Basty bet

Қазақ халқының мұсылмандық жолы

Адамзат баласының өткен тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, тарих сахнасына қаншама мемлекеттер келіп, жоқ болғанын көреміз. Сол секілді Орта Азияда мекендеген мемлекеттер Түркі қағанаты, Батыс Түркі қағанаты, Шығыс Түркі қағанаты, Түркеш қағанаты, Қарлұқ қағанаты, Қимақ және Оғыз қағанаттары болды. Жоғарыда аталған мемлекеттер V-XI ғасырға дейін өмір сүріп жер бетінен келмеске кеткен.
Мемлекеттердің күйреуіне көптеген себептер бар. Бірақ, дін ешқашан мемлекеттің күйреуіне себеп болмаған. Керісінше, діннің халықтың бірігуі мен күшеюіне үлкен рөл атқарғанына тарихи деректер куә. Ондай тарихи деректерге тоқталмастан бұрын Қазақ халқы қалай мұсылман болды деген сауалға жауап беруді жөн көрдім. Себебі, әлеуметтік желілерде ислам дінін даттап, атеисттік, Көк Тәңірлік сенім-нанымдарды қазақ қоғамына сіңдірмекші. Бұны жасап жатқандар тарихи процесс кезінде қалыптасқан қазақи болмысты жою мақсатында жасалынып жатқан дүние деп білемін. Енді ислам діні қалай келгеніне тарихқа көз жүгіртсек.
Ислам діні келмей тұрып, түркілер Көк тәңірлік сенімге сенген. Бірақ ислам ғұламалары діндерді екі топқа бөліп қарастырады: 1) Алланың тарапынан жіберілген монотеистік діндер (яһуди, христиан, ислам). 2) Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер (анимизм, фетишизм, тотемизм, буддизм, индуизм т.б.). Бір дінді дін деп айту үшін Құдай түсінігі, пайғамбары, қасиетті кітабы (жазба мәтіндер) моральдық қағидалары, заңдары, қасиетті күндері мен мейрамдары, діни құлшылықтары секілді діни атрибуттары болуы қажет. Ал мұндай атрибуттар болмаса, онда ол наным-сенім болып есептеледі. Осыған орай, көк тәңірлік дін болып есептелмейді наным-сенім ғана.
Түркеш қағанаты (704-756 ж.ж.) тұсында арабтар Орта Азияны жаулау, ислам дінін жаю және территорияға иелік ету мақсатында Омеядтар мемлекетінің алтыншы халифасы Уәлид ибн Абдулмәлік (705-715) дәуірінде 705 жылы араб қолбасшы Қутайба ибн Муслим әл-Бахили бастаған әскер Түркеш қағанатының әскерімен соғысып 705 жылы Бұхараны, 711 жылы Курһ, Бәжә, Самарханд, Суғд қалаларын басып алады.
Бұл шақта Түркеш қағанатының ішкі және сыртқы саясаты мәз емес еді. Себебі 715-738 жылдары Түркеш қағанатының Сұлу қағаны Батыстан арабтармен, Шығыстан Таң әулетімен (Қытай мемлекеті), солтүстік Шығыс Түркі қағанатты мемлекеттерімен үш бағытта соғысып жатқан кез. Сұлу қаған өзінің жерін жаудан қорғау мақсатында түбі бір Шығыс Түрік қағанатына елші жіберіп және неке байланыс арқылы келісім орнатады. Осыдан кейін 723 жылы Түркеш қағанаты Ферғанадағы қарлұқ тайпалары мен Шаш қаласының тұрғындарымен тізе қосып бірліктің арқасында араб әскерін жеңеді.
Өкінішке орай, Түркеш қағанатының Сұлу қағаны 737 жылы өзінің қолбасшысы Бұға-Тарханның қолынан өлтіргеннен кейін Түркеш қағанатында билікке талас басталады. Түркеш қағанатында өмір сүрген әр тайпа өзінің руласының қаған болуын қалайды. Осы уақыта 746 жылы Жетісу, Алтай мен Тарбағатай аймақтарынан қарлұқтар тайпасы келіп қоныстанып жатқан еді. Түркеш тайпасы арабтармен және өзара билікке таласып қырылыстардан әлсіреген уақытта қарұлық тайпасына белсенді қарсылық көрсете алмайды.
Түркеш қағанатының ішкі саяси тұрақсыздығын Таң (Қытай) империясы пайдаланып. Шығыс Түркістандағы уәлилері 748 жылы әскерін Суяб қаласына аттандырып, Суяб қаласын басып алып, Шаш қаласының әкімін дарға асады. Оның баласы араб қолбасшыларынан көмек сұрайды. Шайқас қарсаңында 749 жылы араб халифалығында ұзаққа созылған таққа талас аяқталып Аббаси мемлекетінің халифасы болып Әбу әл-Аббас әс-Саффах болып тағайындалады.
