Basty bet

Шомылу маусымында абай болыңыз!

Жаз мезгілі басталысымен су айдындарында шомылу маусымы басталады. Ауданда шомылу маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері судағы оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған шараларды ұйымдастыруда. Қолға алынған шараларға қарамастан адамдар оқыс оқиғаларға тап болып жатады. Бұл әлбетте, қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан. Алдымен былтырғы жылғы статистикаға тоқталсақ, 2019 жылы ауданда жазғы шомылу маусымы кезеңінде бір қайтыс болу оқиғасы тіркелген. Сонымен қатар, 2019-2020 жылдары аралығында су айдындарында және өзен-көлдерде екі қайғылы оқиға тіркелген.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Мейірхан Әлімханның мәліметінше, аймақта адамдар жаппай демалатын орындар Қызыларық ауылдық округіндегі «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасындағы демалыс орны және Қарабастау ауылындағы бұлақ болып белгіленген. Суға шомылу маусымында ауылдық округ әкімдеріне су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және адам өлімінің фактілеріне жол бермеу мақсатында аумақтарында орналасқан су қоймалары, бөгеттер мен каналдарға кезекшілік ұйымдастыруды, жауапты тұлғаларды бекітуді ұсынған. Сонымен қатар, алдын алу белгілерін жасап, балық аулайтын жерлерде, өткерлерді қоюды және ауыл тұрғындарымен шомылу маусымы кезеңінде қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу туралы хат жолданған. Шомылу маусымында адам өліміне жол бермеу мақсатында адамдар жаппай шомылатын орындарды суда құтқару посттарын құруды және қоғамдық құтқарушыларды дайындау мәселесін қарастыру туралы ескертілген.
Жоспар аясында судағы қауіпсіздік тақырыбында әлеуметтік желілерде профилактикалық жұмыстардың 30-дан астам суреттері және 15 бейнематериал жарияланған. Сондай-ақ басым дауысты радиоторабы арқылы 50 рет су қауіпсіздігі ережелері оқылған. Аудан әкімдігі, білім бөлімі полиция қызметкерлерімен бірлесіп 24 рейдтік жұмыстар жүргізілген. Рейдтік іс-шараларын жүргізу нәтижесінде шомылуға белгіленген орындарды судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша 250 және тыйым салынған орындарда 100 тұрғын қамтылған. Нәтижесінде Теріс өзені бойында шомылуға тыйым салынған орында және өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін екі жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
-Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында жұмыс істейтін мекемеде төрт қызметкер бар. Әрқайсысы өзінің функционалдық міндеттеріне сай жұмыстар атқарады. Қазіргі таңда бөлім жұмысының бірі – суға шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін тұрғындарға түсіндіру. Бұл уақытқа дейін су айдындарында рейдтік жұмыстары жүргізілді. Шара барысында рұқсат етілмеген жерлерде қараусыз балалардың шомылуы анықталды. Балалар дер кезінде үйлеріне қайтарылды. Ауданда негізінен шомылу кезеңі шілде айынан басталады. Яғни, ауа райына байланысты. Рұқсат етілмеген жерлерде суға түскен азаматтарға Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқықбұзушылық» Кодексінің 336-бабы бойынша шара қоланылады. Көп жерлерде қауіпсіздік ережелері қойылмаған.
Қызыларық ауылы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасындағы «Солнечный берег» демалыс орны жекеменшік иелігінде, демалыс орнында шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы құтқарушылармен және қажетті жабдықтарымен қамтамасыз етілмеген. Яғни, демалыс орындарында құтқарушылар мен медицина қызметкерлері болуы керек. Сонда біз оқыс оқиғаның алдын ала аламыз.
Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері талаптарға сәйкес келтіру қажет. Яғни, Қаулымен бекітілген жаппай шомылатын екі орында мыналарды жүзеге асыру керек. Біріншіден, қалтқы белгілерімен бөлінген, тереңдігі 1,2 метрден аспайтын балаларға және жүзе алмайтындарға арналған орынмен жабдықтау керек. Екіншіден, сүңгуірлермен су астын арнайы тексеріп, қауіпсіз бөлігін қалтқы белгілермен бөлу қажет. Сондай-ақ құтқарушылармен және суда құтқару құралдарымен жабдықталған «құтқару бекетін» орналастыру керек. Суда шомылуға арналған орындарда қауіпсіздік ережесін, су және ауаның температурасы, ағыс жылдамдығы, полиция және құтқару қызметінің телефон нөмірі көрсетілген стенд орнату қажет.
Суда да қауіп бар. Оны әрбір саналы азамат түсіне білуі керек. Өзімшілдікке салынбай, қауіпсіздік шараларын ұстанған абзал. Ең бастысы, балалардың қауіпсіздігін ескерген жөн. Теріс өзенінің бойында қараусыз жүрген балалардың көптеп кездесетіні жасырын емес. Осы тұрғыда әлі де тұрғындармен шомылу маусымы аяқталғанша жұмыс жасай береміз. Бұл жұмыстарға ерікті жастарды да тарта отырып, жұмыс жасау жоспарда бар. Яғни, жыл басынан бастап аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» меморандум жасалған. Осының негізінде аталған мекеменің ерікті жастарымен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз,- дейді аудандық төтенше жағдай бөлімінің бас маманы Мейірхан Жартыбайұлы.
Аптап ыстықта су айдындарында шомылу үшін тұрғындар қауіпсіздік ережелерін ұмытпағаны жөн. Себебі, біз бен сіз үшін ең бастысы, адамдардың қауіпсіздігі мен амандығы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close