Basty bet
Шебердің қолы ортақ
Елімізде қолдан шыққан бұйымдарға деген сұраныс, халқымызға тән талғам әлі күнге дейін өз бағасын жоғалта қоймағаны белгілі. Ертай ауылының тұрғыны Динара Жамалбекқызының ұлттық қазақи нақышта тоқыма тоқып, сүйікті ісімен айналысып жүргеніне біраз жылдың жүзі болды. Қолөнер шебері Шақпақата ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Ертай ауылының келіні. Қолөнер ісімен мектеп жасынан бастап айналысқан ол бүгінде өзінің күнделікті өмірін қолөнерсіз елестете алмайтынын, әртүрлі киім, бұйым тоқу арқылы бойына күш-қуат алып, ерекше шабыттанатынын айтады.
«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, Динара Қайыпова ауылдағы «Самал» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істеумен қатар үйінде ауылдастарынан тапсырыс қабылдап, іс тігумен айналысады. Тоқыма өнері шеберден шыдамдылықты талап ететіні мәлім. Осы орайда «үй тірлігімен қоса тоқыма жұмыстарына қалай үлгеріп жүрсіз?» деген менің сұрағыма қолөнер шебері: «Адам ерінбей талаптанса, күнделікті уақытын тиімді пайдаланса ғана барлығына үлгереді. Ең бастысы, сүйікті жұмысың болса адамға ешнәрсе қиын емес» деп, тіпті, қолөнерді кәсіп ету арқылы болашақта оны табыс көзіне айналдырмақ ойы бар екенін де қоса жеткізді.
Динара Жамалбекқызы отағасы Нұриддин Борашев екеуі отбасында Зульфия, Марал, Жанерке есімді үш қыз тәрбиелеген өнегелі ата-ана. Бұл отбасы мүшелерінің еңбекқорлығымен қатар адамгершілік қасиеттері өз алдына бір төбе. Қолөнер шебері Динара апай мектеп және балабақшалардағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға өз қолынан шыққан бұйымдарды тегін беріп, ауыл жұртшылығының да алғысына бөленуде. Қауіпті індеттің таралуына байланысты жарияланған карантин режімі кезінде де Боралдай ауылдық округі әкімшілігінің қолдауымен медициналық бетперде тігіп, ауыл тұрғындарына тегін үлестірді.
Алыс ауылдағы қарапайым мамандықтың иесі, өз ісінің нағыз шебері Динара апай менімен әңгімелесу барысында қолөнерге бет бұрған шәкірттерге: -Жастарға айтарым, тек талаптанып, ерінбей еңбектену керек. Бір үзім нанның өзі маңдай тердің арқасында келеді. Ұнатқан ісің, сенің бойыңдағы бір дарын. Оны орнымен пайдалана білу маңызды,- деген ойын жеткізген еді.
Динара Оралбек,
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің журналистика мамандығының
І курс студенті