Basty bet
Ең абзалы – сабыр мен тазалық сақтау
Қазақ халқы тағдырдың талай теперіштері мен дәуір сынақтарын әбден көрген халық. «Ежелден-ақ «болған іске болаттай беріктік» танытып келе жатқан тәубешіл халқымыз дәл қазіргі уақытта тағы бір сынақты, сын сағаттарды бастан өткеріп жатыр. Ол – әлем елдерін қыспаққа алып жатқан коронавирустық инфекция. Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын «COVID-19» атауымен белгілі болған аты жаман ауру дәл қазіргі уақытта адам денсаулығынан бөлек, әлемдік экономиканы да біраз есеңгіретіп тастады.
Өкініштісі сол, Қазақстанда да аты жаман аурудан көз жұмып жатқандар бар. Дерт күннен-күнге жайылып барады. Ауру жұқтырған адамдардың да саны күн санап артуда. Соңғы деректерге қарағанда, қауіпті инфекцияны жұқтырғандар 21 мыңнан асып кетті. Мемлекет сақтық шараларын қанша күшейткенімен аурудың алдын алуда бірқатар кедергілерге тап болуда. Олай болатыны, қазір ел ішінде адамдардың қозғалысы, керексіз жиындар, той-томалақтар, оның ішінде ірілі-ұсақты отбасылық қуаныштар азаймай отыр. Негізгі себебі, осы. Мұндай жағдайда қандай аурудың да өрши түсетіні белгілі. Әсіресе, аты жаман дерттің алдында адамзаттың қауқарсыз болып отырғаны бәріміздің жүрегімізге батып отыр.
Коронавирустық инфекцияны Жуалы жұртшылығының да жекелеген тұрғындары жұқтырды деген жағымсыз хабарды құлағымыз шалды. Құдай сақтасын, дерт ушығып кететін болса отбасымызға да, тұрмысымызға да теріс әсер ететіні анық. Сондықтан қандай ауру болсын, оның салдарымен күрескенше алдын алған әлдеқайда тиімді. Қазір сақтануымыз керек. Ауруға қарсы сақтанып, жеке бастың тазалығын, отбасында саламатты өмір салтын ұстанар болсақ, көптеген дерттен аулақ болатынымыз анық.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзді Батыр Бауыржан Момышұлы тектен-текке айтқан жоқ. Осы орайда елде енгізілген талап пен тәртіп барша қазақстандықтарға ортақ. Талапты сақтау одан да маңызды. Біз тәртіпті сақтау арқылы отбасы мүшелерінің өмірі мен басқа да отандастарымыздың өмірін сақтаймыз. Мемлекетке де көмегімізді тигіземіз. Аурудың алдын аламыз. Белгіленген шектеулер өз пайдасын тигізетініне сенім де мол.
Қазақстанда аты жаман індет тіркелген алғашқы сәтте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын сары уайымға салынбауға шақырды. Бұл қиын күн де басымыздан өтеді. Ең абзалы – сабыр сақтау. Сабыр сақтап, мемлекет басшылығы жариялаған талап пен тәртіпті қатаң сақтағанда ғана қауіпті індеттің алдын аламыз.
Өмірдің негізгі тірегі – еңбек. Жасым сексеннен асса да еңбектен қол үзген емеспін. Қазіргі карантин жағдайында отбасымызбен бірге еңбек етудеміз. Бәріміз үйдеміз. Қолдағы немерелерді қарап, олардың тәлім-тәрбиесіне көп көңіл бөліп отырамын. Әсіресе, немерелеріме аталық өсиеттерімді, өмірден көрген-түйгендерімді айтып келемін. Басқаларға да айтарым, қауіпті пандемия жағдайында той тойламай, тазалық пен тәртіпті сақтауға, жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне баса көңіл бөлу қажет. Той-томалақтарды тоқтата тұрыңыздар. Аманшылық болса, бәріне де уақыт табылады. Тек сабыр сақтау керек.
Кеңес ШЫМКЕНТБАЕВ,
еңбек ардагері.
«Жамбыл облысына сіңірген
еңбегі үшін» медалінің иегері