Basty bet
Басшылар есебі тыңдалды
«Nur Оtаn» партиясының аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес аудандағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар басшылары өзі басқарып отырған мекемелерде Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлықпен күрестің 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы, сыбайлас жемқорлықпен күрестің жай-күйі, жемқорлық тәуекелдерін азайту, басқа да атқарылған шаралар туралы жүйелі түрде есеп беріп отырады. Кеңес мүшелері есепті тыңдап, ол бойынша ұсыныстар мен ескертпелер қамтылған тиісті қаулылар қабылдайды.
Кеңестің таяудағы кезекті отырысында аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Есім Ордабаев пен Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбетәлиев есеп берді.
Отырысты партия аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын баяндау үшін сөзді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Есім Ордабаевқа берді. Ол бөлім басшылығының полицияның халық арасында жағымды имиджін қалыптастыру жөніндегі мақсатты жұмыстар жүргізетінін, сыбайлас жемқорлықпен күреске және заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар туралы шолулар жеке құрамның назарына үнемі жеткізіліп отыратынын, нәтижесінде полиция қызметкерлері тарапынан мас күйінде автокөлік жүргізген, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген, сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен тәртіп пен заң бұзушылықтың орын алмағанын атап көрсетті. Осы мақсатта бөлімше бастықтары қарамағындағы қызметкерлерді қызметте және қызметтен тыс уақыттарда қатаң бақылауда ұстайды. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеген. Полиция қызметкерлері өңірдегі карантин шараларының сақталуын қадағалауға өз үлестерін қосып келеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбетәлиевтің әкімдік аппаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жай-күйі туралы баяндамасы тыңдалды.
Кеңес мүшелері Керімқұл Бегалиев, Нұрмахан Тыныбеков, Абылайхан Сәрсенов басшылардың есептерін тыңдай келе, бірқатар сұрақтар қойып, оған қанағаттанарлық жауаптар алды. Қаралған мәселелер бойынша кеңес отырысы тиісті қаулылар қабылдады.
Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»