Basty betEl іshі

Батыр ананың өнегелі өмірі

«Ана» деген ұлы есімді ұлықтап айту перзент ұғымынан терең орын алатын қастерлі парыз. «Ана» деген сөз жер жүзіндегі әйел атаулыға ортақ болғаныменен ол атты өз дәрежесінде көтеріп жүру жеңіл жүк емес. Ананың Отан алдында алатын орны, отбасында атқаратын рөлі бір мемлекеттің өркендеп даму стратегиясымен тікелей, тығыз байланысты. Мысалға, мемлекет жайқалып өскен, жемістері самсап піскен бір жеміс бағына балайтын болсақ сол бақтың түп тамыры, өсіп-өнген өзегі тағы да «Ана» деген аттан бастау алады. Мұндай аналардың қатарына Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Перуза Сыдыққызын жатқызуға әбден лайықты.

Перуза апа он баланың анасы, 45 немере мен 18 шөберенің асыл әжесі. Батыр ана Өзбекстан Республикасы Хорезм облысы Хиуа ауданында дүние келген.
Әкесі Сыдық Сәрсенбайұлы мен анасы Теңге Қуанышқызы өмірге бір ұл, бес қыз әкелген. Апамыз Перуза үйдің бесіншісі. Бесінші қыз Перуза тағдыр тауқыметін бес жасынан бастап тартқан. Осы жасында анасынан айырылып, тек әке қамқорлығында қалған. Қыспағы мол қысыл-таяң заманда шиеттей алты баланы асырау жалғыз әкеге оңай тимеген соң, Перуза балалықпен ерте қоштасып, еңбекке жеті жасынан араласқан. Заты қызбала болса да ер балаша жігерленіп, табиғатына тән нәзіктігін ұмытып, білек сыбана жұмысқа кіріскен.
Өмір заңдылығына сай әрбір бала еркелеп, еркін жетілуі шарт. Алайда басқа түскен тағдыр талқысы, заман талабына көндігіп, тіршілік етуден танбаған Перуза бейнет істеуге әбден дағдыланды.
Осы ретте, Батыр ана Үргеніш қаласында табаны күректей 30 жыл жиһаз фабрикасында үздік еңбек еткен. Осындай бір саладағы үздіксіз еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалін иеленген. Сонымен қатар, еңбегі еленіп түрлі мақтау грамоталары мен медальдармен марапатталған. «Дүниежүзі қазақтарының облыстық филиалына 1 жыл мерекелік медалін өңірдегі басшылықтар табыстаған. Батыр ананың кеудесінде үш күміс медаль және «Батыр ана» бес жұлдызды медалі жарқырайды. Жетпісті алқымдаған қарт ана қазіргі таңда балаларының қамқоршысы атанып, кәсіпкерлік саласымен айналысуда.
Перуза апа өз Отанына отбасымен 1993 жылы оралған. Атажұртқа келген олар ең алғашқы жылдары Көкбастау ауылдық округі Қосбөлтек ауылына қоныс аударады. Кейіннен аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына көшіп келген.
-Біз отбасымызбен тарихи отанымызға ең алғашқылардың бірі болып оралдық. Ол кезде Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер тәуелсіздік алып, егемендігін жариялап жатты. Сол тұстары Қазақ елі де өз егемендігін алды. Мемлекетті басқаруды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолына алды. Елбасы жан-жақтағы атажұртын аңсаған қандастарды елге оралуға шақырды. Бұл жаңалықты естіген біз отбасымызбен тарихи Отанымызға оралуды жөн санадық.
Негізінен менің әкемнің кіндік қаны тамған жері Қызылорда облысы Қазалы ауданы болатын. Әкем сол ашаршылық замандары үш баламен Өзбекстан асып кеткен. Оның екі бауырының бірі аштықтан қайтыс болса, бірі тірі қалды деседі. Әкеміз сол замандағы ашаршылық, сұрапыл соғыстарды бастан өткерген. Елін, жерін қимай қыр асып, жат жерді паналаған. Балаларының амандығын тілеген. 25 күн ішінде Өзбекстанға жетіп, үш баласымен аман жеткен екен. Қилы замандарды, яғни қазақ халқы қырғынға ұшыраған аштықты, сұрпыл соғысты әкем бастан өткерген. Одан кейін біз сол өзбек жерінде дүниеге келгенбіз.
