларының бойына құрылыстың талабы бойынша белгіленген аралықтарға 140 дана құдық орналастырылады. Жүргізіліп жатқан магистральды ауызсу құбыры диаметрінің өлшемі 110 болса, ал абоненттерге берілетін ауызсу көлемі 25 диаметр болатын пластик құбырлармен жеткізілетін болады.
Қосалқы мердігер мекеменің жұмысына жауапты прораб Ғани Жаппасбаевтың айтуынша, ауыл ішінде шамамен тоғыз шақырымға жуық магистральды ауызсу құбыры жүргізілмек. Ауызсудың қоры мамандар тарапынан алдын ала зерделенген. Ауызсудың құбырлар арқылы ауылға жеткізу үшін сыйымдылығы 150 тонна болатын екі бірдей резервуар салынады. Су құбырлары ауылдағы 126 абонеттің үйіне іргелес жеткізіледі.
Қосымша айта кететін болсақ, осыдан төрт жыл бұрын ауыл төңірегіндегі жерасты суларының қоры мамандар тарапынан зерделеніп, жер астынан ұңғыма бұрғыланған болатын. Бұйыртса, биыл осы таза ауызсу құбыры ауыл тұрғындарының игілігіне берілмекші.
2021 жылы Қоңыртөбе ауылына табиғи газ құбыры тартылып, тұрғындар қуанышқа бөленсе, ал биыл ауылда ауызсу құбыры құрылысының жүргізілуі тұрғындардың қуанышын еселей түскендей. Жалпы ауыл тұрғындары ауызсудың келуін жақсылыққа балап отыр.
Бір айта кетерлігі, қасиетті Бөкейтаудың бауырындағы қоңыртөбелік тұрғындар бұдан бұрын ауызсуды таудың етегінен бұрқырап шығып жатқан сарқырама бұлақ суынан пайдаланатын. Бұл су да ауылға құбыр арқылы тартылған. Ал орталықтандырылған ауызсудың орны тіптен бөлек болғалы тұр.
Рашид КЕМЕЛБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің ІІ курс студенті.
Нұр-Сұлтан қаласы