Basty bet

Болашақтың қаласы

Әр елдің астанасы – сол елдің төлқұжаты. Осы ретте, «Астанасына қарап, елін таниды» деген Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінде терең мағына мен мән бар. Сарыарқаның төрінен орын алған елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналып отыр. Бас қала жыл өткен сайын сәулеті де, дәулеті өркендеп, әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени орталығы болып қалыптасуда. Мұндай сәні мен салтанаты келіскен елордамыз барша қазақстандықтардың мақтанышына айналуда. Қазақ елінің бас қаласын бүгінде төрткүл әлем таныды. Келешекке қол созған жастар легі жаңа қала Елордамызға көш түзеу үстінде.

Елорда – жастардың білім қуып, ғылымға ден қоятын саялы мекені. Болашақтың, мәдени руханияттың, білім мен ғылым құлаш сермеген өркениетті қала.
Мен де осы қалаға жоғары оқу орнына оқуға түсіп, арманы орындалған жастардың бірімін. Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті тамамдағанмын. Осы тұста ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі жақсы шыққандықтан білім деңгейі жоғары университетке оқуға түскім келді. Ал, ата-анам болса алысқа кеткенімді қаламай, жақын жер Тараз қаласына қалуымды үгіттеді. Алайда, мен білімді еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда алуды жөн санадым. Сыныптастарыммен бірге елордадағы «Астана» медициналық университетіне құжаттарды тапсырып, тәуекелге бел будым.
Елорда бізді жаңбырлы күнімен қарсы алды. Бұл уақытқа дейін ел арасынан бас қаланың ауа райы құбылмалы екенін, суық болатынын естігенім бар. Бірақ, мен одан қорықпадым. Себебі, біздің Жуалы жерімен Елорданың климаты ұқсас екенін аңғардым.
Құжаттарымызды тапсырып болған соң, қаланың көрікті жерлерін тамашалауға серуенге шықтық. Зәулім ғимараттар, көздің жауын алатын саябақтар адамды өзіне еліктіріп жіберді. Ең бастысы, қаланың адамдары, ауасы мүлдем басқа. Басқа әлемге түскендей күйде болдым. Мынандай келбетті, көркем әрі әсем қаланы әрбір қазақ азаматы мақтан етуі керек. Өркениетті қаланы тұрғызу үшін қаншама еңбек пен күш-жігер жұмсалғанын қазіргі жас буын білуі тиіс. Сондай-ақ, жастардың алаңсыз білім алуына мұнда барлық мүмкіндіктер жасалған. Тек ерінбей еңбек ету қажет.
Туған жерден жырақтаған кезімде ауылымды аңсап, ата-анамды сағынатын кездерім алғашында көп болды. Аңсарым ауылға ауып тұрды. Бірақ, ата-анамның «Елордаға оқуға түсу барлық балаға бұйыра бермейді, сен қайта сондай қалада білім алып жатқаныңа қуан. Шыда, жемісін көресің» дегені маған қанат бітіргендей болды.
Адамның ең қызықты сәттерінің бірі студенттік шақтары. Міне, менің жастық шағым күннен-күнге көркейіп келе жатқан Елордада өтуде. Маған бас қаланың «Бәйтерек» монуметі, «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы және саялы бақтары ұнайды. Елордада жүргенде өзімді қырандай еркін сезінемін. Осы қалада оқуымды жақсы аяқтап, білікті дәрігер болғым келеді. Мақсатымды да арманымды да Нұр-Сұлтан қаласымен байланыстырамын. Ақ халатты абзал жан болу үшін де батылдық керек екенін жақсы білемін. Сондықтан, алдағы уақытта білім ордасын үздік нәтижемен тамамдап, денсаулық сақтау саласында еңбек еткім келеді.
Аруна Жолдасбек,
«Астана» медициналық университетінің
жалпы медицина факультетінің ІІ курс студенті.
Көлбастау ауылы

Таңдаулы материалдар

Close