Адам қиындық көрген сайын жетіліп, күш жинайды екен. Сол замандағы қиын кезеңдерді бастан өткерген соң аяққа тұра бастадық. Әкеге көмекші, бауырға жанашыр тірек болу керек болды. Әйтеуір нан табудың қамын жасадық. Жұмыс талғамадық. Әкеммен бірге ми қайнатар күннің ыстығында төрт түйеге сексеуіл артып, Хиуа базарына апарып ақшаға айналдырамыз. Менің саудаға деген қызығушылығым осы бала күнімнен қалыптасты. Қысы-жазы қой, ешкі бағып олардың төлдерін сатып, күнкөрістің қамын жасайтынбыз.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Атажұртымызға оралдық. Балалар әртүрлі жаста. Ауыл тұрғындары да жылы қабылдады. Жатсынбады. 1994 жылы арбаға май салып алып, сатып кетемін. Майда-шүйделер бар. 1 литр майды 10 теңгеге сатамыз. Көше жарығы жоқ, жол қазіргідей жөнделмеген. Менің есімде қалғаны 25 қазан күні қалың қар жауды. Боран болып тұр. Мұндай ауа райын балалар көрмеген. Үйге әрең жетемін. Міне, осылайша біртіндеп сауда-сатыққа шығып, күн көрдік.
Амантай екеумізден Бағдагүл, Замира, Мұрат, Анаргүл, Әділбек, Құрбанкүл, Байрамкүл, Наргиза, Жолдасбек, Дилфуза есімді ұл-қыздар тарады. Қазіргі таңда 10 балам он шаңырақтың иесі. Өсіп-өнген отбасылардың қатарында. Немерелерім де сауатты. Жоғарғы оқу орындарында оқып, өз салалары бойынша еңбек етуде. Елімізге келіп, өсіп-өркендеп, жетілдік. Қолымда Жолдасбек деген ұлым тұрады. Қыздарымның барлығы да қолғабыс етеді. Барлығын үй-жайлы етіп, олар да ел қатарлы өмір сүруде. Аллаға шүкір!, – дейді Перуза апа.
«Кәсібің – нәсібің» демекші, Перуза Сыдыққызының қазіргі кезде орталық базардан «Батыр Ана» деген азық-түлік дүкенінің сауда-саттығын ұршықтай үйіріп отырғаны сексеуілмен мал төлінен басталған кәсібінің мол тәжірибесі екені даусыз. Кәсіпкерлігін бүгінгі күні қызы Байрамкүл мен ұлы Жолдасбек жүргізіп отыр.
-Қажылық – исламның бес парызының бірі. Әр адам өмірінде бір мәрте осы қасиетті сапарға баруға ниет етуі керек. Осы ниетіме мен 2001 жылы жеттім. Ұлым Жолдасбек Алматы қаласындағы «Кәусар-саяхат» компаниясынан жолдама алып берді. Әкем қажылыққа баруды армандап өткен. Сол әкем бара алмаған жерге мен бардым. Аллаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Ұлы қаратастың алдына барғанда елімнің амандығын, балаларымның, туған-туыс, бауырларымның бақытты болуын тіледім. Киелі жердің қасиеттілігін айтып жеткізу мүмкін емес. Тәу етіп жүрген мұсылман қауымы көп. Адасып кетесің. Сол кезде алыстан көк туымыз желбіреп тұрады. Соны көргенде қуанып, төбең көкке жетеді, – деп сол кездерді еске алды Батыр ана.
Батыр ана өмірін еңбекке арнаған жан. Еңбек ардагері. Еңбекпен келген әрбір дүниенің қадірін жақсы біледі. Жанұясындағы ұрпағын үнемшілдікке, ысыпаршылдыққа жол бермеуге, адалдық пен имандылыққа баулиды. «Қарты бар ел қазыналы» демекші, жарқын жүзді Перуза апа жан-жағына шуақ шашып, мейірімін төгеді. Осы ретте, тағдырдың тауқыметіне қарсы тұрып, еңбекпен есейген Батыр ананың өнегелі өмірі көпке үлгі-өнеге.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close