Basty bet
Білім сапасын талап ететін кез келді
Кеше ауданымызда мектеп түлектерінің 11 жылдық білімін сарапқа салатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы легі өтті.
Биыл ауданымызда 29 орта мектеп бойынша жалпы 719 оқушы 11 сыныпты тамамдады. Оның ішінде 684-і ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Тағы екі республикалық мектептердің түлегі біздің ауданнан қатысады.
ҰБТ-ның алғашқы күні 14 мектептен 169 түлек және бір республикалық мектебінің түлегі қатысуы қажет болған. Алайда бір түлек ҰБТ тапсыруға келмеді.
Түлектер №1 мектеп-гимназияның базасына карантиндік талаптарға сәйкес жолақты лента жолмен кіріп, арнайы тунельден өтіп, тепловизормен дене температуралары өлшенді. Ішке енген соң металл іздегіш құрылғылармен тыйым салынған заттарды ішке алып кірмеуі үшін тексерілді.
Өкінішке орай екі түлек осы тексеру барысында телефон алып кіргені үшін акт толтырылып, сыртқа шығарылды.
Биылға дейін қалтасынан телефон шыққан түлектер телефонын кіреберіске тастап, ішке кіре беретін. Биыл телефон немесе рұқсат етілмеген зат шықты ма, болды автоматты түрде тестілеуге кірмейді.
ҰБТ-дағы өзгерістер, қатаңдатылған талаптар туралы бұған дейін білім бөлімі тарапынан мектеп директорларымен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Алайда өкінішке орай тестілеуге телефонмен келгендер кездесті.
Түлектерге ҰБТ тапсыруға биыл төрт сағат беріліп отыр. Тестілеуді онлайн жүйемен ата-аналар мен ұстаздар «Ютуб» каналы арқылы көруіне мүмкіндік жасалды.
Тестілеу талапқа сай өтіп жатты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдерінің қадағалауымен он екі түлек телефон пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарылды. Тіпті министрліктен аудандық тестілеу орталығына хабарласып, екінші аудиториядағы бір баланың телефон пайдаланып отырғанын айтып, аудиториядан шығаруын ескертті.
Министрліктен талапты күшейткендегі мақсат – білім сапасын көтеру. Жоғары оқу орындарындағы гранттарды тағайындауда тек білімді жастарға орын беру болатын. Бұл дұрыс талап. Неге білімсіз бала түрлі құйтырқы іс-әрекеттермен жоғары балл жинап, грантта басқа баланың орын алып отыруы керек? Бұл әділетсіздік қанша жылдан бері көтеріліп келе жатқан болатын. Білімі төмен, оқымаған бала қанша жыл амалын тауып грантта оқығанымен одан жақсы маман шықпайды. Ондай мамандардың салдарын қоғам тартып келгелі қашан? Әр адам өзінің біліміне, қабілетіне қарай өз орын табуы керек.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп ұлы Абай атамыз айтпақшы, мейлі ол білімді заңгер болсын, мейлі ол өз ісін мықты білетін қарапайым механизатор болсын ол қоғамның ең керекті, пайдалы мүшесі. Ал, білімсіз заңгер болсын немесе дәрігер, мұғалім болсын оның қоғамдағы, ортадағы құны көк тиын.
Тестілеу барысында кейбір түлектердің телефон пайдаланғаны үшін тиісті құжаттары жойылып, акт толтырылып, сыртқа шығарылғаны мектеп директорлары мен ата-аналарға алдағы сынақтарда үлкен сабақ болуы керек. Қаншама ескерту, түсіндірме жұмыстарынан кейін баланың тестілеуге телефон алып кіруіне жол берген ата-ана кінәлі.
Мектеп директорларынан білім сапасын талап ететін кез жетті. Үкімет «Педагог мәртебесі» Заңы арқылы ұстаздарға, жалпы білім саласына барлық жағдайды жасауда. Ендігі жерде әр мұғалім өз жұмысымен үлкен жауапкершілікпен айналысуы керек. Баланың болашағын ойлаған ата-ана мұғалімнен басқаны емес, білімді талап етуі қажет.
Енді аудан түлектері бүгін, яғни 23, 24, 25 маусым күндері тест тапсыратын болады. Барлық түлектерге сәттілік тілейміз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»