Basty bet
күрделі кезеңде жарияланып отыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауда атап өткендей, дәл қазіргі уақытта дүниежүзіндегі елдермен қатар Қазақстан да аса күрделі кезеңді бастан кешіріп отырғаны белгілі. Президент бұл жөнінде бір емес, бірнеше мәрте халыққа арнаған мәлімдемелерінде де кеңінен айтқан болатын.
Күздің алғашқы айы қыркүйектің бірінші күні Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын арнады. «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Президент алдымен пандемиямен күрестің әлі де жалғасып жатқанын тілге тиек етіп, кеселмен күресте белсенділік танытып, аз қамтылған отбасыларға, жоқ-жітікке қарайласқан қолы ашық азаматтарға алғысын білдіріп, халықтық асыл қасиеттерімізді ерекше бөліп атап өтті. Сонымен қатар, пандемиямен күрес барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңі болғаны баса айтылды.
Ең бастысы, қазіргі алмағайып жаңа кезеңге қарамастан Қазақстан Республикасының әлем елдері арасында өзінің лайықты орны бар екені Президент Жолдауында жан-жақты айтылды. Мемлекетіміз пандемияға қарамастан халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындаумен қатар экономиканы қолдауға бағытталған шараларды да жүзеге асыра беретін болды. «Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланып отыр. Біз қазіргі қиындықты міндетті түрде еңсереміз» деп атап өтті Президент.
Қандай кезеңде болсын, кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес ел экономикасының тірегі болып табылады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа арнаған жаңа Жолдауында да кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласын дамытуға ерекше басымдық беріліп, саланың дамуына оң серпін беру үшін қазынадан қомақты қаражаттар бөлінетіні белгілі болды. Бұл шағын және орта бизнесте жұмыс істеп жүрген біз сияқты жеке кәсіпкерлерге үлкен қолдау болмақ. Қорыта айтқанда, күрделі кезеңде жарияланып отырған Президент Жолдауынан көптеген игіліктерді күтеміз. Жаңа жобалардың жүзеге асуы әрине, сіз бен бізге байланысты.
Гүлнар СҰЛТАНОВА,
жеке кәсіпкер.
Б.Момышұлы ауылы