Basty bet

Балалар денсаулығы – басты назарда

Жуалы аудандық орталық ауруханасының профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімі мен емхана бөлімінің және кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Дәрігер – балалардың жанашыры. Өз денсаулығыңды тексер!» ұранымен «Ашық есік» дәрігер қабылдауы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалар денсаулығына ерекше көңіл бөліп, түрлі аурулардың алдын алу, ата-аналарға медициналық кеңес беру және бүлдіршіндердің денсаулығын жан-жақты тексеруге мүмкіндік жасау. Балалар – еліміздің ең қымбат қазынасы, жарқын болашағымыз екенін ескерсек, олардың денсаулығын сақтау, сапалы медициналық көмек көрсету және түрлі аурулардың алдын алу – баршаға ортақ міндет.
Осы мақсатта ұйымдастырылған шара барысында балалардың денсаулық жағдайы бағаланып, ата-аналарға дәрігерлік кеңестер берілді. Сонымен қатар, саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аударылды. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау және уақтылы медициналық тексеруден өту арқылы көптеген аурулардың алдын алуға болатындығы айтылды.
Іс-шарада алғашқы сөз аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков пен балалар дәрігері Қалбике Сәрсеноваға берілді. Мамандар балаларды жарқын мерекемен құттықтай келе, дендеріне саулық, жүздеріне күлкі, бақытты балалық шақ тіледі.
Қабылдау барысында аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншісі Назерке Ахмет «Кел билейік!» әнін орындады. Ал, «Топжарған» білім және шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі Ж.Лесхан ән шырқаса, орталықтың бүлдіршіндері «Назлы қыздар» және «Көңілді құрбылар» билерін көрермен назарына ұсынды.
Аудандық орталық аурухана ұжымының атынан мерекеге келген барлық балаға сыйлықтар табысталып, балмұздақ пен тәтті сусындар таратылды. Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан медицина қызметкерлеріне бүлдіршіндердің ата-аналары да ризашылық білдірді.
«Ашық есік» дәрігерлік қабылдау аясында онколог дәрігер Жанерке Кемелбек, балалар дәрігері Қалбике Сәрсенова және балалар невропатологы Арай Бектасова балаларды қабылдап, ата-аналарға медициналық кеңестер берді.
Іс-шара соңында «Сенім» жастар денсаулық кабинетінің мамандары балалар арасында «Бала өмірінің қауіпсіздігі» және «Балалардың психоэмоцияналдық көңіл күйін көтеру» тақырыптарында психологиялық сергіту жаттығуларын өткізіп, ақпараттық-түсіндірме материалдарын таратты.
Балаларды қорғау күніне арналған тағылымды шара көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды бастамаға айналғаны сөзсіз…

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close