Basty bet

Құрылыс сапасына назар аударды

Биылғы жылы аудан көлемінде Жұмыспен қамту жол картасы аясында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, төрт мектептің фасадын, шатырларын күрделі жөндеуден өткізу. Сонымен бірге, Теріс, Жұрымбай, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Ақбастау, Алатау, Сұрым, Теріс-Ащыбұлақ, Ынтымақ ауылдарында ауыз жүйесінің, сегіз бірдей ауылда газбен қамтамасыз ету жүйесінің құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, ауылішілік жолдарды орта жөндеуден өткізу, каналдар мен су тоғандарын ағымды жөндеу, көшелерге арық лотоктарын орнату, тағы басқа да жұмыстар атқарылуда.

Өткен аптаның сенбі күні Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келген болатын. Ол аудандағы бірқатар құрылыстардың барысымен танысып, әсіресе, оның сапасына баса назар аударды. Облыстық мәслихат хатшысының назарына алдымен Нұрлыкент ауылындағы Еламан Байғазиев көшесінде жүргізіліп жатқан арыққа бетон лоток орнату және жаяу жүргіншілер жолының құрылысы ұсынылды.

Бұл жұмыстарды «ADS Company KZ» ЖШС деп аталатын жергілікті мердігер компания атқаруда. Құрылыстың жұмыстарының барысынан серіктестік басшысы Айбек Елекбаев хабардар етті.
-Біз мұнда арық лотоктарын орналастырумен қатар, ұзындығы екі шақырым болатын осы көшеге жаяу жүргіншілер жолын да қатар салып жатырмыз. Құрылысқа отандық сапалы материалдарды қолданудамыз. Техникалаларымыз бен жұмыс күші жеткілікті. Жұмысты белгіленген уақытта тапсырамыз деген жоспарымыз бар,- деді Айбек Орынбасарұлы.
Жұмыстың атқарылу барысымен танысқан Бағлан Қарашолақов құрылыстың сапасына, одан соң қауіпті індеттің таралу жағдайында қауіпсіздік талаптарын сақтауды қатаң тапсырды.
-Коронавирустық инфекцияның таралу қаупі біздің өңірде де жоғары көрсеткіш көрсетіп отырғанынан хабардарсыздар. Осыған орай кез келген жұмыс орнында, құрылыс басында, әсіресе қоғамдық орындарда белгіленген санитарлық талаптарды сақтаған жөн. Құрылыс өз алдына. Санитарлық тазалықты, тәртіпті сақтау маңызды.
Ал облыс көлемінде биылғы жылы құрылыс, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жұмыстың сапалы атқарылуы – бәрінен маңызды. Себебі, мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан қаржы мақсатты жұмсалуы тиіс. Ертең бәрімізден оның сұрауы болады. Ең біріншіден, жергілікті жерге, ауылға жанашырлықпен жұмыс жасау керек. Үкімет тарапынан қолға алынып жатқан қыруар жобалы жұмыстар ең алдымен ел игілігін көздейді. Одан соң құрылыс материалдарының сапасына мән беру керек. Бұл жерде құрылысты техникалық қадағалайтын мамандардың да рөлі зор. Олар қалай қадағаласа, жұмыстар да солай сапалы атқарылмақшы,- деді Бағлан Жиенәліұлы өз сөзінде.
Облыстық мәслихат хатшысы келесі кезекте Теріс ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысын да көріп, онда кеткен кейбір кемшіліктерді анықтады. Атап айтқанда, ауылдың Бектеміс көшесінің басына су таратуға арналып қойылған бетон құдықтар іске жарамсыз болып шықты. Күннің сенбі болуына байланысты құрылыс басында ешкім болмады. Б.Қарашолақов өз кезегінде құрылыс барысында кеткен кемшіліктерді қайта қалпына келтіруді аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке тапсырды.
Бағлан Қарашолақовтың ауданға сапары бұдан кейін Б.Момышұлы ауылында жалғасты. Атап айтсақ, аудан орталығындағы Д.Қонаев көшесінің бойында бетон лоток қою, көше жолын орта жөндеуден өткізу, орталық саябақты қайта жаңғырту жұмыстарының жүріп жатқанына біршама уақыт болған. Аталған жұмыстарды ұтып алған мердігер компания басшылығының айтуынша, құрылыс уақтылы атқарылуда екен. Мұны құрылыс барысын таныстырған Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов та толықтыра түсті. –Көше жолының ұзындығы екі шақырымнан сәл асады. Мердігердің жұмысын күн сайын бақылап отырмыз. Оның үстіне көше тұрғындары да қоғамдық бақылауды күшейтуде. Құрылыс жұмыстары өз деңгейінде атқарылып жатыр деп айтуға болады,- дейді ауыл әкімі.
Жұмыспен қамту жол картасы аясында аудан орталығындағы №15 мектеп-лицейдің де фасады күрделі жөндеуден өткізілуде. Мердігер компания «Асау Инвест Ник» ЖШС. Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бұл нысанға көбірек аялдап, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көрді. Техникалық қадағалаушы жауапты тұлға Жандос Дәуреновке қандай құрылыс болсын, бірінші кезекте оның сапалы атқарылуына мән беру қажеттігін еске салды. Бағлан Жиенәліұлы келесі кезекте Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы және Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау ауылдарында атқарылып жатқан ауыз су жүйесінің құрылыстарымен танысты.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close