Basty bet
Науқастың жүрегіне жол тапқан
Адам жанының сақшысы саналатын дәрігерлерге алғыс, ілтипат айтылып, ақ баталардың беріліп жататыны орынды. Қолы жеңіл, мінезі жұмсақ, оған қоса кәсіби білгірлігі биік деген теңеулердің ақ желеңді абзал жандарға айтылуы заңды. Дәрігер адам өміріне тіршілік нәрін береді. Оларға мансаптың, байлықтың, атақтың түкке керегі жоқ, оларға керегі адамның денсаулығы, оның тағдыры.
Аудандық орталық ауруханада аға буын өкілдің ізін жалғастырушы жас мамандар қатары жетерлік. Ондай жастардың қатарында «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасының игілігін көріп, тәжірибесін шыңдап жүрген Ырысалды Оразбақова да бар. Жас дәрігер Ырысалды Темірханқызы аудан тұрғындарына алты жыл бойы медициналық қызмет көрсетіп келеді.
Ол қасиетті Түркістан өңірінің тумасы. Өңірге қарасты Абай ауылындағы Абай атындағы орта мектептің түлегі. Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің емдеу ісі факультетін тамамдаған. Алғашқы еңбек жолын Жуалы аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінде терапевт-дәрігер болып бастаған. Одан кейін аурухананың емхана бөліміне учаскелік дәрігер болып ауысып, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді.
-2012 жылы Сыр өңірінің Рақымжан есімді азаматына тұрмысқа шығып, отау құрдық. Жолдасым әскери қызметте болғандықтан, Жуалы аудандық Қорғаныс бөліміне ауысып келді. Отбасымызбен осында келіп, ауыл тіршілігіне үйренуімізге тура келді. Бұл ауыл өзіме өте жақын. Таза ауасы, салқын самал желі, тұрғындардың кеңпейілділігі, қонақжайлылығы бізді осында тұрақтап қалуымызға әсер етті. Жас отбасы болғандықтан, бізге ең бірінші керегі баспана болды. Бала күтімінен кейін өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Жұмыс барысында аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбайұлы ұжымда жастарға қолдау білдіретіні қуантты. Менің жағдайымды ескеріп, «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасының тиімділігін түсіндіріп, жол көрсетті. Міне, сол уақыттан бері бағдарманың игілігін көріп, баспаналы болдық, – дейді Ырысалды Темірханқызы.
Ақ халатты абзал жан алдына ауқымды жоспарлар мен мақсаттар қойып отыр. Оның бірі әрі бірегейі берген антына адал болып, халықтың алғысына бөлену, олардың денсаулығының жақсаруына өз үлесін қосу, дертіне шипа болардай емдеу жолын көрсету. Сонымен қатар, ол дәрігердің бойында адамгершілік, мейірімділік, ең бастысы қарапайымдылық қасиеті болуы керек деп санайды. Осы адами жоғары қасиеттер арқылы науқастың жүрегіне жол тауып, дертіне шипа береміз деп есептейді. Кез келген дәрігер алдына келген науқасқа көмек көрсетіп, жылы шырай танытуды ұмытпау керектігін ескереді.
– Жақындарымның көбісі дәрігерлер еді. Мен соларға қарап бой түзеп, сондай болуды армандадым. Қазір Аллаға шүкір, осындай ұжымда, ауруханада еңбек жолымды бастағаныма қуаныштымын. Кез келген жас маманға алдыңғы буын ағалардың көмегі мен тәжірибесі керек. Себебі, тәжірибе алмасу арқылы көп нәрсені үйренесің, жетілесің. Маған ондай көмектерді ұжымдағы білікті мамандар Гүлдерайым Қуанышбекова, Әсел Шарафадинқызы, Қанат Болатұлы үнемі көрсетіп отырды. Ал, баспаналы болуыма бірден-бір себепкер болған бас дәрігер Батихан Алпысбайұлына алғысымды білдіремін.
Қазіргі таңда қоғамда дәрігерлерге деген оң көзқарас қалыптасып келе жатқаны қуантады. Әсіресе, аты жаман індетпен күресте дәрігерлер қауымының еңбегі зор екендігі анық. Олар күндіз-түні халқымыздың амандығы мен денсаулығының жақсаруы үшін жұмыс істеуде. Күрес әлі де жалғасуда. Кейбір дәрігерлердің отбасын көрмегелі бірнеше айдың жүзі болды. Дертті жұқтырған дәрігерлер қаншама. Міне, осындай сәттерде алғы шептегі ақ халаттылар анттарына адалдықтарын көрсетуде. Бұл оларға оңайға түсіп жатқан жоқ. Бәріміз баяғы қалпымызға, яғни емін-еркін жұмыс істеу режіміне оралғымыз келеді. Сондықтан дәрігердің қазіргі мақсаты да індетті жеңу. Бұл мақсатта біздің ауруханадағы жұқпалы аурулар бөліміндегі дәрігерлер Жазира Мырзалиева мен Самат Абдрахманов және аурухананың эпидемилогы Еркежан Мажитқызы еңбек етуде. Осы орайда, барша тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтап, індеттің жойылуына күш салуға шақырамын. Халқымыздың амандығы, денінің саулығы біз үшін қашанда маңызды.
Адам өміріне арашашы абзал жандарды, аудандық орталық аурухананың медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін, – деп ақ тілегін жеткізді Ырысалды Темірханқызы.
Әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы пен алақандарының жылулығын сезінеді. Олардың көмегімен тоқыраған жүрек қайта соғып, үміттер жалғанып, балтырдың сыздауы тоқтайды. Осы ретте, біз де ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтағымыз келеді.