Basty bet

Елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі – жастар

Елімізде 2005 жылы «Жасыл ел» қозғалысы құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Міне, бұл ұйымға биыл 15 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында жасылелдіктер мемлекетіміздің тек қана көгалдануы мен тазалығын сақтауға ғана емес, сонымен қатар, еліміздің болашағына жауапты жаңа буынын тәрбиелеп, жастарды жұмыспен қамтуға, студенттердің патриоттық рухын көтеруге үлкен үлес қосып келеді.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жастарға қолдау көрсету үшін қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасы биылғы жылы ауданда 50 жасты маусымдық жұмыспен қамтымақ. Аталған бағдарламаға қатысушы «Жасыл ел» сарбаздарының көмегімен ауданымыздың мәдени орындары, саябақ, қоғамдық орындары көркейтілмек. Осы орайда, өткен аптаның соңында ерікті жастардың және жасылелдіктердің қатысуымен «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Нарбай Ергебеков те қатысып, бірқатар белсенді ерікті жастарды марапаттады.
-Құрметті жастар, қадірменді еріктілер!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп бекіткен болатын. Бұл барлық еріктілерге серпін беріп, жаңа ізденістерге жол ашты. Жалпы, республика бойынша 287 еріктілер ұйымы бар. Сондай-ақ, аймақтарда еріктілерді қолдайтын арнайы орталықтар құрылған. Мемлекет басшысының игілікті идеясына жуалылық жастар да қолдау білдірді. Қауіпті инфекцияның алдын алу мақсатындаТөтенше жағдай енгізілген мерзімнен бастап еріктілер алдыңғы қатардан көрінуде. Жастар өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, өздеріне тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан тануға мүмкіндік алды. Ауданымызда 140 тан астам ерікті жас бар. Төтенше жағдай кезінде еріктілердің қатысуымен 13 277 медициналық бетперде тігіліп, оның 10 510 еріктілер арқылы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға таратылды. Сонымен қатар, 226 отбасыға азық-түліктермен көмек көрсетілді.
Бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі жастарды жұмыспен қамту болса, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында «Жұмыспен қамту орталығына» 266 жас тіркеліп, 98 жас – тұрақты, 35 жас – қоғамдық жұмысқа, 101 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 32 жас – әлеуметтік жұмыстарға тартылды. Сондай-ақ, бүгінгі күні ауданымызда 441 жас кәсіпкер тіркеліп, өз жұмыстарын жандандыруда. Ағымдағы жылдың төрт айында 17 жасқа кәсіпкерлікті дамытуға арнайы несие берілді, алдағы уақытта 290 жасқа қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Бүгінгі «Жасыл ел» маусымының ашылуы да жастарды жұмыспен қамтудың бір тетігі.
Құрметті жастар! Ауданның болашағы сіздерге, сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ, өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр. Қай кезеңде де елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі – жастар. Тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекет мәртебесінің биік болуы да – болашаққа бет бұрған жалынды жастардың білім, білігіне байланысты. Сондықтан сіздерге еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып, биік белестерді бағындырады деп сенемін. Іске сәт! – деді аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы.
Аталған іс-шарада Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып және төтенше жағдай режімінде волонтерлық қызмет көрсетіп, өз еліне азаматтық үлесін қосқаны үшін аудан әкімінің Алғысхатымен №1 мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Дамир Рахымбек, Ардақ Жақыпбаев, жеке кәсіпкерлер Рауан Әліш пен Ерден Ақылбек, «Аяла» қайырымдылық жобасының жетекшісі Альфия Мейрамбай, аталған жобаның мүшелері Ұлмира Югданқызы, Еділ Әбдіқадір және Қарасаз ауылдық округінің жастар ісінің инспекторы Аружан Қуанышбай марапатталды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close