Basty bet

Ауызбіршілік болса, алдымызда алынбайтын асу болмайды

Ауыл – ел бесігі. Сол қасиетті мекенде тұрып жатқан адамдардың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған, оның ішінде, ауыз су, газ құбырын тарту, жол жөндеу жұмыстары аса маңызға ие. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға, сол арқылы ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеуге, сонда тұрақтауына да азды-көпті жағдайлар жасалып отырғанынан қалың жұртшылық хабардар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында халықпен тиімді кері байланыс орнату мәселесіне баса назар аудару керектігін алға тартты. Осы орайда Президент: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды. Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады. Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екенін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн» деп мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырған болатын.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы халық пен азаматтық қоғам өкілдерінің көңілінен шықты. Халық асыға күтетін жылдың басты саяси оқиғасы болып табылатын Президент Жолдауы мемлекетіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын, халықтың алдына жаңа міндеттер қоятын жылдың басты құжаты екені баршамызға мәлім.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында еліміз шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құруға бейімделуде. Осындай мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар, ауылдық округтің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. Ұсынылған бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде округ тұрғындарының әл-ауқаты артып, халықтың тұрмысы түзелуде.
Жетітөбе ауылдық округі әкімінің аппараты, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148 Заңына сәйкес жүргізуде. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Елбасының, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын насихаттау және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыра отырып, төмендегідей жұмыстар атқарылды.
Ауылдық округ әкімі аппаратында әр тоқсандық жұмыс жоспары жасалып бекітілген. Жоспарда ауылға қатысты мәселелер, әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар қаралған.
Қазақстан Республикасының Президенті, Үкімет актілері мен тапсырмаларының, әкімдік қаулыларының, облыс және аудан әкімдерінің шешімдері мен өкімдерінің орындалуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жинақтау папкалары арналған. Аудан әкімі аппаратына жіберілетін ақпараттар, хаттамалық тапсырмалар толық және уақтылы атқарылады.
«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның талаптарына сәйкес жүргізілуде. Жыл басынан заңды тұлғалардан – 2, жеке тұлғалардан – 35 өтініш түсіп, оның 35-не талон берілді. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мерзімінде қаралып, шешімдерін тапқан. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары бойынша балабақшаға 16 жолдама берілді, оқушыларды тегін тасымалдауға 75 өтініш-сұраныс қаралды.
Ауылдық округ әкімі 2019 жылы 44 шешім, 103 өкім шығарған, бақылауға алынатыны жоқ. Мекемеде мемлекеттік қызметкер этикасы сақталады. Бұл мәселе округ әкімінің күнделікті бақылауында.
Жетітөбе ауылдық округі ауданда елді мекен саны жағынан үлкен округ саналады. Округте 529 аулада 3041 тұрғын тұрады. Тоғыз ұлттың өкілі бар. Алты елді мекенде үш орта, бір бастауыш мектеп, екі шағын балабақша, бір ФАП, бес ФП, екі кіші ауылдық клуб және үш кітапхана халыққа қызмет көрсетеді.
Ауылдық округ ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен мұнда 276 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Егін шаруашылығына тоқталар болсам, округте айдалмалы жер көлемі 10 627 мың гектарды құрайды. Шаруа қожалықтардың күшімен 1460 га күздік бидай, 3055 га көпжылдық шөп, таза жоңышқа – 280 га, арпа – 3300 га, мақсары – 3250 га, мал азығын дайындау жұмыстары аяқталды. Мал шаруашылығында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы мал санына келер болсам, 4393 бас ірі қара, 29349 қой-ешкі, 799 жылқы, 17 бас шошқа, 13934 үй құстары бар. Қолдан ұрықтандыру бойынша селекционер маман тарапынан және ветеринар мамандар тарапынан эпизоотиялық іс-шаралары жоспарға сәйкес атқарылуда.
2018 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, өнімді жұмыс жасауда. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Қоңыртөбе ауылының тұрғыны Ғабит Чукенов 30 млн алып, 834 (бас) қой алды. «Атамекен» кәсіпкерлікті дамыту бойынша бүгінгі күнге 3 азамат жалпы сомасы 7 млн теңге несие алып, 30 бас ірі қара мал алды.
