Basty bet

Салық органдарының үздігі

Ауданда мемлекеттік қызметті абыроймен атқара жүріп, өзінің кәсіби білім-білігін мекеменің межелі жоспарларын іске асыруға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтар көптеп саналады. Соның бірі – Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Жанәділ Рахимбердиев.

Жанәділ Жұмәділұлы 1968 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданының Түгіскен ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Талас ауданындағы Сәду Шәкіров ауылындағы А.Жданов (қазіргі Шона Смаханұлы) атындағы орта мектепті тәмамдады.
Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ зеректігімен ерекшеленіп, есепке жүйрік болды. Әкесі Жұмәділ совхозда агроном болып жұмыс атқаратын, 6 кластан бастап барлық есептерін бұған жасататын. Ол кезде қазіргідей есептегіш құрал жоқ. Барлық мәліметтерді есеп шотпен қолымен санататын. Сөйткен қағілез бала өсе келе есепші мамандығына құштар болып, мектепті аяқтаған соң 1985 жылы Семей қаласындағы қаржы-экономикалық техникумына оқуға түсті.
1990 жылы аталған техникумды қаржыгер мамандығы бойынша бітіріп, диплом алып шықты. 1986-1988 жылдары мамыр айларында Кеңес әскері қатарында әскери борышын Тәжікстан, Қазақстан және Қырғыз мемлекеттерінде өтеді. 1991-1996 жылдары білімін Қазақ Мемлекеттік басқару академиясында экономист мамандығы бойынша ұштаған.
Жанәділ Рахимбердиев салық органдарындағы еңбек жолын 1990 жылы Қаратау қаласы бойынша салық инспекциясында жетекші маман болып бастады. Алғашқы ұстазы Назгүл Махажанова болып, жұмыстың қыр-сырына үйретті.
– Ол кезде жас мамандардың кәсібіне бейімделуі үшін мекеме басшысының бұйрығымен тәжірибе маман тәлімгер ретінде бекітілетін. Осы ретте маған Назгүл Мақажанқызының көп көмегі тиді. Ол кісі маған салық салу базасын жасау, мекемелерді тексеруді, салықтың есептелу әдістерін үйретті. Ол кезде әдебиеттердің бәрі орыс тілінде болатын. Іс қағаздары негізінен ресми тілде жүргізілетін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шаруашылық жүргізу тәсілдері өзгеріп, салық салу базасы кеңейді, жаңа меншік түрлері пайда бола бастады. Кеңшарлардың орнына кооперативтер, шағын кәсіпорындар, ЖШС болып қайта құрылды. Міне, осындай қиын тұста жұмыста пайдаланатын белгілі бір әдістемелік нұсқаулықтар болғанымен, олардың саны аз еді. Компьютерлер жоқ, бәрі қағаз жүзінде жүргізілетін, – деп еске алады Жанәділ Жұмәділұлы.
1990-1997 жылдар аралығында Ж.Рахимбердиев Қаратау қаласында салық басқармасында жетекші маман, бас маман, 1997 жылдың мамырынан 2001 жылдың шілдесіне дейін Талас ауданы мен Қаратау қаласының бірігуіне байланысты Талас ауданы бойынша салық басқармасында бас маман, бөлім басшысының орынбасары, бөлім басшысы қызметтерін атқарып, тәжірибе жинақтады.
2001 жылдың 17 шілдесінде ротация тәртібімен Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына ауысып, бөлім бастығы болып тағайындалды. Содан осы күнге дейін басқарманың есеп, талдау, құқықтық және жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.
– Бөлімнің негізгі міндеті бюджетке түсетін салықтар мен төлемақылар бойынша салық базасын жасау, аудандық, облыстық және республикалық бюджетке түсетін салықтар мен төлемақылардың жобаларын жасап, бекіту, болжам сомаларды орындау, басқарма бөлімдерінің жұмыстарын үйлестіру және кадр қызметіне бақылау жасау, мекеменің жұмыс жоспарының орындалуына бақылау жасау. Қарамағымда үш мемлекеттік қызметкер бар. Олар бөлімнің алдына қойылған мақсаттар мен міндеттердің орындалуына өз үлестерін қосып жүр.
Жанәділ Жұмәділұлының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі ескерусіз қалмады. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер министрінің (2001 жылы), Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының, Талас, Жуалы аудандары әкімдерінің және Жуалы ауданы мәслихатының Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жауапты хатшысының 05.08.2016 жылғы № 311 бұйрығымен «Мемлекеттік кірістер органының үздігі» медалімен марапатталды.
Білікті басшы, тамаша ұйымдастырушы Жанәділ Рахимбердиев – еңбек ұжымында да сыйлы, абыройлы маман. Ол қазіргі жас буын – салық қызметкерлеріне өмірден түйген бай тәжірибесін, ағалық ақыл-кеңестерін айтып отырудан ешқашан жалықпайды.
Жанәділ Жұмәділұлы отбасында ардақты әке, аяулы жар. Ол 1991 жылы Раушан Ахметовамен отау көтерді. Шуақты шаңырақ иелері екі ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан үш немере сүйіп отырған бақытты жандар. Жұбайы Раушан №5 «Балдырған» балабақшасында әдіскер болып жұмыс атқарады. Ұлы Нұрлан әке жолын қуып, қаржыгер мамандығын таңдады. Ол бүгінде Жуалы ауданы әкімдігінің қаржы бөлімінде бас маман болып еңбек етіп жүр.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close