Basty bet
Жас кәсіпкер жылыжай салды
Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері жастарды қолдауға басымдық беріліп, осы тұрғыда көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып келді. Әсіресе, соңғы кезде ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты біліммен қамтамасыз етіп, қолдау ісі ерекше қарқын алуда. Мұның басты айғағы ретінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялауын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытта берген тапсырмаларымен нақты, жүйелі шаралар қабылданып, жүзеге асырылуын айтуға болады.
Бүгінде ауданда кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, өз тірлігін тіктеп жүрген азаматтар аз емес. Әсіресе, кейінгі жылдары бұл бағытта жұмыс істеп жатқан жастар жағының үлесі айтарлықтай артып келеді. Сондай тірліктің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер Нұрлыкент өңірінде еңбек етуде.
Ерболат Ариков өз кәсібін 25 жасында ашқан. Осылайша, жалынды жас өз жобасын жүзеге асырып, өңірден алғашқы болып қияр мен қызанақ өсіретін жылыжай салды. Оның айтуынша, жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында жарияланған конкурсқа қатысып, 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып алған.
Бүгін жас кәсіпкер Ерболатпен сұхбаттасудың сәті түсті. Ендеше сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Ерболат, алдымен өзіңіз жайлы, кәсібіңіз туралы айтып өтсеңіз?
– Мен 1995 жылы Жуалы ауданында дүниеге келдім. №5 Михаил Ломоносов атындағы орта мектепте 9 сыныпқа дейін білім алып, кейін Тараз қаласындағы теміржол-көлік колледжінің студенті атандым. Отбасыма келер болсам, үйдің кенжесімін. Алдымда үш ағам бар. «Ағасы бардың – жағасы бар» демекші, ағаларымның маған деген сенімінің, қолдауының арқасында кәсібімді дөңгелетіп отырған жайым бар. Жалпы өзім жайлы қысқаша осы. Кәсібіме келер болсақ, кәсібім – жылыжай. Ол жерде егіншілікпен айналысамын. Оның ішінде қияр және қызанақ өсіру.
– Ауыл шағын. Сіздің кәсібіңізге сұраныс қалай болып жатыр?
– Ауыл шағын деп айта алмаймын. Нұрлыкент ауылы аудандағы ең үлкен елдімекен болып есептеледі. Ауылда 5200-дей халық тұрады. Сондықтан кәсібіме деген сұраныс та жаман емес. Жалпы ауыл тұрғындарын осы жылыжай өнімдерімен қамтамасыз ете алам деп ойлаймын. Мен үшін ең маңыздысы – халықтың сенімі, қолдауы.
– Кәсіпті жүргізу көп ізденісті талап етеді. Бастау алған бизнесіңізді әрі қарай қалай дамыту ойыңызда бар?
– Егер де кәсібім жақсы жүріп, оңынан болып жатса, әрине басқа да дақылдарды өсіріп, жылыжайымды үлкейту ойымда бар. Әрине, көп ізденіс пен еңбекті талап етеді. Бұған біріншіден дарын, екіншіден, шыдамдылық қажет.
– Неліктен бұл саланы таңдадыңыз?
– Бұл саланы таңдаған себебім, біріншіден, қазіргі уақытта көп сұранысқа ие кәсіп болып табылады. Екіншіден, тұрмыста жиі пайдаланатын дақылдар. Сонымен қатар, халықтың сақтауына төзімді болғандықтан, халықтың арасында көп сұралатындықтан, «неге осы кәсіпте бағымды сынап көрмеске?» деп тәуекелге бардым.
– Жылыжай салудың машақаты көп. Жылыжайды салу барысында қандай қиындықтар мен кедергілер кездесті?
– Шынымды айтсам, қиындығы көп болды.Бірде қажетті материал жетпей қалса, бірде ауа райы бұзылып, ойлағаныңдай күн болмай қалады. Аяқ астынан жаңбыр жауып кетеді немесе қар жауып, жарық сөніп қалып, бар жұмысымызды тоқтатып қойған күндер болды.Мен соған қарамастан, қиындықтарға төзе біліп, алға қойған мақсатыма жеттім. Кәсіптің қиындығы мен қызығы қатар жүретіндіктен, кез келген кәсіпкер үшін төзімділік қажет.