Жалпы округ бойынша өткен жылы төрт шаруа қожалық бес жаңа трактор сатып алды. Басым техниканы Майбұлақ ауылынан ірі шаруа қожалық «Қалқаман» алып отыр. Аталған шаруашылық 17,7 млн теңгеге «МТЗ-80-1» маркалы екі трактор, «Алина» ШҚ -2, Кәріқорған ауылынан «Ұлжан» ШҚ бір трактор, Қосмұрат ауылынан «Ырысқұл» ШҚ тоғыз миллионға «МТЗ-892-1» маркалы бір трактор сатып алып, округтің ауыл шаруашылығы техникаларын біршама жаңартты.
Мәдениет және спорт саласына ауылымызда дұрыс көңіл бөлінген. Мәдени және спорттық іс-шараларға тұрақты түрде ауыларалық турнирлер, футбол түрінен жарыстар өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып тұрады. Мерекелерде де өз деңгейінде іс-шаралар өткізіліп, қарияларға, батыр аналарға сый-құрмет көрсетіледі. Бұл шаралар негізінен қалталы ауыл азаматтарының демеушілігімен өтіп отырғанын да баса айтқан жөн.
Округ жастарымен жұмыс жасап отырған жастар ісі нұсқаушысы әртүрлі бағытта 45 іс-шара өткізді. Ауылдық округке қарасты елді мекендерде жалпы 14 пен 29 жас аралығында 596 жас тіркелген, көрсеткіші 17,3 пайызды құрайды. Ауыл жастарымен бекітілген іс-шараларға сәйкес сыбайлас жемқорлық, жат діни ағымдарға жол бермеу, жастардың жұмыспен қамтылуы сияқты бағыттарға ден қойылып, жиындар өткізіліп отырады.
Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, округте бір ФАП және бес фельдшерлік пункт жоспарға сәйкес тұрғындарға қызмет көрсетуде. Өткен жылы округте 48 нәресте дүниеге келіп, 12 адам қайтыс болған. Арнайы есепте тұрған науқас адамдар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Балаларды егу, науқастарды тексеру жұмыстары тыңғылықты атқарылуда. Жасына байланысты тұрғындар жоспар бойынша алдын-ала тексеруден өтуде.
Әлеуметтік жәрдем бағытындағы іс-шаралар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» туралы заңына «Кедейшілік пен жұмыссыздыққа қарсы күрестің кешенді бағдарламасының» аясында орындалуда. Балалы отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек көрсету аясында шартты ақшалай көмекке 69 отбасы, шартсыз көмекке тоғыз отбасының құжаттары рәсімделіп, барлығы 88 отбасы құжаттарын өткізіп, 503 адамға барлығы 69 миллион 213 мың 200 теңге тағайындалған. Жұмыссыздарды әлеуметтік қолдаудың елеулі бір түрі оларды қоғамдық ақылы жұмыстарға тарту болып табылады. Жыл басынан жыл бойына 10 ресми жұмыссыздар ақылы қоғамдық жұмыстармен қамтылды.
Көктемгі «Көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазарту» екі айлығы бойынша жұмыстар белгіленген іс-шаралар жоспарға сәйкес жүргізілді. Округтегі барлық мекемелер өз учаскелерінде тазарту жұмыстарын атқарды және спорт алаңдарымен мектептердің спорт алаңдары тазартылды. Арық-каналдар мен көпірлер тазартылды. Елді мекендердің атаулары ретке келтіріліп және жол бойындағы ағаштар, ескерткіш, щиттер мен қоршаулар сырланды. Сенбіліктер ұйымдастырылып, тазарту жұмыстары жалғасын табуда.
Қоғамдық қауіпсіздікті, қылмыс және құқық бұзушылыққа қарсы күресті қамтамасыз ету ауыл тұрғындары арасында бұзақылықтың, тәртіп бұзушылықтың алдын алуда ауылдық жерлерде қоғамдастық мүшелері жұмысының игі әсері бар. Осы ретте жастар арасында тәртіп бұзушылықтың ақыры келеңсіз жағдайларға апарып соқтыратындығы туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстың өз деңгейінде атқарылуының бірден-бір себепкері, ауыл сақшысы-учаскелік полиция инспекторымен ауыл әкімі аппаратының мамандары өзара бірлесіп барлық іс-шараларды жүзеге асыруда. Жыл басынан округте үш қылмыс тіркеліп,оның екеуі ашылды. Сондай-ақ, 225 әкімшілік құқықбұзушылыққа хаттама толтырылып, үш азамат қамаққа алынған. Оларға тиісінше, айыппұл салынды.
