Basty bet
Дәрі-дәрмектердің үлкен партиясы жеткізілді
Жамбыл облысына коронавирус пен пневмонияға қарсы дәрі-дәрмектердің үлкен партиясы жеткізілді
Жамбыл облысында коронавирус пен пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің тапшылығы мәселесі шешілуде. Бұл мәселе облыс басшылығының тұрақты назарында.
Айталық, облыстық денсаулық сақтау басқармасы «СК-Фармация» ЖШС-нің өңірдегі өкілдігімен бірлесіп, жетіспеушілігі туындап отырған дәрі-дәрмектер бойынша өтінім жіберген.
Нәтижесінде, 9-11 шілде аралығында 98 миллион 383 мың теңгеге дәрі-дәрмектердің ауқымды партиясы жеткізілді. Олар пневмония және COVID-19 вирусын емдеуге арналған.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов атап өткендей, препараттар облыстық ауруханаларға үлестірілген. Қазіргі таңда дәрі-дәрмектер аудандық медициналық мекемелерге жіберілуде.
Жеткізілген дәрі-дәрмектердің қатарында антибиотиктер (1300 ампула), антикоагулянттар (2585 ампула), витаминдер (45,170 ампула), дексаметазон (1850 ампула) бар.
– Бұдан бөлек, бірер күнде дәрі-дәрмектердің жаңа жеткізілімі күтіліп отырғанын айтқым келеді. Біз 700 миллион теңгеге қосымша өтініш жібердік, – дейді Марат Жұманқұлов.
Оның айтуынша, дәрі-дәрмектер дәріханаларға да жеткізілмек.
– Ірі дәрі-дәрмек жеткізушілерімен тауарларды уақтылы жеткізіп отыру бойынша келісімшарттар жасалған. Мәселен, бүгінде «Әмір және Д» дәріханаларына 100 миллион теңгеден астам қаржыға дәрі-дәрмектер әкелінген, – деді М. Жұманқұлов.
Басқа дәріханалар да қажетті препараттармен қамтамасыз етілетін болады. Осылайша, дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі өз шешімін табуда.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі