Basty bet

ҚЫЗМЕТТІК КӨЛІКТЕР – АУРУХАНА ИГІЛІГІНЕ

Аудан әкімі Н.Ергебеков аудандық аурухана жұмысын зерделеді. Аудан әкімі ағымдағы жағдайды саралап, алдағы жоспарланған жұмыстарды тыңдады. Аурухана басшылығының хабарлауынша, науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмек қоры бір жарым ай уақытқа жеткілікті. Ауруханаға айына екі мәрте тиісті дәрі-дәрмектер жеткізілуде. Аудандық ауруханада 30 провизорлық орын жасақталған. Тиісінше, оны қосымша 30 орынға ұлғайтуға мүмкіндік бар. Адам саны артқан жағдайда резервтен 200 орындық емдеу орнын жабдықтау да жоспарланған.
Аурухана оттегі баллондарымен толықтай қамтылған. Қолда бар 55 баллонның 30-ын демеушілер тарту етіп отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен аурухана палаталарына 1,5 миллион теңгеге оттегі тарату жүйесі жүргізілуде.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы аурухана басшылығына емхана жұмысын да назардан тыс қалдырмауды тапсырды. «Қызыл аймақта» емделушілерден басқа да науқастардың күнделікті ем алуына кедергі жасамау қажеттігін де еске салды.
Аудан әкімі аурухана жанынан құрылған мобильдік топтардың жұмысына тоқталды. Бүгінгі күні ауданда тоғыз мобильді топ құрылған. Олар науқастардың үй-жайларына барып, қызмет көрсетеді. Аудан басшысы Н.Ергебеков мобильді топ жұмысын ұйымдастыру үшін аудандық әкімдік бөлімдеріне тиесілі қызметтік көліктер кезекшілікпен ауруханаға пайдалануға берілгенін атап өтті.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы өз сөзінде бұл аурухана жұмысына бір реттік зерделеу емес екенін, аталған жұмыстардың күнделікті жалғасатынын баса айтты.
* * *
Жуалы ауданында коронавирус «COVID-19» пандемиясына байланысты ақпарат алу үшін медициналық кеңес беру орталықтары ашылды.
Олар: Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты «№16 Жуалы колледжі» КМҚК (Ақбастау ауылы), Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты мекемелер, атап айтқанда, №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектеп (Қарабастау ауылы), №21 Д.Пахомов атындағы орта мектеп (Қоңыртөбе ауылы), №1 мектеп-гимназиясы (Б.Момышұлы ауылы), №25 Ақтөбе тірек мектебі (Ақтөбе ауылы), №30 Көктөбе орта мектебі (Көктөбе ауылы), №33 Теріс-Ащыбұлақ бастауыш мектебі (Теріс-Ащыбұлақ ауылы).
Бүгінгі күнге жеті нысанға барлығы16 адам көмекке жүгінген.
* * *
Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-ның директоры Егор Кох аудандық орталық ауруханаға өз қаражаты есебінен 10 дана оттегі баллондарын тұрақты түрде жеткізіп беруде.
* * *
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты Талапты ауылындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп, Күреңбел ауылындағы Күреңбел орта мектебі, сонымен қатар, аудан орталығындағы №29 орта мектеп, №15 мектеп-лицейінің қасбеттерін қаптау, шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
* * *
Аптаның сәрсенбі күні аудан әкімі Н.Ергебеков аудандағы «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени орталығының жетекшісі Эсмира Мамедоваға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған «Қазақстан халқы Ассамблеясына-25 жыл!» мерекелік медалін тапсырды.
Эсмира Гашангқызы ұзақ жылдар бойы ауданның денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет етті. Бүгінгі күні «Мехрибан Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы ретінде аудандағы ұлтаралық татулықты, халықтар достығын нығайту бағытында жемісті жұмыс жасап келеді. Марапат иесі өз кезегінде әрі қарай да азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуы жолында еңбек ете беретінін жеткізіп, алғысын білдірді.
* * *
Апта ішінде аудан әкімі Н.Ергебеков аудан орталығында орналасқан дәріханалардың басшыларымен кездесті. Күн тәртібінде қаралған басты мәселе – дәрі-дәрмектің тапшылығын жою мен баға тұрақтылығы туралы болды. Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы дәріхана басшыларына індетке байланысты елімізде қалыптасып отырған осындай күрделі кезеңде пендешілікке бой алдырмай, қолдан дәрі тапшылығын туындатпауды тапсырды. Сонымен қатар, кездесу барысында дәріханалар қызметінің аудандағы мониторингтік топтардың жіті бақылауында болатынын жеткізіп, тиісті министрлік бекіткен аса қажетті 68 дәрі-дәрмек түрінің бағасын шекті бағадан өсірмеуді қатаң ескертті.

Аудан әкімінің
баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close