Basty bet

Береке-бірлігімізді ойлайық

Әлемдегі жағдай сәт сайын өзгеру үстінде. Өмірде ақ пен қараның, жақсы мен жаманның қатар жүретіні сияқты қазір жақсы жаңалықтардан бұрын жаман хабарлардың жиілеп кеткені рас. Қазір дүниежүзілік саяси ахуал да өте күрделі мәселеге айналуда. Оны күнделікті ақпарат құралдарынан естіп-біліп, көріп жатырмыз.
Қазір ел ішінде, халық арасында да қорқыныш басым. Өкінішке орай, аты жаман індет біздің еліміздіде шарпып отыр. Төтенше жағдай режімі, шектеу шаралары алынып тасталғанымен қатерлі індетке байланысты елі ішіндегі ахуал жақсарар емес. Ақпарат құралдарынан хабардар болып отырғанымыздай, ауру жұқтырғандардың саны күн санап артып, 18 мыңға жуықтады. Бұл әрине жақсы емес.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Бұл біздің еліміздің ғана басындағы жағдай емес. Қатерлі індетпен күрес қазір әлемнің бірқатар елдерінде қарқынды жүргізілуде. Індеттің біздің ел аумағына таралғанына үш айдан аса уақыт өтсе де кейбір адамдар оның бар-жоғына сенбеуде. Жау жоқ деме, жар астында. Қауіп те сондай. Ауру да, апат да адамдарға айтып келмейді. Кез келген қатердің тосыннан келетіні бар. Бұл қатерлі аурудың алдын алудың және таралмауының бірден бір жолы ретінде адамдардың оқшаулануын айтар едім. Карантин жағдайына қарамастан адамдардың арасындағы байланыс, бей-берекет жүріс-тұрыс, көлік қозғалысының саябырситын түрі көрінбейді. Той-томалаққа, отбасылық қуаныштарға шектеу қойылғалы бері кейбір отбасылар мұндай қуаныштарды өз үйлерінде өткізіп жатқанынан хабардармыз. Бұл – өте қауіпті. Олай болатыны, қонақтардың дені негізінен сырттан келеді. Оның қандай ауруы бар екенін сіз қайдан білесіз? Осындай білместіктің, аса қажеттілік болмаса да адамдардың көзсіз тәуекелге баруы қауіп-қатерге алып келуі әбден мүмкін. Ең алдымен осыны ойлайық, ағайын.
«Сабыр түбі – сары алтын» деген аталы сөз бар халқымызда. Сондықтан осындай ел бірлігі сыналар сын сағаттарда сабырлық танытып, байырғы берекемізді, мызғымас бірлігімізді сақтап қалудың жолдарын халық болып ойласқанымыз абзал. Алдымен өз отбасымыздың амандығын, қауіпсіздігін ойлайық. Сонда ғана ағайын-туысымыз, ауылымыз аты жаман аурудан дін аман болмақ. Балаларымыздың, желкілдеп өсіп келе жатқан немере-шөберелеріміздің жарқын болашағын ойлайтын болсақ, уақытша қиындықтарға сабырмен қарауымыз қажет.
Аса қажет болмаса ешбір себепсіз үйден шықпайық. Жеке бастың тазалығына көңіл бөлейік. Мұндай жағдайда дұрыс тамақтану маңызды. Қазір мен өз отбасыммен, балаларыммен, немерелеріммен бірге үйде отырмын. Бұл да аурудың алдын алуға үлкен сеп.
Аурудың салдарымен күрескенше, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Елдегі жағдайға сабырмен қарап, түсіністік танытқанымыз абзал. Еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын бәріміз ойлауымыз қажет. Өйткені, елдің тыныштығы мен халықтың амандығы бәрімізге ортақ.

Дүйсенқұл АҚДІЛДАЕВ,
зейнеткер.
Б.Момышұлы
ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close