Basty bet

Инфекциялық аурухана дайын болуы керек!

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараздағы бірқатар нысандарды аралап, ондағы жөндеу жұмыстарымен танысты.
Ең алдымен аймақ басшысы шаһардағы демалыс орындарының бірі «Арбатқа» ат басын тіреді. 3 бөліктен тұратын демалыс орнындағы құрылыс жұмыстары әлі жүруде. Жобалаушылардың идеясы бойынша «Арбат» жаяу жүргіншілер жолы «Көне Тараз» кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстырмақ. Онда жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын ұзындығы 320 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Бердібек Сапарбаев бұл жермен өтетін жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін ойластыруды тапсырды. Өйткені екі жерден кесіп өтетін көлік жолы апат тудыруы мүмкін.
«Мына жерден бала жүгіріп шықса, машина да келіп қалса, жаман болады. Бұл проблема!», – деп ескертті аймақ басшысы.
Нысанға бірге келген Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев көліктердің жолын басқа жаққа бұру мүмкін еместігін жеткізді. Өйткені осы маңайдағы аулаларға апаратын басқа өткел жоқ. «Арбат» ішін екі жерден су арнасы да кесіп өтеді. Бірақ олардың қазіргі жағдайы облыс әкімінің көңілінен шықпады. Осы жермен серуендеп жүретін тұрғындар қоқыс тастап әбден көркін қашырып тастаған.
Кезіндегі перинаталдық орталық орнында инфекциялық аурухана жұмысын бастауы тиіс. Онда қазір қайта жабдықтау жұмыстары қарқынды жүруде. Жоспар бойынша 3 блоктан тұратын нысан 200 төсек орынға шақталған. Тамыз айының басында басталған жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталған. Мердігерлердің айтуынша, әрлеу, ішкі жалғау жұмыстары ғана қалып тұр.
Блоктарды өзі аралап шыққан Бердібек Сапарбаев ішкі бөлмелерді жоспарлағанда санитарлық талаптарды ұмытпау керектігін ескертті. Емделушілерге жайлы жағдай жасалуы керектігіне мән берді.
«Мұндағы жылу жүйелерін толықтай ауыстырамыз. Бұрынғы шойын батареялардың орнына пластик, биметалды материалдардан жасалған жүйе болады. 40 адам жұмыс істеп жатыр. Кафель төсеушілер жетіспейді. Қазір 7 адам осымен айналысады. Негізі 15 жұмысшы болса, жұмыс тезірек жүруші еді»,- дейді «Талас-Құрылыс» ЖШС-ның учаске басшысы Самат Ақатаев.
«Қандай мәселе болмасын, 1-ші қазанға дейін аурухана дайын болуы керек!»,- деп тапсырды Бердібек Сапарбаев.
Мердігер мекеме өкілдері еш кедергі болмаса, белгіленген мерзімнен бұрын жұмыстарды аяқтауға ниетті екенін білдірді.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close