Basty bet

Жазушыға жерлестері құрмет көрсетті

Алаш арысы қазақ әдебиетінің қалыптастырушылардың бірі, көсемсөзші, ұлттық сөз өнеріне, оның өрісті өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан әдебиет сыншысы, көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы: «Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа әдді жоқ. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тіпті жетпегенін айтып береді» деген сөз қалдырғаны белгілі. Алаш арысы бұл жерде тек ақындар туралы айтып отырған жоқ. Оның сөз ұстаған жазушылар, заман жыршылары саналатын қаламгерлер туралы сөз қозғап отырғанын анық байқауға болады.

Иә, қазақ халқының тағдырлы тарихында ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен аузы дуалы билер, аузымен құс тістеген небір шешендер, одан беріде ұлт әдебиетінің негізін қалау ісіне бүкіл ғұмырларын сарп еткен ақын-жазушылардың болғанын білеміз. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» – дейді Мағжан ақын. Қазір қазақ әдебиетінің ауылына ат байлап, сөз өнеріне, қазақ көсемсөзіне қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтар баршылық. Ұлт әдебиетіне қомақты олжа салған қаламгерлердің қатарында қасиетті Жуалы жері түлеткен таланттардың шоғыры бір төбе деуге болады. Атап айтсақ, батырлығымен аты әлемге тараған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы әскери әдебиеттің негізін қалады. Одан соң Халық жазушысы, журналист-жазушылардың талай буынына ұстаздық еткен Шерхан Мұртаза, Кәрім Баялиев, Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Айтбайұлы, Алпысбай Шымырбайұлы т.б. жуалылық жазушылардың есімі алыс-жақынға кеңінен таныс.
Жерлес жазушылардың ішінде Мақұлбек Рысдәулеттің шоқтығы биік. Айтса, айтқандай, ол ұзақ жылдар көрнекті жазушы, біртуар қайраткер азамат Шерхан Мұртазаның тәлімін алып, серіктесі, інісі ретінде жанында жүрді. Содан да болар, бір сәтте күндей күркіреп, жауындай сіркіреп, артынша жарқыраған шуақтай жайраңдайтын жайсаң да батырға тән байыпты мінездері бар.
Қазақстан Журналистер одағының, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет журналистика саласындағы алғашқы еңбек жолын Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде бастап, Сарыарқа төрінде қаламын ұштап, кәсіпқой көсемсөзші ретінде шыңдалды. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Арқа жерінен өзінің туған өңіріне оралып, республикалық «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінің меншікті тілшісі ретінде облыстың экономикасы мен мәдениеті, әлеуметтік тұрмысы туралы кеңінен қалам тербеді. Мақұлбек Рысдәулет ел газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде облыстағы меншікті тілші қызметін атқарған жылдары Талас жеріндегі Амангелді газ-кен орнын игеру – ел байлығын арттыратындығын дәлелдей білді.
Қазақ көсемсөзі мен әдебиетінде бірдей қалам тербеген жазушының көркем әдебиет саласында жазған «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Құс жолы», «Бақатерек», «Әбдір Сағынтаев» кітаптары оқырманға жол тартты. Жазушы кейінгі жылдары Жамбыл облысы мемлекеттік архивінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Қазіргі таңда архив деректері негізінде жазылған бірқатар кітаптары аса құнды еңбек болып саналады.
Көрнекті жазушы, ауданның Құрметті азаматы Мақұлбек Рысдәулеттің 70 жылдық мерейтойы Жуалы жерінде аталып өтті. Аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткен тағылымды кеш «Жуалы, тарих және қаламгер» деп аталды. Кештің алдында Мақұлбек Рысдәулеттің өмір жолынан сыр шертетін сұхбат көрсетіліп, кеш иесі сахна төріне құрметпен шақырылды. Жазушының мерейтойына орай алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
– Құрметті Мақұлбек Қайыпбекұлы! Қадірлі қонақтар! Сізді мағыналы ғұмырыңыздың жарқын белесі – 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын.
Тарихтың терең қатпарларынан сыр шертетін, қойнауы құт-берекеге толған, киелі өлке, ырыс-ынтымақты мекен жұлдызы биік Жуалы өңірі талай айтулы тұлғаларды бесігінде тербеткен. Былайғы жұртқа біздің жасампаз өлкеміз генералдар, батырлар мен ақындар, еселі еңбеккерлердің елі ретінде жақсы таныс. Соның ішінде көсемсөз һәм көркемсөз әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар қарымды журналист-жазушы ретінде Сіздің де есіміңіз құрметпен аталады.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап бірқатар республикалық газеттердің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып 15 жыл еңбек етіп, облыстың экономикасы мен мәдениеті, әлеуметтік тұрмысы жөнінде қалам тербеп, Талас жеріндегі Амангелді газ-кен орнын игерудің Отан игілігін еселей түсетінін дәлелдей білдіңіз. Кейінгі жылдары облыстың бас басылымы – «Ақ жол» газетіне басшылық жасадыңыз.
Сізді 70 жылдық мерейтойыңызбен тағы да құттықтай отырып, деніңізге саулық, баянды бақыт пен ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық, құт-береке тілеймін,- деген Нарбай Әбілқасымұлы мерейтой иесі Мақұлбек Рысдәулеттің иығына қазақы салтпен шапан жауып, сый-сыяпат жасады.
Одан соң кеш тізгінін Қазақстанның мәдениет қайраткері, театртанушы Әлібек Әмзеұлы алып, мерейтой иесінің жазушылық қырларына, азаматтық ұстанымдарына, жалпы адамдық қадір-қасиеті туралы кеңінен толғады. Сонымен бірге жазушының облыстық архивтегі ерен еңбектері туралы айтып өтті.
Кеш барысында облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Назым Қожамарова, аудандық мемлекеттік архивінің директоры Ажар Ақбалаева сөз сөйлеп, жазушыға сый-сияпат жасады. Одан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, Шымкент қаласынан келген ардагер журналист Аманғали Әбуов, жазушының досы Қалдан Назарұлы мерейтой иесінің азаматтық қырларымен қоса Жуалыға сіңірген еңбектерін атап өтті.
Кеш соңында мерейтой иесі Мақұлбек Рысдәулет сөйлеп, жерлестеріне алғысын білдірді.
– Қасиетті Жуалы жерінен қазақтың төлқұжатына айналған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза сынды таутұлғалы азаматтар шыққан. Адамның адамдығы ең алдымен өзінің туған жерін сүюден басталады деп ойлаймын. Алғыстың ең үлкені – жерлестерімнің, халықтың берген алғысы. Жуалының жұлдызы биікте жарқырай берсін! Барлықтарыңызға алғысымды білдіремін,- деді Мақұлбек Қайыпбекұлы.
Бұл күні жазушының мерейтойының құрметіне Жуалы аспанында ән әуелеп, ақ тілектер ақтарылды. Осылай жерлестері жазушыға лайықты құрмет көрсетті.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close