Basty bet
Бірлігі бекем елде толымды тірлік те болады
Өткен жұмада облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың онлайн форматта халыққа есеп беру кездесуі өтті. Есеп беру жергілікті телеарналар, облыс әкімдігінің сайтында, инстаграм, фейсбук және ютуб ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы көрсетілді. Өңір басшысы сонымен қатар, тікелей эфир кезінде әлеуметтік желілер, 109 қысқа нөмірі бойынша Call орталыққа және Skype қосымшасы арқылы облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Облыс әкімінің есебін аудандық “Достық” мәдениет үйінде аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, ардагерлер, аудан тұрғындары жиналып, LED экран арқылы тыңдады.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндады. Әр салаға тоқталып, қол жеткізген жетістіктерді және алдағы жоспарларды баяндады.
Облысымыздағы маңызды саланың бірі – ауыл шаруашылығы саласы.
– Жамбыл облысында биыл бірінші рет 980 гектар алқапқа рапс орналастырылды. Ендігі мақсат – көкөніс, бау-бақшаны дамыту. Өңірдің бұрыннан даңқы шыққан өзіндік өнімдері бар. Ол Қазақстанда ғана емес, бұрын одаққа әйгілі болған алма, картобымыз, пиязымыз бен сарымсағымыз. Соған көңіл бөліп, қосымша сұранысқа ие өнімдерді шығаруға күш салуымыз керек. Рапсқа қосымша сояны, мақсарыны көбейту керек.
Одан кейін соңғы кездері бал өндіру мәселесін шындап қолға алып отырмыз. Меркі балының қандай сұранысқа ие екенін жақсы білесіздер. Осы бал шаруашылығына үлкен үміт артып отырмыз. Оларға жергілікті бюджеттен субсидия төлейміз. Былтыр 1200 тонна бал шығарылса, биыл 1500 тоннаға жеткізу мақсаты тұр,- деді облыс басшысы. Бердібек Машбекұлы, сонымен бірге, балық шаруашылығын дамыту мақсатындағы жұмыстарға, жалпы осы саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар, әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, спорт, мәдениет, білім саласы мен денсаулық сақтау, т.б салалардағы оң өзгерістерді айта келіп, алдағы уақытта да еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің арқасында биік межелерге қол жеткізетіндігімізге сенім білдірді.
Облыс басшысы бұдан соң тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Облыс әкіміне біздің ауданнан да үш сұрақ қойылды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»