Basty bet
Адамдар қауіпсіздік шараларын сақтамайды
Бейсенбі, 18 маусым күні Жамбыл облысы бойынша жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, онда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары талқыланды.
Өзін-өзі оқшаулау режиміндегі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев басқосуға бейнеконференцбайланыс арқылы қатысып отырды.
Б.Сапарбаев соңғы кездері инфекцияның таралуы жағдайының нашарлап жатқанына, тұрғындардың жауапсыздығынан тіркелген оқиғалар санының өсіп отырғанына алаңдаушылық танытып, карантиндік және профилактикалық шараларды күшейту қажеттігіне назар аударды.
– 18 маусымдағы жағдай бойынша облыста 524 науқас тіркелген, оның 313-і Тараз қаласында. Қордай және Байзақ аудандарында да жағдай күрделі. Адамдар қауіпсіздік шараларына немқұрайды қарағандықтан, көрсеткіш өсіп отыр. Көптеген дүкендер мен супермаркеттер арақашықтықтың сақталуын және жеке қорғаныс құралдарының болуын бақыламайды. Адамдар шектеу шараларына қарамай, көп шоғырланып, отбасылық мерекелер ұйымдастыруда, – деді ол.
Жамбыл облысының бас санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев те өз баяндамасында жағдайлардың азаймай отырғандығын растады. Оның айтуынша соңғы аптада 139 оқиға тіркелген десек, оның 77-і симптомсыз.
– Өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 1,3 есе өсіп отыр. Тараз қаласы мен Қордай ауданында аурудың 99 жағдайы тіркелді, бұл облыстағы жалпы аурудың 71,2 пайызын құрайды. 20 жастан 59 жасқа дейінгі ересек тұрғындар жалпы жағдайдың 73,2 пайызын құрайды. Менің ойымша, азаматтарды жоспарлы емдеуге жатқызуды тоқтата тұру, коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарға арналған стационарды қарастыру және түсіндіру жұмыстарына елге белгілі тұлғаларды тарту қажет,- деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, ол өткен соңғы айда мемлекеттік шекарадағы бес өткізу пункті арқылы Жамбыл облысына 12899 жүргізуші мен 1727 жаяу жүргіншінің кіргенін, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету үшін келгендердің барлығы медициналық тексеруден өткенін айтты.
Экспресс-тестілеу әдісі олардың 8-і инфекция жұқтырғанын көрсетке, ПТР талдауы арқылы тағы сегізінде оң нәтиже көрсеткен.
Бүгінгі таңда облыста 53 мониторинг тобы жұмыс істеуде. Олар объектілердің карантиндік іс-шаралар талаптарына сәйкес жұмыстарды қайта бастауға дайындығын, сондай-ақ дайындық сертификатын алған объектілердің қызметін бақылауда.
Сондай-ақ, Ғазиз Надуев бірқатар өзекті мәселелерді де тілге тиек етті. Солардың қатарында өткізу пункттерінде, ошақтарда жұмыс жасайтын және бақылау топтарына қатысатын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің кадрларының жетіспеушілігі, жеке зертханалардың нәтижелері үш-төрт күннен кейін ғана дайын болатындығын, бұл шаралардың уақтыл өтуіне кері әсерін тигізетінін атап өтті.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов сала бойынша сырқаттанушылық деңгейінің өсу динамикасына тоқталды. Айталық, айдың басынан бастап науқас дәрігерлердің саны 23-тен 44-ке дейін, яғни, екі есе өскен. Әскери қызметкерлер арасындағы өсім 6,9 пайызды құрап отыр. Бірақ дертке шалдыққан мұғалімдердің саны 3,3 есе, жүкті әйелдер саны жеті есе ұлғайған. Егер айдың басында үш науқас мұғалім және төрт жүкті нәзік жанды болса, 18 маусымда бұл көрсеткіш тиісінше 10 және 28-ге жеткен.
– Түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Инфекциямен күрес барысында «103-call-орталығына» 3626 қоңырау келіп түскен. Өңірлік call-орталыққа 888 адам жүгінген. Өңірде 30 санитарлық бекетте 36 медицина қызметкері еңбек етуде. Олар 1712 түсіндірулер өткізіп, 5824 адамды қамтыды. 7150 буклет таратылды, – деді Жұманқұлов.
Сондай-ақ, облыстың бас дәрігері КВИ-мен күресу үшін қажетті шараларды атап өтті.
Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, мобильдік топтардың және денсаулық сақтау басқармасының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
– Сіздер нысандарды және демалу орындарын бақылау бойынша жұмыстарды әлсіз атқардыңыздар, тәртіп бұзушыларға ешқандай шаралар қолданылмауда.
Басқосуда онлайн-режимде Тараз қаласының, Байзақ, Кордай аудандарының және Т.Рысқұлов ауданының әкімдері есеп берді. Өңір басшысы олардан аталған аумақтардағы ауру деңгейінің күрт өсуінің себебін сұрады. Сонымен қатар жақын арада жасалған заң бұзушылықтардың суреттерін көрсетті.
– Тараз қаласының «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы сауда орындарында халық ағыны қалың. Қала тұрғындары мейрамханада үлкен мерекелер ұйымдастыруда. Ал аудандарда дүкендер дұрыс емес режимде жұмыс істеп отыр. Келушілер арасындағы арақашықтық сақталмайды. Жеке қорғаныс құралдары тек келушілерде ғана емес, қызметкерлердің өздерінде де жоқ. Облыс орталығындағы қоғамдық көліктер де аурудың көбеюіне ықпал етуде. Көптеген жолаушылар бетперде кимейді, ара қашықтықты сақтауға тырыспайды.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменовтің айтуынша, спорт алаңдары мен қоғамдық орындардың ашылуына байланысты адамдар көп қозғала бастаған. Бұл орайда бір амалын қарастырған ләзім.
– Бізге жұмыстың бірыңғай алгоритмін жасау керек. Саябақтар мен алаңдар ашық екенін бәрі біледі, сондықтан бас дәрігердің қаулысындағы жауапкершілікті нақты көрсету керек. Полиция белсенді жұмыс істеуде, біз қауіпті инфекцияның алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді ол.
Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы мен аудандардың әкімдеріне қызмет көрсету қауіпсіздігі сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке мобильді топтардың жұмысын күшейту жүктелді.
– Адамдар инфекцияның қауіптілігіне сенбейтіндіктен және қауіпсіздік шараларын сақтамағандықтан, науқастар саны артып отыр. Егер біз жағдайды түзеткіміз келсе, тиісті тұлғалардың жұмысын күшейтіп, азаматтарға әрқайсымыздың мойнымызда үлкен жауапкершілік бар екенін түсіндіруіміз керек, – деп қорытындылады Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы
әкімінің баспасөз қызметі