Basty bet

Сабыр мен сенім серік болсын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 пандемиясына байланысты Қазақстан халқына арнаған телевизиялық үндеуінде елдегі қалыптасып отырған күрделі жағдайларды ескере отырып карантин режимі мерзімінің ұзартылатынын мәлімдеген болатын. 5-19 шілде аралығындағы қатаң карантин режимі ары қарай, нақтырақ айтқанда, үшінші тамызға дейін ұзартылып отыр. Мұндағы мақсат – аты жаман қауіпті індет жұқтырып, ауырып жатқан адамдардың көбеюіне жол бермей, ауруды ушықтырмай, ел ішіндегі ахуалды тұрақтандыру. Әлем елдерінде, сонымен қатар, біздің елімізде де орын алып отырған күрделі жағдай қай-қайсымыздан болсын саналы түрде әрекет етуді, жоғары жауапкершілікті талап етеді.
«Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзді даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы тектен-текке айтпаған болар. Осы орайда қауіпті індеттің алдын алу үшін елде енгізілген талап пен тәртіп барлық қазақстандықтарға ортақ. Ал талапты сақтау одан да маңызды. Біз тәртіпті сақтау арқылы отбасы, қоғам мүшелерінің, басқа да отандастарымыздың өмірін аман сақтаймыз. Осылайша мемлекетке де көмегімізді тигіземіз. Аурудың да алдын алуға септесеміз. Белгіленген шектеулер өз пайдасын тигізетініне сенім мол. Мұны коронавируспен күрескен бірқатар шет мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отыр.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар халқымызда. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын сары уайымға салынбауға шақырып отыр. Індет таралған алғашқы күннен-ақ мемлекет шұғыл шараларды қолға алды. Жедел іс-шаралар өз нәтижесін де беруде. Бұл қиын күн де басымыздан өтеді. Ең абзалы – сабыр сақтау. Сабыр сақтап, мемлекет басшылығы жариялаған талап пен тәртіпті қатаң сақтағанда ғана қауіпті індеттің алдын аламыз.
Ежелден-ақ ынтымағы жарасып, адал еңбекті ту етіп көтерген қасиетті Жуалы ауданының тұрғындарына ең алдымен сақтық шараларын сақтаңыздар дегім келеді. Қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтап, медициналық бетперделеріңізді тағып, адам көп жиналған орындарға бармауларыңызды сұраймын. Халқымызға сабыр мен сенім серік болса алынбайтын қамал, жеңілмейтін жау болмайды. Халықтың амандығы мен қауіпсіздігі бәрінен қымбат. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ерғали Тілеубеков,
аудандық мәслихаттың хатшысы

Таңдаулы материалдар

Close