Осы жерде араб халифатына таласқан тайпаларға тоқталып өтсек. Араб халифасында екі тайпа билікке таласады Омеядтар мен Аббасилер. Омеядтар Құрайш тайпасының екі үлкен тармағының бірі Омеядтар тайпасының басшысы Мағауияның ұрпағы халифалықты 91 жыл басқарса, ал Аббасилердің тегі Мұхаммед пайғамбардың ағасы Аббасқа барып тіреледі. Аббасилер халифалықты 524 жыл басқарады.
Ал енді арабтар мен түркі текті тайпалар бірігіп, Таң (Қытай) империясын қалай жеңгеніне тоқталып өтсек. 751 жыл Атлах қаласының маңында Түркеш қағанаты мен арабтар бірігіп Қытай қолбасшысы Гау Шиянденнің (Гао Сянь-чжи) қармағындағы 70 мың әскермен 5 күн соғысады. Шайқас барысында қарлұқ тайпасы жаппай арабтарға болысып, екі жақтан Тан (Қытай) әскерін қыспаққа алады. Аббаси халифатының қолбасшысы Зияд ибн Салих қармағындағы әскер шайқас барысында қытай әскерінің 50 мыңын өлтіріп, 20 мыңын тұтқынға алады.
Шайқастан жеңілген Таң (Қытай) патшалығы бұдан кейін кезеңде өз құдіретінен айырылады. Осы кезден бастап түркілерге ислам діні тарай бастады. Осы тарихи оқиғада айтыла бермейтін жайт қазақ даласына ислам дініндегі қандай мәзхаб тарағандығы. Себебі Аббаси халифатының ресми мәлики мәзһабын ұстанған. Аббасилер дәуірінде Имам Ағзам Абу Ханифа халифат тарапынан қысымға ұшырап, қайтыс болған. Дегенмен де, Әбу Ханифаның шәкірттері ислам дінін түркілік дәстүрлермен ұштастырып ислам дінін таратқан десек қателеспейміз.
Арабтар мен түркілердің 751 жылғы тарихи оқиғасы бүкіл Орта Азияның мәдени және саяси картасын өте қатты өзгеріске ұшыратуға себеп болды. Осы бір түріктер мен арабтардың жеңісінен кейін Таң (Қытай) патшалығы мың жылға дейін Қазақ жеріне аттап баспаған болса, ал ислам діні бұл жерлерде кеңінен тараған және қалалар аз уақытта әсем де көрікті болып дамыды. Бұлай болып жатқан мәдени өзгерістерге Аббаси халифатының қосқан үлесі көп. Десе де Орта Азиядағы Түркі Қағанаты, Батыс Түркі Қағанаты, Шығыс Түркі Қағанаты, Түркеш қағанаты, Қарлұқ қағанаты, Қимақ және Оғыз мемлекеттері Аббаси халифалығының отарына айналып тарих сахнасынан келмеске кетті.
Дегенмен әр ұлт, әр бір тайпа еркіндік пен тәуелсіз ел болуды аңсайтыны және сол жолда қасық қанын төгетіні секілді. Аббаси халифатындағы түркі текті тайпалар да бұл жолда тайынып қалмады. 833 жылы аббасилердің халифасы Муғтасим дәуірінде әскердің әртүрлі ұлттардан құрылуы сенімсіз болғандығын ойлап, тек түркі жауынгерлерден құрылған жеке әскер болуды қалайды.
Бұл дәуірде арнайы жасақтың қолбасшылығында Афшин және Әшнәс атты түркі текті қолбасшылар болды. Араб қолбасшылары түгелдей орындарынан алынды. Бұл түркі тайпаларының мемлекеттік, әскери салада үлкен жетістіктерге жеткенін және жеке мемлекет құруға деген қадамдарының бірі болды. Аббаси билігінің кейбір кезеңдерінде бір қарағанда астанаға бағынышты болғанымен, шынтуайтында, өз алдына тәуелсіз түркі текті мемлекеттер құрылды. Олар – Тұлындар (873-905), Ихшидия (935-969), Ғазанауилер (988-1160), Қараханитер (942-1212), Хорезмшах (1097-1230), Селжұқтар (1038-1157) мемлекеттерін мысал ретінде келтірсек болады.
Аталған мемлекеттердің ішіндегі ең қуатты империяға айналған қазіргі Қазақстан территориясына иелік еткен Қараханиттер мемлекеті. Ең алғашында түркі текті мемлекеттердің барлығы ислам дінінің ханафи мәзхабын ұстанды. IX-X ғасырларға қарай ислам діні ханафи мәзхабындағы сопылық ілімнің теориясы мен практикасы қалыптасып, түркі текті халықтың арасында кең таралды. Мәселен, Қарахан мемлекеті кезінде (1123-1197ж.ж.) ханафи мәзхабындағы атақты ойшыл, бала кезінде Құранды толық жаттаған, философ фикһ саласының ғалымы, ислам әлемінде Шейх-уль-ислам деген атақ алған Бурхануддин әл-Маргани өмір сүрген. Оның «Әл Хидоя фи шарх Бидоя әл мубтади» деген атақты еңбегі бүгінгі таңға дейін қолданыста жүр.
