Basty bet

Сала қызметкерлеріне лайықты қолдау көрсетіледі

Мәдениет пен өнер – ең алдымен халқымыздың сан ғасырдан бері қалыптасқан рухани асыл қазынасы. Ал рухани құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау жұмысы рухы биік халыққа ғана тән қасиет. Тәуелсіз еліміздің рухани-мәдени дамуына мәдениет саласы мен халық шығармашылығын ұдайы дамытып келе жатқан «өнердің өз өкіліндей» болған қызметкерлер мен азаматтардың қосып отырған үлесі қомақты.
Мемлекет те мәдениет саласын ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастыратыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында мәдениет қызметкерлерін қолдаудың бірнеше тетіктерін атап көрсетіп, Үкіметке аталған сала қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуді тапсырды. Бұл ретте Президенттің: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс» дегені сала қызметкерлерінің жұмысына серпін беретіні сөзсіз.
Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында 1 аудандық, 8 ауылдық мәдениет үйі, 11 ауылдық клуб, аудан бойынша барлығы 20 мәдени ошақ халыққа қызмет көрсетуде. Жекеменшік ғимаратта отырған мемлекеттік емес клуб мекемелерінің саны – 1 (Шақпақата ауылдық мәдениет үйі). Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында 167 штат бірлігі, оның ішінде шығармашылық-76, жоғары білімдісі-56, орта арнаулысы-17, орта-3. 2020 жылы қосымша 8 штат бірлігі берілген. Атап айтқанда, Көктөбе, Қосбөлтек, Ертай ауылдық клубтарына әдіскер, аула сыпырушы штаттары, Шыңбұлаққа 1 көркемдік жетекші, Қошқаратаға 1 әдіскер, Көлтоғанға 1 әдіскер, 1 аула сыпырушы штаттары берілді.
Қазіргі таңда барлық мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтіп, материалдық базаларымен түгелімен қамтамасыз етілген. Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында 22 үйірме жұмыс жасайды. Хор және вокал үйірмелеріне келер болсақ, мәдениет ошақтарында барлығы бес хор және вокал үйірмесі жұмыс жасап отыр. Оған қатысатындардың саны 71 адамды құрайды. Оның ішінде МДО-да 3 үйірме. «Гүлдерайым» вокал тобы. Жетекшісі – орта арнаулы білімі бар жас маман Назерке Ахмет. Үйірмеге 6 адам қатысады.
Эстрадамен ән айту үйірмесі де жемісті жұмыс жасап келеді. Жеке дауыста ән айту үйірмесіне Бекзат Жұматаев жетекшілік етеді. Үйірмеде бірқатар талантты жастар ән айтуға үйреніп, аудан көлемінде өтіп жатқан барлық мәдени іс-шараларда өз өнерлерін көрсетуде. Мәдени демалыс орталығында бір ән-би ансамблі жұмыс жасайды. Оған қатысушылардың саны – 24 адам.
Ал жарты ғасырға жуық тарихы бар «Қызғалдақ» халықтық ән-би ансамблі өткен жылы өткізілген іс- шаралардың барлығында халыққа кәсіби тұрғыдан қызмет көрсетті. Аталған ансамбль көптеген мәдени шараларда өз өнерлерін көрсетумен қатар концерттік бағдарламалар мен гастрольдік сапарларға шығып тұрады.
Мәдениет ошақтарында ұлт аспаптар оркестрі – 3. Оған қатысушылар саны – 48 адам. Оның ішінде МДО-1, қатысушы саны – 30. Ұлт аспаптар оркестрі белгіленген жоспар бойынша жұмыс атқарды. Құрамында 30 адам бар. Үйірме мүшелерінің дені аудан орталығындағы мектептер мен өнер мектептерінің ұстаздары және аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері. Оркестр жетекшісі – жоғары білімді кәсіби маман, көптеген музыкалық аспаптарды жетік меңгерген білікті маман Ришад Қуанышев.
Мәдениет ошақтарында барлығы 20 би ұжымы мен үйірмелер жұмыс істейді. Тиісінше, оған қатысатындар 193 адамды құрайды. Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының жанынан құрылған «Қызғалдақ» би үйірмесіне Элмира Жаманқұлова жетекшілік етеді. Ал «Шаңырақ» бишілер тобы облыс, аудан көлемінде өтетін мәдени мерекелік іс-шараларға қатысуда. Би тобына әдеттегідей мектеп оқушылары би үйірмелеріне қатысатын талапкерлер келеді. Бұл үйірмеге Наталья Чистякова жетекшілік етеді. Аудандық мәдениет үйі мен Шақпақата ауылдық мәдениет үйінде екі фольклорлық ансамбль жұмыс жасайды. Ансамбль мүшелері 12 адам.
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын ілгерілету, мән-мағынасы терең, өскелең ұрпаққа рухани тәрбиелік маңызы жоғары, қалың көпшілік сүйіп тыңдайтын дәстүрлі музыка өнерін насихаттау мақсатында тұңғыш рет І Республикалық «Көне Тараз күмбірі» этно-фольклорлы ансамбльдерінің конкурсы өткізілген болатын. Осыған орай, Жастар жылы аясында «Көне Тараз күмбірі» І облыстық фольклорлық ансамбльдер конкурсына «Қызғалдақ» ән-би ансамблі қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұл да өткен жылы жеткен жетістігіміздің бірі.
