Basty bet

Сыртқы жарнаманың

мазмұны мен сапасына қашан мән береміз?

Бүгінгі әлеуметтік, экономикалық тыныс-тіршілігімізді жарнамасыз көзге елестету қиын боп тұр. Себебі, ең біріншіден жақсы, сапалы жарнама сауда-саттық саласында, белгілі бір затты немесе тауарды, көрсетілетін қызмет түрлерін насихаттауда үлкен рөлге ие. Жасыратын несі бар, қазір теледидарды басып қалсаң да, радионы қосып, газет-журналды ашып қалсаң ең алдымен жарнамалық материалдарға көзің түседі. Нарықтық экономикалық қоғамда өмір сүріп жатқан соң жаңалықты жатсынбай-ақ қояйық. Мейлі жарнама жасайық. Алайда: «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегеннің керін келтіріп, қазір не болса соны жарнамалап жатқан жоқпыз ба осы?!

Дәл қазір біздің қоғамда жарнама көп. Бірақ шынын айту керек, оның сапасына, басқа да әсерлеріне қарап жатқан жоқпыз. Дәл осы тақырып бойынша ақпараттарды ғаламтордан іздеп көрген едік. Сонымен біз қозғап отырған тақырыпта мынадай деп анықтама беріліпті.
Жарнама – коммуникация құралы, мәдени және өркениеттік тетіктер – техника мен технология арқылы ол қоғамдық байланыстардың дамуына өз әсерін тигізеді.
Жарнама – бизнесті ілгерілету және өз қызметіне назар аударту үшін арналған құрал.
Жарнама күнделікті өміріміздің құрамдас бөлігіне, өзіндік заңдылықтары бар қоғамдық құбылысқа айналды. Тұтынушы мен өндіруші арасындағы маңызды дәнекер бола отырып, жарнама экономиканың дамуын ынталандыратын, өндірістік үдерістер мен өнім сапасын жетілдіретін маңызды тұтқа ретінде көрінуде. Жарнама – сауданы «жүргізетін» тетік қана емес, сондай-ақ тұтыну мәдениетін жаңа биіктерге көтеретін «өркениет үдеткіші» де болып отыр. Өркениетті тіршіліктің негізін құрайтын ұстындардың біріне айналған жарнама төңірегінде зерттеушілер мен практик мамандар тарапынан түрлі пікірталастардың туындағанына көп болды. Зерттеушілердің көбі оны ғылымның арнайы бір саласына жатқызса, практиктер оны басқару, кәсіпкерлік пен іскерлік өрісінен іздегісі келеді, ал жарнамалық хабарландырулар әзірлеуге қатысы бар мамандар шығармашылық үдерістің өзіндік бір түрі деп санайды.
Әдетте мейлі жарнаманы қандай болса да алаңшада орналастыру үшін белгілі бір төлем талап етіледі. Егер әңгіме қала көшелері мен жол бойындағы сыртқы жарнама жайында болса, онда сізге әкімдіктен оны орналастыру үшін де рұқсат алу қажет болады.
Біз осы тақырыпты ары қарай аша түсу үшін аудан орталығындағы сыртқы жарнамаларға шолу жасап көрген едік. Сонымен, мекемелердің, сауда орындарының, кафелердің сыртында орналастырылған жарнамаларды сараласақ…
Б.Момышұлы ауылының Рысбек батыр көшесінің бойындағы бұрынғы «Балалар әлемі» әмбебеп дүкенінің сыртында жапсырылған жарнамалық баннердің де ескіріп, желдің әсерінен жұлым-жұлым болып салбырап тұрғанына да біраз уақыт болды. Жарнаманың мәтінінде сұлулық салоны, жиһаз және пластик терезе жарнамалап жазылған. Осы тұстан күніне қаншама адам ары-бері өтіп жатыр. Осыны алдырып тастауға немесе қалпына келтіру үшін дүкен иесіне ескертуге уақытымыз болмай ма?
Аталған көшенің бойындағы бағдаршамның дәл жанында «Алға» таксидің қызметін жарнамалаған үлкен баннердің «менмұндалап» тұрғанына да бір айдай уақыт болды. Бұл бізді көптен бері толғандырды. Таксидің қызметін жарнамалаған бұл баннерді мұнда кімнің орналастырғаны туралы Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппаратына хабарласқанбыз. Ондағы мамандар: «Жарнама иесі тиісті орыннан рұқсатын алып, баннерді орналастыру үшін белгіленген сомада төлем төлеп отыр» дейді. Мейлі, солай-ақ болсын. Алайда сыртқы жарнаманың мазмұнына қарау керек емес пе? Әлде ауданның тұрғындары таксидің жарнамасына зәру ме?
