Qoǵam
Түлектер алтын ұя мектебімен қоштасты
Әлемді құрсауына алған коронавирустық инфекцияның біздің елімізде де пандемия деп танылуына байланысты биылғы оқу жылында ұстаздар мен оқушылар үшін бірқатар өзгерістер мен қолайсыздықтар болғаны баршамызға белгілі. Сонымен бірге, карантин режімінің салдарынан жыл сайын 25 мамырда болатын дәстүрлі соңғы қоңырау салтанаты да кейінге шегерілген еді. Осы орайда аталған шараның өту барысы туралы аудан әкімдігінің білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Сыпатаевадан сұрап білген болатынбыз.
-Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған пандемия кезеңінде «COVID-19» коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып 2019-2020 оқу жылында аудандық білім бөліміне қарасты 29 орта мектепте жалпы 719 оқушы мектепті бітіріп отыр. Оның ішінде «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 мектептен – 27 оқушы, ал 17 мектептің 46 оқушысына «Үздік аттестат» берілді.
Мектеп бітіру іс-шаралары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен белгіленген тұжырымдамаға сәйкес үшінші маусым күні 17 білім мекемесінде екі ауысымда, ал төртінші маусым күні 12 білім беру мекемесінде оқушы санына қарай кезеңмен (сағат 10:00, 12:00, 14:00 аралығында) түлектерге аттестат тапсыру рәсімдері өткізілді.
Мектеп бітірушілердің, педагогтар мен ата-аналардың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігін сақтау мақсатында мектеп бітіру іс-шаралары ешбір қонақ шақырусыз өткізілді. Іс-шараға екіден артық емес ата-ананың қатысуы ұсынылды. Іс-шара мектеп аумағында, ашық аспан астында өтіп, оған бітірушілер мектеп формасымен қатысты.
Іс-шараға қатысушылар санитариялық-эпидемиологиялық және маскалық режімде, жеке гигиенаның сақталуын, қатысушылар арақашықтығының кемінде бір жарым немесе екі метр болуы қамтамасыз етілді.
Іс-шараның алгоритмі ретінде салтанатты ашылу, аттестаттарды тапсыру, «Алтын белгі» және ерекше үлгідегі аттестат иегерлерін марапаттау, сынып жетекшінің, мектеп бітірушінің, ата-ананың құттықтау сөздері сияқты бөлімдер ұсынылды.
Әр іс-шарадан кейін өту орны дезинфекцияланып, сыныптар мен олардың ата-аналарының бірігуіне жол берілмейтіндігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, осы арада айта кететін бір жайт, мектеп бітіру іс-шарасын ұйымдастыруға қаражат жинауға, мектеп бітіру іс-шарасын ұйымдастыруға аниматорларды, студияларды тағы да басқа ұйымдарды тартуға, педагогтарға, мектеп әкімшілігіне, мектепке сыйлықтар беруге, автокөліктерді қолдану арқылы жылжымалы экскурсия ұйымдастыруға, мектеп бітіру шараларын көңіл көтеру орындарында өткізуге тыйым салынды.
Жоғарыда аталған мәселелерді бақылауға алып, барлық білім беру ұйымдарында аталған талаптардың бұзылмауы білім беру ұйымдарының басшыларының назарында бақылауда болды,- дейді Гүлсім Ақылбекқызы.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
“Жаңа өмір”