Қасиетті Жуалы ауданының мәдениет саласы туралы әңгіме қозғалғанда, бұрыннан қалыптасқан белгілі жанұялық ансамбльдер туралы айтпай кетуге болмас. Аудан көлемінде бес отбасылық ансамбль жұмыс жасайды. Оның ішінде алыс-жақынға ең танымалы ретінде «Сметовтар» отбасылық ансамблін құрметпен атауға болады. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қызтоған ауылынан қанат қаққан Сметовтар жанұялық ансамблі аудан, облыс, тіпті, республика көлемінде өз өнерлерімен халыққа қызмет етіп, ел алғысына бөленіп жүр. Аталған өнер ұжымы «Өнерлі, өнегелі жанұялар» байқауында, тағы да басқа өнер додаларында топ жарып, жүлделі орындарға ие болып келеді.
Одан бөлек, ауданда «Өтебаевтар», «Әбделиевтер» отбасылық ансамблінің жүйелі жұмысын атап көрсетуге болады. Ал Шақпақата ауылындағы «Шәкірбаевтар» отбасылық ансамблі 2000 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ансамбльдің жетекшісі Әзиз Шәкірбаев №4 Балалар өнер мектебінде домбыра класынан дәріс береді. Ансамбльдің құрамы бес адамнан тұрады.
Аудан, облыс көлемінде халыққа өнер мен мәдениет тұрғысынан сапалы әрі жемісті жұмыс жасап жүрген «Жаңабаевтар» халықтық ансамблінің жөні тіптен бөлек. Отбасылық ансамбльдің құрылғанына биылғы жылы 22 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында ансамбль мүшелері ауқымды жұмыстар атқарды деп айтуға толық негіз бар. Өткен жыл бедерінде Жуалы ауданының Жамбыл ауданындағы мәдениет пен өнер күніне арналған «Ауылым – алтын бесігім!» атты іс-шаралары Айша-бибі ауылында «Жаңабаевтар» халықтық ансамблінің концерттік бағдарламасы негізінде өткізілді. Қазіргі таңда отбасылық ансамбльде жеті адам тұрақты қызмет етеді.
«Театр – өнер атауының қара шаңырағы» демекші, ауданымызда 40 жылдан астам тарихы бар «Жуалы» және «Мыңбұлақ» халықтық театрларының ұжымы жуалылықтардың рухани әлем деңгейінің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқаны даусыз. Бүгінгі таңда бұл екі театрдың режиссерлары қызметіндегі Ерболат Қаттебеков пен Ербол Бекжанов жас та болса дарынды, талантты мамандар. Аталған өнер ұжымдарында 24 қызметкер бар. Өткен жыл театр ұжымы үшін жемісті жыл болды десем, артық айтпаймын. Наурыз айының соңғы күндері Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ұйымдастырылған «Киелі бесік» республикалық фестивалінде «Жуалы», «Мыңбұлақ» халық театрларының әртістері дәл осы тақырыпта театрландырылған қойылым қойып, нәтижесінде жүлделі ІІ орынды қанжығалады. Жуалының Жамбыл ауданындағы күндеріне арналған «Ауылым – алтын бесігім!» атты іс-шаралар аясында Аса ауылында «Жуалы», «Мыңбұлақ» халықтық театрларының қатысуымен қойылған «Берекең кетсе…» қойылымы мағына мен мазмұны жағынан қалың көрерменнің көңілінен шықты. Сонымен қатар, «Мыңбұлақ» халық театрының әртістері «Күлеміз бе?» атты облыстық әзіл фестивалінде II орынды иеленді.
13-18 мамыр аралығында «Мыңбұлақ», «Жуалы» халық театрларының әртістері Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасында мәдениет күндерінің өтуіне байланысты Өзбекстанның Жиззах облысына арнайы барып, қазақ өнерінің құдіретін паш етіп, үлкен әсермен оралғанын ерекше атап өткім келеді.
Кейінгі кезде мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қолдау көрсетудің нәтижесінде мәдениет саласына жастардың көптеп келіп жатқаны көңіл қуантып отыр. Осы ретте мекеменің жас қызметкері Бауыржан Тәжімұратов «Жастық жалын – жаңғыру жолы!» атты аудандық жастар форумында «Жуалы жайсаңдары» жастар сыйлығының лауреаты атанып, «Үздік жас мәдениет қызметкері» аталымы бойынша марапатталды.
Ауданда жөндеуді, жаңғыртуды қажет етіп отырған бірқатар мәдени ошақтар бар. Биылғы жылы жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы, Қарасаз, Күреңбел, Бәйтерек ауылдық мәдениет үйлері, Қоңыртөбе, Жылыбұлақ, Шыңбұлақ ауылдық клубтарына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Қайсар АСЫЛБЕКОВ,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры

Таңдаулы материалдар

Close