Basty bet
42500 теңге жәрдемақы кімдерге беріледі?
Елімізде енгізілген карантин шараларының шілде айының соңына дейін ұзартылуына байланысты қазақстандықтар 17 шілдеден бастап шілде айына төленетін 42500 теңге әлеуметтік төлемге өтініш бере алады.
Жәрдемақының тағайындалу және төлеу тәртібін таяуда өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов түсіндіріп өтті.
Министрдің айтуына қарағанда, жәрдемақы карантиндік шектеулерге байланысты ақысыз еңбек демалысына жіберілген немесе табысынан айырылған тұлғаларға: орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлеріне; жеке кәсіпкерлерге; азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдарға; бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге; өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға төленеді.
– Ендігі ретте табысынан айырылған жұмыскерлерге жәрдемақы төлеу туралы өтінімді жалдамалы жұмысшыларын ақысыз еңбек демалысына жіберген жұмыс берушілер, карантин кезінде жұмысы тоқтаған жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бере алады.
Әлеуметтік төлемге өтініш беру жолдары: 42500.enbek.kz порталы; Egov.kz электронды үкімет порталы; Telegram-боттар (өзін-өзі жұмыспен қамтитын жеке тұлғалар үшін).
Порталдар 17 шілдеден бастап іске қосылады. Өтінімдер 1 қыркүйекке дейін қабылданады.
Жәрдемақыны бейресми жұмыс істеп жүргендер санатынан АӘК алушылар; зейнеткерлер; студенттер; төтенше жағдай енгізілген күнге дейін бір рет БЖТ төлеп, кейін жұмыспен қамтылған азаматтар ала алмайды, – дейді министр.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»