Бұдан бұрын мұнда ауданның тарихына қатысты немесе аудан мақтаныштарының фотосуреттері мен өмір жолдары айшықталып жазылған баннерлер жапсырылып тұрушы еді. Бұл тиісінше, осы көшенің жолымен ары-бері қатынайтын жолаушылар мен тұрғындарға жақсы әсер беретін. Ал қазір мұндағы тақтайшада ілініп тұрған таксидің құны мен көрсететін қызметін жарнамалаған баннер кімге керек. Әлде біздің ауданда таксидің жарнамасы аз ба?
Орталықтағы базар аймағында да сапасыз әрі орыс тілінде жазылған сыртқы жарнамадан көзің сүрінеді. Атап айтсақ, «Қаракөз» мейрамханасының жанында орналасқан шаштараздың сыртына «Салон красоты» деп жазылса, оның жанында ілінген шағын плакатқа «реставрация» тағы да орыс тілінде сөздер жазылған. Баннердің жыртылып, әбден тозығы жетіпті. Мейрамханадан арырақ жүре берсеңіз «Универсам» дүкенінің алдындағы сауда орнының сыртында ілініп тұрған сыртқы жарнамалар өте сауатсыз жазылған әрі көзге әзер көрінеді. Оның жанындағы жолаушыларға қызмет көрсететін орынға да ілінген жарнама бірыңғай орыс тілінде жазылған. Ал оған қарама-қарсы орналасқан шағын бутиктегі сыра сататын орынның сыртына «Разливное пиво» деп үлкен етіп жазылыпты. Сонда бұл жерде қазақ тілінде жазуға орын жетпей қалды ма әлде бұл орынның иесі қазақ тілін өгейсінді ме?! Бұл жағы бізге белгісіз.
Құрылыс заттары сатылатын әрі тұрғындар мен жолаушылар көп жүретін көшелердің бірі ол, Б.Сафинов көшесінің бойы екені белгілі. Бұл көшеде де орыс тілінде жазылған жарнамалар самсап тұр. Көше бойындағы мына дүкеннің сыртында «Куры гриль, разливное пиво на вынос квас» деп жазылыпты. Баннердің түсі күн мен желдің әсерінен оңып кеткен. Оның жанындағы құрылыс заттары дүкеніндегі жарнама да орыс тілінде жазылған. Мысал келтіре берсек, мұндай «жағымсыз айғақтар» бұл көшеде жетіп-артылады.
Б.Сафинов көшесінен соң орталық базардың ішкі жағын аралап көрдік. Түкпірде орналасқан «Береке» кафесінің бір шетіндегі шаштараздағы жарнамадан қазақша бір де бір сөзді кездестіре алмадық. Мұндай мысалды базарға кіреберісте орын тепкен шаштараздан да байқау қиын емес. Көше бойында, дүңгіршектер мен бағандарға қағазға немесе плакаттарға жазылып ілінген жарнамаларда да әріптік қателер өріп жүр. Оған назар салып, мағынасына үңіліп жатқан бір адам жоқ. Сонда қалай? Осылай сауатсыз кете беруіміз керек пе? Сыртқы жарнаманың мазмұны мен сапасына қай орган жауапты?
Адамға өмір сүру үшін сауда-саттық жасау керек, материалдық байлық та керек әрине. Алайда тіл сауаттылығын сақтап, ана тілдің дамуына, оның қолданыс аясын кеңейтуге жанашырлық танытуға не кедергі? Осындайда Қадыр ақынның: «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» дегенін көкейімізден шығармай, жадымызда ұстасақ, тіл төңірегінде туындаған бірқатар мәселелер оңай шешілер ме еді, кім білсін…
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген қанатты сөздерінен туған тілге деген жанашырлықты аңғару қиын емес. Бұл қай салаға да қатысты. Мейлі, мемлекеттік қызметкер болсын, кәсіпкер болсын, басқа да мамандық иелері болсын, ел азаматтарының мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше болуға тиіс. Осы ретте «Мемлекеттік тіл – мәртебелі тіл» деген қағидатты мықтап ұстансақ қана көсегеміз көгермек. Тек жанашырлық керек.
Толғауы тоқсан туған тіл туралы біздің айтпағымыз осы еді. Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?! Біз қозғаған тақырыпқа алып-қосарларыңыз болса немесе сізді қазақ тілінің болашағы мен тағдыры алаңдатса редакцияға хат жолдасаңыздар болады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close