Basty bet
Сенім күші – үлкен күш
«Тас түскен жеріне ауыр» деген. Әлем елдерін қыспаққа алып отырған пандемияның салдарынан қаншама адамдардың өмірі қиылып жатыр. Өкінішке орай, аты жаман аурудан болып жатқан адам шығыны орасан.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған телевизиялық үндеуінде: «Баршаңызға мәлім, қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай күрделене түсуде. Коронавирустың таралуы бәсеңдемей отыр. Кейбір елдерде бұл індет ушығып бара жатыр. Әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға жетті, соның салдарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол себепті, бірқатар елдерде карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынасы қайтадан шектелді. Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілді. Бұл аса қажетті шешім болды. Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ» деген болатын.
Президент телевизиялық үндеуінде аты жаман алапат індеттің арамыздан талай асыл азаматтарымызды әкетіп жатқанын айтып, қайғыдан қара жамылған азаматтарға қайғыларына ортақтасып көңіл айтатынын жеткізді. Сонымен қатар, 13 шілдені – Аза тұту күні деп жариялап, індетпен күрестің жалғаса беретінін баса айтты.
Аза тұту күні пандемиядан құрбан болғандарды еске алып, олардың рухтарына тағзым етеміз. Аталған індет талай асыл азаматтарымыздың, тіпті, танымал тұлғалардың да өмірін қиып жатқаны әрине өкінішті жағдай, орны толмас қайғы. Алдағы уақытта мұндай орны толмас қайғы болмас үшін сақтық шараларын барынша сақтауымыз қажет. Бұл ертеңгі өміріміздің қауіпсіздігі үшін аса қажет.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Барша адамзаттың алдағы күндерден үміті мол екені белгілі. Алдымыздан жарық күннің шығатынына сенуіміз қажет. Өйткені, сенім күші – үлкен күш. Қазір жүріп жатқан ақпараттың алапат тасқынына қарсы тұру да маңызды. Түрлі қауесеттерге сеніп, уайым мен қайғыға батып, еңсені түсіруге болмайды. Президент айтқандай, салмақты, сабырлы болайық. Уақытша қиындықтарға төзе білсек, алдымызда жақсы күндерімізге, қалыпты өмірімізге қайта оралатынымыз сөзсіз.
Шора Ысқақов,
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» ҚБ Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры