Basty bet

Кәсіпкерлерге қатаң ескертілді

Елімізде төтенше жағдай режімі тоқтатылғанымен карантин режімі жалғасуда. Себеп, еліміздің аумағында індеттің таралуы әлі бәсеңдеген жоқ.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына, ҚР Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» №285 Жарлығына, Жамбыл облысының жедел штаб отырысының 26 мамырдағы №20 хаттамасына сәйкес аудан әкімдігінің аудан аумағында карантиндік режімді түсіндіру және санитарлық талаптарды сақтау жөніндегі комиссия құру туралы қаулысына сәйкес арнайы комиссия құрылған болатын.
Комиссия құрамында екі топ бар. Оның біріне аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы төрағалық етсе, екіншісіне аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев төрағалық етуде.
Апта соңында екі топ аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, кәсіпкерлер мен жалпы халықты сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Мәселен, Ернұр Маратұлы басшылық ететін топ мүшелері жұмысын Бейсенбек Сафинов көшесінің бойындағы «Шақпақата» атты құрылыс материалдарын сататын нысаннан бастады. Комиссия төрағасы дүкен сатушысынан сақтық шараларының қаншалықты сақтап отырғандығын сұрады.
-Кәсіпкерлердің жұмыс істеп жатқаны бізді қуантады. Себебі, ел экономикасының дамуы үшін, яғни бәріміз ортақ мүдде үшін еңбек етіп жатырмыз. Алайда ең бірінші кезекте халықтың денсаулығы, қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан сақтық шараларын әркім өзінен бастауы керек. Талапты сақтай отырып жұмыс істеңіздер. Міндетті түрде антисептиктер, қолжуғыштар тұруы керек. Маскасыз, қолғапсыз жүрмеңіздер, келушілерге әлеуметтік арақашықтықты сақтауларын ескертіңіздер. Тұтынушылардан осы тәртіпті қатаң талап етеңіздер. Олай болмаған жағдайда сіздерге шара қолдануға тура келеді. Яғни, әкімшілік айыппұл төлейсіздер. Айыппұл сомасы да аз емес, кәсіпкерлерге 100 айлық есептік көрсеткіш, ол дегеніңіз 271 мың теңге болса, жеке тұлғаға, мәселен, сатушыңызға 5 айлық есептік көрсеткіш 13 мыңдай айыппұл салынады.
Маскамен жүру әрине оңай емес, алайда сақтануымыз керек,- дей келіп Ернұр Маратұлы орын алған кейбір келеңсіз жағдайлар келесі тексеру барысында қайталанбауын ескертті. Тексеру барысында маскасыз жүргендер жиі кездесті. Барлық кәсіпкерлерге адамдардың маскасыз кірмеуін талап етуді, маскасыз келгендерге артық маскалар әкеліп қойып, ақылы түрде ұсынуларын айтты.
Сонымен бірге, құрылыс материалдарын сататын бір орынның алдында шаң-тозаңның ортасында құйылмалы балмұздақ сатып тұрған әйел кісіге ауданның бас санитар дәрігері Марат Искаков тез жиналып кетуін ескертті. Оған рұқсат етілмеген жерге сатуға болмайтынын, бұл жерде сату ешқандай талапқа сай келмейтінін, егер біреу осы балмұздақтан уланып ауырып жатса, қылмыстық іс қозғалатынын ескертті.
Комиссия мүшелері сонымен бірге бірнеше құрылыс материалдар сататын нысандармен қатар «Аружан» шағын маркетіне, Жібек жолы бойындағы «Береке» кафесіне, ТЖО-ларға, мемлекеттік кірістер басқармасына да бас сұғып, сақтық шараларын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Құрылыс материалдарын сататын әрі темір қабылдайтын бір кәсіпкерлік нысандағы келеңсіз жағдайдың, яғни адамдар кіріп-шығып жатқан кәсіпкерлік нысан ауласы қоқыс алаңы сияқты. Бұл келеңсіз жағдайды тездетіп ретке келтіруін тапсырды.
Біз бас сұққан Б.Сафинов көшесі бойындағы кішігірім дүкендегі тазалық мәселесі де сын көтермейді. Бұл жағдайдың барлығы алдағы уақытта қайталанбауы ескертілді.
Мемлекеттік кірістер басқармасында барлық жағдай талапқа сай. Қызметкерлердің арақашықтығы сақталған. Барлығы медициналық маскамен, қолғаппен жұмыс істеуде. Антисептиктер қойылған.
Ауданда «COVID-19» коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халыққа карантиндік режімді түсіндіру және санитарлық талаптарды сақтау жөніндегі комиссия жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close