Basty bet
Аудан тұрғындарының назарына!
Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының 32- бабына сәйкес Жуалы ауданының прокуратурасы келесі заң талаптарын түсіндіреді.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 10.05.2020 жылғы Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы №36 (37) қаулысымен азаматтардың жүріп-тұруына қатысты шектеулер қарастырылған. Шектеулер облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 10.05.2020 жылғы №19 (20) қаулысында да көзделген. Шектеулерге сай ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ, отбасылық, еске алу іс-шараларын өткізуге, сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметіне, діни объектілердің қызметіне тыйым салынған.
Азаматтардың тауарлар, медициналық заттар, дәрі-дәрмектер сатып алуына, медициналық көмекке жүгінуіне, аулада бір жанұядан екі адамнан серуендеуге рұқсат етіледі. Бір жанұяның мүшелерін қоспағанда, үш адамнан артық топ болып жүруге, үлкен адамның қадағалауынсыз кәмелетке толмағандардың жүруіне тыйым салынған. Адамдар жаппай шоғырланатын орындарға, оның ішінде жаяу қыдыратын (көше), саябақ, алаң, спорт алаңы және өзге де тұрғындар демалатын орындарда жиналуға, қыдыруға тыйым салынады.
Ерекше назар аударатын жайт, барлық жағдайда азаматтар медициналық маска киіп жүруге және арақашықтықты сақтауға міндетті.
Бұл орайда, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің шешімімен енгізілген шектеу шараларын, оның ішінде карантин талаптарын бұзу ӘҚБтК 462-бабы 3-бөлігінде көрсетілген жауаптылықты туындатады және жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға – он бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соқтырады. Аталған бап бойынша хаттама толтыру ішкі істер, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары, сондай-ақ, өзге де мемлекеттік органдардың құзіретіне кіреді.
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерден заңнама және карантин талаптарын бұлжытпай орындауды, сақтық шараларын сақтауларыңызды сұраймыз.
Жуалы ауданының прокуратурасы