Жалған-ай
Қу жалған-ай, Алдар көсе секілді,
Қызық пенен шыжығың көп не түрлі.
Ақ-қарасын көрсетем деп дүниенің,
Көнбістікке үйреттің-ау етімді.
Ойлап күнді уайымменен өтер күн,
Арасында жүрміз қауіп-қатердің.
Анамның да шаштарына ақ түсті,
Әктеп жүріп лай-сылағын әкемнің.
Сүтке малып жатпасам да ұртымды,
Сағынбай-ақ жұрағат пен жұртымды.
Шулы болып көрінетін ауылдан,
Тыныштықты іздеп келер күн туды…
Еске алсақ құрдас пенен құрбыны,
Бірі – фәни,бірі – бақи тұрғыны…
Бантик таққан сыныптас қыз аяулы,
Орамалды келін болды бұл күні.
Боз жусанға толып өскен жағасы,
Тарылыпты қабірлердің арасы.
Кеше құран парақтаған атама,
Құран оқып жатыр бүгін баласы.
Армандаумен” жеңіл”,”тәтті”,
”жұмсақты”,
Күйеуімен араз әйел құрсақты.
Біреу “нені” киемін деп ойланса,
Менің көршім “не кием “деп мұң шақты…
Бір кем дүние, шырғалаңың о, қанша?!
Құшағыңды аш пендеге оданша.
Құны тиын болмас еді, адамның,
Қанағат пен махаббаты жоғалса…
Бір-ақ сәтте жанып-өшкен сезімдей,
Саудагердің жібек сынды бөзіндей.
Мына өмір -жалған десе, жалған-ау,
Қыз құшпаққа айтқан сері сөзіндей…
Ой
Тайғақтығын көріп тағдыр жолының,
Мазасыздау, жабырқаулы көңілім.
Бояулары өң жоғалған суреттей,
Бұлыңғыр боп көрініп жүр өмірім.
Тұман басты көз алдымды мұнартып,
Алғандаймын көтере алмас жүк артып.
Аманат боп соғып тұрған жүрегім,
Кетті ма екен, құны жоққа құмартып?
Құнсыз дүние, мұңсыз тірлік берер ме?
Екі түрлі жан бар сынды денемде.
Кем-кетіктер көрінбейді соқырға,
Айтылған сөз естілмейді кереңге.
Хан көретін өз-өздерің «қазы» көп,
Көңілінің кірбіңі бар, назы жоқ.
Шалыс басып кетем бе деп, толқимын,
Шалам десем заманымды тазы боп.
Түлкі заман, ит өмірді сүргенмен,
Ұйқым қашты «білместіні» білгеннен.
Бір-ақ рет өмір сүрем демеспін,
Екінші рет бұл жалғанға кім келген..
Ет жүрегім езілуден шаршауда,
Салып жатыр сараң ойлар сарсаңға.
Басым менің – күмәнді ойдың тұрағы,
Бос орын жоқ онда ине шаншарға.
Мейлі жолда бөрі болып жортамын,
Сүйеді ме өмір пенде шорқағын.
Көзді жұмып қарар едім бәріне,
Ойланбастан көз жұмудан қорқамын.
Бетперде
Қателігім шаштарымнан көп менде,
Жиі оралам оралмайтын өткенге.
Бетім жоқ деп тірі жанға қарауға,
Амалсыздан киіп жүрмін бетперде.
Көңілімде көп күнәнің тұр дағы,
Көздерімнен көрінеді мұң бары.
Өткеніме өкінумен күн сайын,
Кешегі күн бүгінімді ұрлады.
Еске түсіп ессіздігім үнемі,
Байқұс жүрек ұяттан күйіп жүреді.
Жаратылыс білмейтұғын сырымды,
Жаратушы Құдай ғана біледі.
Бірде көл бөп, бірде шөл боп құбылдым,
Бірде тұрып, бірде тайып жығылдым.
Мәңгіліктің ауылынан қаштым да,
Жеткізбейтін дүниеге жүгірдім.
Жаратушы жылы лебі ескенде,
Жалған жайлы ақиқат ой көшкенде.
Нұрға толып тұрса екен, бет-бейнем,
Бүркенішім бетпердемді шешкенде.
Мейлі жүрек, сенбесең де, сен мейлі,
Өшпес үміт…, сенімімде сембейді.
Өмір маған қайта айналар кино емес,
Әртіс болып мың құбылғым келмейді.
Уайым менен мұңды қайта шеккенде,
Өзегімді озбыр ойлар тепкенде.
Күйіп тұрып, сүйе берем мен бәрін,
Амалсыздан киіп алып бетперде…
Санжар Даярбек,
жас ақын