Basty bet

Елорда күнінде үш нысан ашылды

Елорда күні мерекесіне орай Жуалы ауданында да бірқатар нысандардың ашылуы болды. Елорда күні және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жасқа толған мерейтойына орай «80 жылдыққа 80 игі іс» жобасы аясында ауданда Чернобыль апатының зардабын жоюға және Семей ядролық полигонының құрбандарына, сонымен қатар, аталған апаттың салдарларын жоюға қатысқан ардагерлерге арнап салынған ескерткіштің ашылуы болды. «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында орын тепкен ескерткіш маңындағы салтанатқа атом электр станциясында болған апаттарды жоюға және Семей полигонына қатысқан ардагерлер қатысты.

Ескерткіштің ашылуында аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.
-Дана халқымызда: «Өткенсіз келешек жоқ» деген сөз бар. Біз ең алдымен өткен тарихымызға тағзым жасамай, ешқашан алға басып, өркендей алмаймыз. 1949 жылы Семей ядролық полигонында алғашқы жарылыс жасалды. Осы күннен бастап КСРО әскери өнеркәсіп кешені Қазақстан халқына қарсы жарияланбаған соғысты бастап кетті. Бұл – ядролық сынақтың басы еді. Сынақ 40 жылдан астам уақытқа созылды. Қазақстан аумағында барлық жиынтық қуаты 50 мегатоннадан асатын 470 ядролық сынақ жасалды. 1986 жылы Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында болған апат жайлы білмейтіндер кемде-кем. Дүниені дүр сілкіндіріп, талай жанның тағдырын шайқаған электр стансасында болған апатқа қатысқандарға және Семей полигонының құрбандарына арналып ескерткіш ашылып отыр.
Осыдан отыз жыл бұрын Украинаның Чернобыль атом электр станциясында болған апаттың салдарларымен күресуге біздің де жерлестеріміз қатысқан болатын. Олар бұл сынаққа қатысып, денсаулығына, өмірлеріне орасан зор зиян келді.
Біз мұны ұмытпауымыз қажет. Әсіресе жас ұрпақ аға буынның басынан өткен қасіреттерді біліп өсулері тиіс. Бұл да біздің тарихымыздағы ең қаралы беттердің бірі.
Тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен біздің еліміз ядролық қарудан бас тартқан бейбіт ел атанды. Біздің халқымыз ежелден бейбітшілікті, татулықты, еркіндікті сүйетін халық. Бүгінде елімізді әлемдік қауымдастық бейбіт ел ретінде жақсы таниды.
Біз бүгін аталған ядролық апаттардың, сынақтардың зардаптарымен күрескен ардагерлердің құрметіне, құрбандарына арнап салынған ескерткіш-монументті салтанатты жағдайда ашқалы отырмыз. Бұл шара Елорда күнімен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жасқа толған мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан қатар келген қос мереке құтты болсын. Әлемде бейбітшілік салтанат құра берсін. Ешқашан соғыс болмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Барлығыңызға амандық тілеймін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Айта кету керек, Жуалы ауданында Чернобыль атом электр станциясында болған апатты жоюға қатысқан 59, Семей полигонында болған 11 ардагер тұрады. Ескерткіштің ашылу салтанатында аталған оқиғаларға қатысқан ардагерлердің атынан «Чернобыль-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шынарбек Райысбаев және ардагер Фарид Галиев сөйлеп, ізгі тілектерін білдіріп, ескерткіш-белгінің салынуына ықпал етіп, көмек көрсеткен аудан басшыларына алғыстарын білдірді.
***
Мереке құрметіне аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында Абылайхан және Қайрат Рысқұлбеков көшелерінің арасын жалғап жатқан үлкен сайға орнатылған жаяу жүргіншілер көпірінің де ашылуы болды. Бұл салтанатқа көше тұрғындарымен қатар аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов қатысты. Ауыл қариясы Қуантай Исаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, тұрғындар көптен күткен жаяу жүргіншілер көпірінің салынғанына қуанышты екенін жеткізді. Көпірдің лентасы салтанатты жағдайда қиылды.
***
Осы күні аудан орталығы Дінмұхамед Қонаев көшесінде орын тепкен демалыс орталығының да ашылу салтанаты болды. Демалыс орталығының ашылуына аудан әкімі Н.Ергебеков қатысты. Салтанат барысында Нарбай Әбілқасымұлы ауданда салынып жатқан құрылыстардың жайына тоқталып, кәсіпкерлік саласының ел экономикасына тигізер орасан зор пайдасын атап өтіп, демалыс орталығын ашып отырған кәсіпкер Жақсылық Ержановқа алғыс білдірді. Айта кететін болсақ, демалыс орталығы 150 адамға арналған. Мұнда клиенттердің еркін отырып демалуына барлық қажетті жағдайлар жасалған деуге болады. Тағамдарының да түрі саналуан.
Аудан әкімі Н.Ергебеков кәсіпкердің жұмысына табыс тілеп, карантин режимі және шектеу шараларына байланысты барлық санитарлық талаптарды мүлтіксіз сақтай отырып қызмет көрсету қажеттігін еске салды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close