Сонымен қатар, сопылық тарихаттың өкілдері Абдулхалық Гиждуани, Қожа Ахмет Ясауи Қараханидтер мемлекетінің тұсында ислам дінінің кең таралуына өз үлестерін қосқан данышпан тұлғалар. Дегенмен, Қарахан мемлекетінің басқарушысы Сатук Боғра хан қайтыс болғаннан кейін ұрпақтарының арасында билікке таласу нәтижесінде құлдырап 1040 жылы Батыс және Шығыс хандықтары болып екіге бөлінді. Халық даналығында айтылғандай: «бөлінгенді бөрі жейді» демекші, 1089 жылы Батыс-Қарахан мемлекеті Селжұқтардың, 1141 жылы Шығыс-Қарахан мемлекеті Қарақытайларға тәуелді болса, 1210 жылы Хорезмшахтың қол астына өтеді.
Билік басындағылардың осындай бақ және тақталастарының кесірінен империялық мемлекет құлдырап, мыңдаған адамдар қайтыс болып, қыздары күн, ұлдары басқа мемлекетке құл болғаны өте аянышты. Мұнымен қоймай, XIIІ ғасырда Аббасилер халифалығы мен түркі текті мемлекеттердің барлығын моңғолдар басып алады. Шыңғыс хан ұлған-ғайыр жерді жауап алғаннан кейін Орта Азияда Жошы ұлысы (1206-1291), Шағатай ұлысы (1222-1370), Орда Ежен ұлысы (1242-1446), Шайбани ұлысы (1243-?), Көк Орда Әбілқайыр хандығы (1428-1468), Ноғай ордасы (1440-1634), Моғолстан (1348-1514), Ташкент хандығы (1501-1627) мемлекеттері тарих сақынасына шығады.
Моңғолдардың империясы да билікке таласу нәтижесінде аймақтарға бөлініп кетеді. Осындай дүрбелең заманда Көк Орда ханы Әбілқайыр дәуірінде 1465-1466 жылы Қазақ хандығы құрылады. Түркі текті қазақ ұлтының тәуелсіз мемлекеті осы заманнан бастап қалыптасты. Оған дейін түркі текті мемлекеттер бір ұлт болып бөлінбеген және тайпа аралық құрама мемлекетте өмір сүрді.
Қазақ тайпалары (қыпшақ, алшын, арғын, дулат, үйсін, қаңлы, найман, керей, жалайыр, қоңырат, меркіт, қатаған, төре, қожа, төлеңгүт, қарақалпақтар) бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір тудың астына бірігіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен Қазақ хандығын құрды. Бірақ, Қазақ хандығы мемлекетінің ғұмыры ұзаққа созылмады. Себебі тарихқа көз жүгіртіп қарасақ түркі мемлекеттері исламға дейін де, кейін де, монархиялық басқару жүйесін атадан балаға билікті мұра жолмен қалдыру, рушылдық, түркі мемлекетерінің бір-бірімен территория үшін соғысуы, лайықсыз адамдардың билікті басқаруы мемлекеттің күйреуіне алып келді десек қателеспейміз.
Мемлекеттердің күйреуіне діннің тамшыдай себебі жоқ. Керісінше, мемлекеттің күйреуіне билік басындағылар өздерінің саяси мақсатарына жету үшін халық арасына жік салу, жақтастар жинау арқылы, ел неше түрлі топтарға, ұйымдарға бөлінудің нәтижесінде жойылып отырған. «Балық басынан шіриді» демекші, билік басындағылар елді қалай басқарады мемлекеттің де ғұмыры сондай болады деп ойлаймын.
XX ғасырдың 91-жылдарында қазақ ұлтының маңдайына тәуелсіз ел болуды маңдайына жазған екен. Осы тәуелсіздікті сақтау үшін демократиялық, құқықтық, зайырлы басқару жүйесін сақтай отырып, қазақ ұлтынан шыққан білімді, еліне жаны ашитын басшыларды сайлау арқылы тәуелсіз Қазақ елінің ғұмырын ұзарта аламыз. Абай атамыз айтқандай, «…Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп руға, дінге, бөлінбей ата-бабамыз ұстанған ислам діні оның ішінде ханафи-матуридилік мектебі және түркі жұртының ортақ жол сілтеушісі Ясауи бабаларымыздың жолын ұстанып бірігуді ұсынамын.
Осыған орай, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сыңдарлы он жылы» кітабында: «Қазақстан аумағында ислам ханафиттік деп аталатын діни-құқықтық мектеп пен сопылықты насихаттайтын идеологияның негізінде қалыптасты» деп атап өтеді. Міне, осы сопылықтың, оның ниетінің арқасында ислам дінін қабылдаған қазақтар Құран және хадис ережелерінің негізінде, исламға дейінгі дәстүрлі ырым-жоралғыларды орындап отырған. Осылайша қазақтар өздері үшін жаңа ислам дінін қабылдағанымен, өз бабалары – түркінің көшпелі тайпаларының рухани мұрасынан да көз жазған жоқ.

Ерзат ЖАҚЫПОВ,
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының»
бөлім басшысы, дінтанушы, гуманитария ғылымдарының магистрі.

Таңдаулы материалдар

Close