Basty bet

Мәңгі өшпес жарық жұлдыз

«Құйрықты жұлдыз секілді,
Туды да, көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады.»

Абай

Шоқан Уәлиханов – ұлы ғалым, географ, тарихшы, фольклортанушы, ағартушы, этнограф, суретші. Ұлы тұлғаның әр қыры – өзінше бір-бір әлем.
Сондай құйрықты жұлдыз секілді жарқ етіп, лезде жалт етіп жоқ боп кеткен тұлға Шоқан Уәлиханов еді. Биыл қазақтың ұлы ғалымының туғанына 185 жыл толды.
Оның есімі қазақстандық мәдениет пен қоғамдық-ғылыми ойының тарихында заңды түрде құрметті орын алды. Осынау бір аса көрнекті ғалым әрі ағартушы шығыс халықтарының география, тарих, этнография, фольклор салаларында айтарлықтай толымды да жемісті ғылыми зерттеулер жүргізді және сол бір кезде сыры-қыры ашылмаған беймәлім елдерге асқан қауіп-қатерге белді буып, батылдықпен саяхат жасады.
Ол өз отандастарының арасынан алғашқылардың бірі болып суырылып шығып, тылсым жатқан қазақ даласында прогресшіл озық идеяларды таратуға құлшына атсалысты, орыс және қазақ халықтарының шынайы достығын шыңдауға игі істер тындырды. Өзінің ғылыми еңбектерінде, сондай-ақ бүкіл жанқиярлық қызметімен ол қазақтардың орыстармен қаны да, жаны да бір тарихи туыстығын дәлелдеп берді. Шындығында да, біз басқа зерттеушілердің қызметін сөз еткенде, олардың Қазақстан аумағының белгілі бір бөліктерін ғана географиялық жағынан танып білу ісіне қосқан үлесін баяндаумен шектелсек, ал Ш.Уәлихановқа жалпы мағынасындағы аса зерделі географ-саяхатшы ретінде қараймыз.
Шоқан Уәлиханов – Еуропа мәдениетін мол игеріп, неміс, француз, орыс тілдерін, әдебиетін терең таныған жан. Ол тек өз халқы ғана емес, көрші Қырғыздың, Қашқардың, Қытайдың, Жоңғарияның мәдениеті, әдебиеті, тарихы, философиясы, жағрафиясы жайлы құнды еңбектер жазып қалдырған ғылым иесі. Қоғамдық құрылысты, патшаның отаршылдық саясатын, халқының басындағы теңсіздікті көріп, сол ауыртпашылықты жою жолында күрескен қоғам қайраткері. Туған еліне деген сүйіспеншілігі, қазақ халқының қарапайымдылығын, халқының ән мен жырға әуес екендігін, тек қана әуестеніп қоймай, бұл өнерді ерекше меңгергендігін аса білгірлікпен көркем сөзбен де жазып қалдырған.
Осы ретте, аса көрнекті ғалым әрі ағартушы Шоқан Шыңғысұлының туғанына 185 жыл толуына орай аудандық, ауылдық кітапханалар онлайн, офлайн іс-шаралар өткізіп, «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілердегі парақшаларына жүктеуде.
Атап айтқанда, Бәйтерек ауылдық кітапханасы «Алыптар айтқан мәнді сөз» онлайн-ақпарат, Ертай ауылдық кітапханасы «Қазақтың тұңғыш ғалымы» онлайн-танымдық сағат, Бәйтерек ауылдық кітапханасы «Әлемге атың өшпес дара тұлға» офлайн-тәрбие сағаты, Шыңбұлақ ауылдық кітапханасы «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» онлайн-танымдық кеш, Кәріқорған ауылдық кітапханасы «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» офлайн-танымдық кеш, Бақалы ауылдық кітапханасы «Ғұмыры ғибрат» онлайн-оқулар, Рысбек батыр ауылдық кітапханасы «Шығыстың жарық жұлдызы» онлайн-тәрбие сағатын ұйымдастырды.

Күләш Таубалдиева,
аудандық орталық кітапхананың әдістемелік бөлімінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close