Basty bet

Күнгей ауылдың көлеңкелі тұстары

Өңірде жылдап келе жатқан күрмеуі қиын проблемалар қашан шешімін табады?

Ақтөбе ауылдық округі ауданымыздың оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қырғыз Республикасымен шектесетін аймақта орналасқан. Күнгей өңірдің жер ыңғайы мен табиғаты бағзы заманнан ауыл және мал шаруашылығын жүргізуге қолайлы аймақтың бірінен саналады. Округтің былтырғы жылы облыс байтағында қолға алынған қанатқақты жоба – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асырылатын аймақ ретінде таңдап алынғаны да сондықтан.

Дейтұрғанмен, өңірде жылдар бойына шешімін таппай келе жатқан өзекті проблемалар баршылық. Ауылдық округ әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы Ғалым Жақыпбековтің айтуынша, бүгінде ауылдық округ аумағындағы төрт ауылда да аса өткір болып тұрған басты проблеманың бірі – тұрғындарға қажетті ауыз су мәселесі. Бұл жайт түрлі жиындарда көтерілгенімен, әзірге тиісті шешімін таппай келеді. Қазіргі таңда ауыл-аймақтардағы су көздері мен ұңғымалар зерттеліп, әзірленген жобалық-сметалық мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынылды.
Бұрынғы кеңес өкіметі тұсында округке қарасты барлық елді мекендерде ауызсу құбыры болған. Ескі су құбырлары әлі де тұр. Алайда, ол қазір ескіріп, әбден тозығы жеткен, кей жерлерде мүлдем істен шыққан. Сондықтан жаңа ауыз су құбыры қажет. Мемлекеттік сараптама оң нәтижесін берсе, ауылдарға ауыз су құбыры тартылады деген үміттеміз.
Одан кейін бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан шаруа қожалықтарының егіс алқаптарындағы суғармалы судың тапшылығы. Ауылдық округте 97 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс істейтін болса, 80 пайызы ағын судан тапшылық көріп келеді. Кеңес өкіметі тұсынан бері қалыптасқан су-шаруашылық укладына қарай алқапты жердің басым бөлігін қырғыз тарапынан келетін үш арна суландырып отыратын. Көрші елмен шекара ашықта біздің шаруалар арғы жаққа өтіп, ондағы су басында отырғандармен арада келіссөз жүргізіп, алқаптарға қажетті суды жеткілікті көлемде алып отыратын. Алайда, бұл берік қағида бүгінде жойылған. Шекара айқындалып, тікенек сым тартылғаннан кейін айыр қалпақты ағайынмен арадағы алыс-беріс, барыс-келіс тоқтады. Бұл ағын суға да өз салқынын тигізбей қоймады. Жылдар бойы жөндеу көрмеген су жолдары бұзылып, арналармен ағатын су тоқтап қалды.
Жалпы трансшекаралық өзендердегі су мәселесі екі елдің Үкіметі деңгейінде шешілетін күрделі мәселеге айналды. Шаруалар қырғыз суына сеніп қалмай, өздері де қол қусырып, қарап қалмақ емес. Жергілікті су көзін іздестіру, кәдеге асыру мақсатында бастау-бұлақтар мен тоғандардағы судың көлемі зерделенді. Ендігі мақсат – осы суларды қажетке жаратып, әр тұстан су жинақтайтын коллекторлар мен тоғандар салу қажет. Алайда, осы жерде тағы бір проблема кесе-көлденең шығып, іске қолбайлау болып отыр. Ол – жылдар бойы тазаланбай, ұйық пен шым басқан тоғандар мен арналардың табанын аршитын техниканың қымбаттығы. Оны іске асыруға өзі әупіріммен күн көріп отырған бірді-екілі ұсақ шаруаның қолынан келмейді. Осы ретте олар өздеріне көмекке келуі тиіс механикалық отрядқа зор үміт артуда. Ал мехотряд көмекке келуі үшін тоғандар ресімделіп, жергілікті коммуналдық меншік теңгеріміне алынуы тиіс.
Ауылдық округ аумағында бүгінде 12 бұлақ пен су тоғандары бар. Дәл қазір бір тоғанның құжаттары ресімделуде. Бұл терең сайда орналасқан «Жарбұлақ» деп аталатын жасанды су қоймасы. Аталған тоған-көлді жайластыру үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қаражат қарастырылып, жақын күндері жұмысы басталуы тиіс.