– Сіз мемлекеттік «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы өз кәсібіңізді аштыңыз. Бұл бағдарлама жөнінде қайдан естідіңіз?
-Әрине, ауыл тұрғындарынан естідім.Өзіңіз де білесіз ғой, халықтың арасында әңгіме жылдам тарайды. «Мемлекет ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін және де жастарға өз кәсіптерін ашуға көмектесу мақсатында «Бастау-Бизнес» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр екен» – деп естіген соң, бірден өзімнің көптен бері жоспарлап жүрген бизнес жоспарымды апардым. Алланың қалауымен жолым болып, бизнес жоспарым қазылар алқасына ұнап, грантты жеңіп алдым. Аллаға мың да бір шүкір, өз кәсібімді аштым.
– Грантты жеңіп алу үшін конкурста сізге ең күрделі болған не мәселе?
– Ең күрделі болғаны маған «Жуалы ауданында ешқашан жылыжай болмайды деді. Жылыжай деген біздің жердің ауа райы үшін қолайлы емес, төрт ай қыс. Жуалының суығын білесің ғой» деді. Содан соң көп ойланып, мейлі сонда да байқап көрейінші, бағым жанып жатса болар, болмаса оның да жөні бола жатар деп ойладым. Нәтижесінде көріп тұрғаныңыздай, өсіруге болады екен. Жалпы өмірде барлығын да көру керек екен. Біреу «болмайды» деп айтты екен деп, қол қусырып қарап отырмау керек.
– Жылыжайда қияр мен қызанақ өсіру үшін өзіндік сұрыптары қажет пе? Әлде жылыжайға кез келген қызанақ пен қияр түрі ыңғайлы ма?
-Жоқ. Жылыжайға арналған өзінің тұқымы болады. Егер де жаздың күні егетін болсаңыз, араның тозаңымен тозаңдандыру қажет. Ал қыста ешқандай ара, өсімдік болмайды. Сондықтан жылыжайға белгілі бір дақылды егетін кезде жылыжайға арналған тұқымды дұрыс таңдау керек. Сонымен қатар, жылыжайдың өзінің арнайы тұқымы – тозаңдандырылған тұқым. Оны тозаңдандырудың қажеті жоқ.
– Болашақта кәсібіңізге сұраныс көбейіп жатса, жылыжайыңызды кеңейту ойыңызда бар ма?
– Сұраныс көп болып, халықтың көңілінен шығып жатса, әрине неге кеңейтпеске?! Қазір қалада кәсіп ашқанға қарағанда, ауылда кәсіп ашудың мүмкіншілігі көп. Ауылда мал мен егіншілікті дамытуға, халықтың хал-ахуалын жақсартуға көмектесетін бірнеше бағдарламалар бар. Бұл бағдарламалардың барлығын өңірлік жұмыспен қамту орталықтарына барып білуге болады. Сондықтан мемлекет көмектесуге, мүмкіндік беруге дайын отырған кезде, әрине дамыту ойда бар.
– Жаңадан бизнес бастап жатқан өзіңіз секілді жас кәсіпкерлерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Тек қана алға ұмтылыңыздар дер едім. Осылай мемлекетіміз жастарға қолдау көрсетіп, көмек беріп жатқан кезде кәсіптеріңізді ашыңыздар.Өсіңіздер, дамыңыздар. Әр адамның болашағы өз қолында. Сондықтан кез келген қиындыққа төзе біліп,алға қойған мақсатқа ұмтылу керек. Сонда ғана өз дегеніңе жетесің. Сәттілік тілеймін!
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Сізге де сәттілік тілеймін. Кәсібіңіз дами берсін!
Сұхбаттасқан
Арай Дәрментаева,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика мамандығының ІІІ курс студенті