Аппарат қызметкерлерінің маңызды міндеттерінің бірі аудан бюджетін тұрғындар есебінен төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер арқылы толықтыру. Осы орайда Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық Кодексінің 369 бабының 2 тармағына және 372-373 баптарына және «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңына сәйкес жұмыстар өз денгейінде жүргізілді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша салықтық төлемдер толықтай жиналды. Жер салығы, мүлік салығы бағалау құнына байланысты жасалуда. Жер салығы мен мүлік салығы ауылдық округте берілген жоспарға сай 120 пайызға артығымен орындалып отыр.
Әскери есеп бойынша Қазақстан Республикасының «Жалпыға бірдей әскери міндет туралы» Заңының 13 бабына сәйкес есепке алу үшін 2001-2003 жылдары туған балалар ақпан айында алғашқы дәрігерлік бақылаудан толығымен өткізілді. Бүгінгі таңда 14-азамат ҚР ҚК қатарында өз азаматтық борышын атқаруда.
Жетітөбе ауылдық округінде дін мәселері бойынша діни тұрақтылықты сақтау мен конфессияаралық келісімді нығайтуда және діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алуда дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобы құрылып, бекітілген жоспар бойынша жұмыс жүргізуде. Қыс мезгілінде төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын атқару үшін арнайы штаб құрылып, бірқатар іс-шаралар жүргізілді.
Дала өрттерінің алдын алу және жою мақсатында қолданыстағы заңнамада көрсетілгендей, өртке қарсы шалғай елді мекендердегі өрттерді сөндіру және олардың алдын алу жөніндегі жыл сайынғы іс-шаралар жоспары жасалынып, осыған байланысты ерікті топтар, штаб құрылып керекті құрал-жабдықтар дайындалды. Кез келген төтенше жағдайларда бірлесе әрекет ету үшін округ шаруа қожалық техникаларын пайдалану бойынша келісімшарт жасалды. Қажетті кезде осы топ бірауыздан өрт болған аумаққа барып, дер кезінде өртті сөндіруге септігін тигізген ауыл азаматтарына алғыс айтамын.
Өткен жылы округ тұрғындарының игілігіне қызмет көрсету үшін екі жаңа медициналық пункт ашылды. Одан бөлек, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша нысанды бағыттардан Кәріқорған ауылындағы М.Қожаназаров көшесіне 2 млн 756 мың теңгеге толығымен жарықтандыру жүргізілді. Шыңбұлақ ауылындағы ескі мектеп 557 300 теңгеге бұзылды. Кәріқорған ауылына өрт сөндіру көлігін сумен қамтамасыз етуге 331 мың теңгеге пирс орнатылды Әкімшілік ғимаратына 368 мың теңгеге пандус орнатылды. Кәріқорған ауылының М.Қожаназаров көшесіне орта жөндеу жұмыстарына 43 млн 264 мың теңгеге мердігермен келісімшартқа отырып, өтпелі құрылыс ретінде екі жылда бұл жұмыс та сапалы атқарылып отыр.
Бір қуанышты жаңалық, биылғы жылы округке қарасты алты елді мекенге табиғи газ кіргізіледі деп күтілуде. Осы жұмыстармен қатар Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат ауылдарына ауызсу құбыры тартылуда. Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас спортзал мен алты оқу кабинетінің құрылысы жүруде. Осы ауылда ұзындығы үш шақырым болатын канал, Шыңбұлақ ауылындағы «Таракол» каналы тазаланды. Ауылдардың сыртқы көпірлері жөнделуде. Тұрғындар көптен күткен одан басқа да жоспарлы жұмыстар атқарылады. Ауылдық елді мекендердің экономикалық және әлеуметтік жағдайының көтерілуіне және жақсаруына барынша ықпал жасау осы округте тұратын әрбір тұрғынның азаматтық борышы деп есептеймін. Ауылымыздың баталы қарияларымен және ақ тілеулі әжелеріміз салған сара жолмен жүріп, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мықты болса, алдымызда алынбайтын асу болмайды деп сенемін.

Рәтбек КӨСЕМБАЕВ,
Жетітөбе ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close