Бауыржан Момышұлы-Бәйтерек бағытындағы облыстық мәндегі автомобиль жолы, Жаңаталап-Күркіреусу бағытындағы аудандық мәндегі жол өткен жылы орта жөндеуден өткізіліп, ауылдар арасындағы жолдардың сапасы әжептәуір жақсарып қалды. Дейтұрғанмен, кейбір елді мекендердің көшелері жолдарының сапасы әлі де сын көтермейді. Күркіреусу ауылында екі көше, Жаңаталап ауылында бір көше асфальтталмаған, ал округ орталығы – Бәйтерек ауылында 12 көше бар болса, соның төртеуі ғана жөнделген, қалған сегізі жөндеуді қажет етеді. Сонымен бірге көшелерді жарықтандыру да кезек күттірмейтін мәселе қатарында.
Күнгей аймақтағы жұртты көптен бері толғандырып келе жатқан проблеманың тағы бірі – Интернет желісінің мүмкіндіктерінің аздығы мен жылдамдығының нашарлығы. «Қазақтелеком» АҚ кең жолақты Интернет желісі тек 60 абонентке ғана шақталған, яғни бұл ұлттық байланыс операторының қызметін тек осынша тұрғын ғана көріп отыр деген сөз. Жаңаталап ауылындағы бұрынғы екілік телефон нөмірлері ажыратылып, орнына сымсыз бестік телефон желісі қондырылған.
Ауылдардағы ұялы байланыс желісінің сапасы туралы сөз қозғаудың әзірге артық болып тұр. Ол барлық жерде бірдей ұстай бермейді. Соның салдарынан төтенше жағдай кезінде оқушылар мен студенттер қашықтан оқыту сабақтарын тиісті деңгейде меңгере алмауда, басқа да әлеуметтік-мәдени мекемелердің жұмысына кері ықпалын тигізіп, тұрғындарға да бірқатар жайсыздықтар әкелуде. Мобильдік байланыстың көмегімен бір демде шешілетін шаруа үшін тұрғындар кейде аудан орталығына жол салып, сабылуына тура келеді.
Ауылдық округ аумағында биылғы жылдың басынан «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасы енгізіліп, табысты іске асырылуда. Ауыл тұрмысының бес басым бағытын қамтитын бірегей жоба аясында тұрғындардың бірі үй іргесіндегі жерлеріне түрен салып, екі айналымда пісіріп, табыс әкелетін дақылдар өсіруге ден қойса, тағы біреулері мал басын көбейтуді межелеуде. Сонымен бірге, бұған дейін айналымнан тыс қалып келген ауыл сыртындағы жерлерге де «жан бітіп», ондағы алқаптарға көпжылдық екпе шөптер, мал азығындық дақылдар себіліп, бапталуда.
Пилоттық жобаның іске асырылуымен өңірде мал басы арта түскен. Ауылдық округ әкімі аппаратының мәліметінше, мүйізді ірі қара мал басы 492, қой-ешкі 1069, ал жылқы 688 басқа ұлғайған. Мал басының артуына байланысты мал өрістері мен жайылымдардың тарлығы сезілуде. Ауылдардағы табындар өріске екі бағытқа шығуда. Бойдақ малдар ауыл сыртына, Қаратаудың жонындағы жалға алынған жайылымдық жерлерге жіберілуде. Кейбір мал иелері бестен, оннан бірігіп, малды кезекпен бағады. Басында жылы және жайдақ қоралары бар.
Жайылым тапшылығын еңсеру үшін ауылда тек сауынды сиырлар мен бұзаулар қалады. Бие байлап, қымыз өндіріп отырғандар құлынды биелерді ауылға жақын жерде ұстайды. Бәйтерек ауылынан үш, Жаңаталап, Күркіреусу және Ақтоған ауылдарынан бір-бірден мал табындары өріске шығады.
Бәйтерек ауылында елді мекеннің сәнін кетіріп, көркін бұзатын, көзге қораш көрініп тұрған бірнеше ғимарат бар. Соның бірі – бұрын әмбебап дүкен болған, кейіннен аудандық білім бөлімі спорт зал етіп қайта жабдықтау үшін сатып алған ғимарат. Тиісті органның ғимараттың ақаулы және пайдалануға жарамайтыны туралы актісінен кейін жеке адамдар ғимараттың төбесіндегі жабын плиталарын алып кеткен. Төңірегі айналдыра қоршалып, «Қауіпті аймақ» деген жазу ілінген ғимарат толығымен бұзылды.
Одан бөлек, осы ауылда бұрынғы ауылдық аурухана болған, кейіннен жекешелендіріліп, бұзылып, жартылай қаңқасы қалған ғимарат бар. Оның иесімен де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, Ақтөбе ауылдық округінде біз хал-қадірімізше қозғау салуға тырысқан осындай өзекті проблемалар алдағы уақытта кезеңімен шешімін табады деген сенімдеміз.

Таңдаулы материалдар

Close